Америкалық Foreign Policy журналы Қазақстанның көп бағдарлы саясатына тәнті болып, оны осы өнердің асқан жүйрік дүлдүліне теңеді. Америкалық басылым: «Қазақ­стан­ның лидері бейтараптылықты нағыз өнерге айнал­дырды» деген селт ет­кізер тақырыппен шықты.
Берекелі бейтараптықтың өнегесін көрсетті
900
оқылды

Foreign Policy шолушысы, жазушы Линн О'Доннелдің (Lynne O’Donnell) пайымдауынша, қазақ елінің көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс әлемі, Қытай және Ресей арасында ешкімнің ығына жығылмай, тізгінді тең ұс­тау арқылы өз елінің «мүмкіндіктер өрісін» кеңейтті. 

Әмбеге аян бір шындық бар. Әлдебір империяның шылауында кетіп, қанжығасына байланған шағын елдердің талайының тағ­дыры аянышты болып, шежі­ресінің шынжыр тізбегі бырт-бырт үзіліп, ұлтының ғұмыры жаман аяқтал­ғанына, ұрпағынан тұтас айырылғанына тарих куә. Бүгінде, әлемде геосаяси ахуал күрт нашарлап, державалар ара­сындағы текетірес-тайталастар зор ушыққан заманда бейтарап­тылықтан бақ-береке іздеген ел­дердің ісі ұтымды болып, ұпайы түген­делуде. 

Алпауыттар айналасын шаң қылып жатқанда Қазақстан олар­дың табанының астында таптал­май, алыстан бақылап, өз елінің ауқатын, өз халқының амандығын ойлауға бел буды. Сөйтіп, аймағымыздағы елдерге ұсынылған таңдау ара­сынан қазіргі ең дұрыс жолды таңдады. 

Мысалға, былтыр Украинаға қарсы кеңау­қымды басқын­шы­лық басталғанда, алғашқы күн­дері Мәскеудің шашбауын көтеруге бой ұрған Орталық Азия республикалары өңірдің көш­басшысы Қазақстанның бұл мәселеде мызғымас берік бейтараптылықты ұстанатынын байқап, естерін жиды, етең-жеңдерін қымтады. 

Осының арқасында Азияның орталығы қанды қырғынның эпицентріне тартылудан, орны толмас қайғы-қасіреттен опыну­дан аман қалды. Әскери және басқа көмек беріп, озбырлықтың сыбайласы болудан аяқ тартты. Бұл істе бастапқы күннен батыл­дық пен табандылық танытқан Қазақстан көшбасшысы сабыр­лы­лық, сарабдал­дық пен бейбiт­шiлiк арнасынан аспайтын бе­рекелі бейтараптылықтың үлгі-өнегесін, жөн-жосығын көрсетті.

Мұның бәрі тарихшылар мен өзге зерттеу­шілердің зейін қою­ына тұрарлық тақырып, ли­дерлердің кейінгі генерация­ларына сабақ болар­лық ұлағат. 

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Үлкен ойынның» жаңа қырын ашып көрсетіп, оның кедергілер жола­ғы екенін тани алды. Осы ке­дергі­лерді еңсеру арқылы ол тағ­дыр тезінен аман өту қабілет­терін шыңдады. Қазақстан ли­дері өз елін болашақта Украина сияқты Ресейдің жаугершілікке, ирредентизмге іңкәрлігінің құрбанына айналудан қорғай алатынын дәлелдеді. Ресей орби­тасындағы Орталық Азияның ең ірі әрі бай мемлекетінің көш­басшысы бола отырып, Тоқаев прагматикалық нейтралитетті өнер дәре­жесіне дейін өрлете алды», – деп жазды Foreign Policy.

Америкалық басылым бір жайтқа назар аудартты. Өңірлік сарапшылар төл экономикасын, әсіресе, әскери өнеркәсіптік ке­ше­нін қолдауға ұмтылған Ресей мен оған қарсы 2022 жылғы ақпан­­нан бері қаптаған санкция енгізген Америка, Еуропалық Одақ арасындағы қайшылық­тарды еңсере білген Тоқаевтың қа­сиет-қабілетін жоғары баға­лады. 

Америкалық басылым сарап­шы­сының бай­ламынша, Қазақ­стан лидері бұл алпауыттардың еш­қайсысымен текетіреске түс­педі, қайта олар­дың бәрімен тіл табысу арқылы дұрыс қадам жа­са­ды: нәтижесінде, Қазақстан­ның эко­номи­касы өсу үстінде, ел өркендеу жолына түсіп жатыр. Енді барлық державалар онымен ынтымақтасуға асық әрі ықы­ласты. 

Саясаттанушы Димаш Әлжа­нов­тың айтуынша, Қазақстан әлемдік саясаттағы негізгі ойын­шы­­ларға не қажет екенін түсінеді және «барлығына бірдей жағу, сонымен бірге санкциялық қыс­паққа түсіп қалмау үшін мүмкін болғанның бәрін жасап жатыр». Сарапшының пікірінше, дамуы үшін Қазақстан халық­аралық қар­жы жүйесіне және техно­логияларға қол жеткізуі керек. Мұның сыртында республика мұ­на­йын, шикізатын, өзге өнім­дерін Батыстың бай, «майшел­пек» нарық­тарына өткізіп, мол табыс табуға мүдделі. 

Сол себепті Қазақстан бір­жақ­ты түрде Мәскеу­дің сойылын соғып кетпеді, сонысымен Батыс елдерінің көңілінен шығып, оларды өз жақтасына айналдыра алды. 

Америкалық басылым өз ау­ди­ториясына Астананың бей­тарап­тық ұстанымының басты жетістіктерін жеткізді. Астана одақтасы болса да, Ресейдің 2014 жылдан бері Қырымды және Украинаның басқа да өңірлерін қару күшімен қо­сып алуын құп­та­мады. Украинаның тер­ри­тория­лық тұтастығы мен егемен­дігін сөзсіз қолдады. Қазақстан тарапы соғыс өртіне оранған Украинаға гуманитарлық көмек көрсетті. Қазақстандық кәсіп­кер­лер бұл елде бомбалаудан қи­­раған әлеуметтік инфра­құры­лым­ды қалпына келтіруге қазір­ден көмектесіп жатыр. 

Аустралиялық жазушы Линн О'Доннелл жері құнарлы болған­дықтан, негізінен аграрлық ел саналатын Украинаға қарағанда Қазақстанның барлық қазба байлыққа, соның ішінде мұнайға аса бай екенін қаперге салды. Бұл Қ.Тоқаевтың жауапкершілік жү­гін тіптен ауырлата түседі: ықы­лым замандардан бері қаншама алпауыт осы Ұлы далаға көз тігіп, оны ен жайлаған қазақ елін жау­лап алуға құнықты. 

Бұл ақыры Қазақ хандығының құлауына, ел мен жердің отар­лануына соқтырды. Неоколо­ниализм, отарлаудың жаңа түр­лері белең алған қазіргі заманда Қазақстан көшбасшысына осы­нау ұлан-байтақ даланы иемден­ген мемлекетті сақтап қалудың, онымен шектелмей, елді дамы­тудың тарихи миссиясы жүктелді.

Халықаралық сарапшылар бұрыннан бері Орталық Азияны «Мәскеудің төл ықпал ету айма­ғы» санап келді, бұл пікірмен дауласушылар табыла бермейтін. Америкалық Foreign Policy Ук­раина­­дағы соғыс бұл сенімді сетінетті деген байлам айтты. Содан Қытай, Америка Құрама Штаттары, Еуропалық Одақ осы өңірге баса назар аудара бастады. 

Нәтижесінде, ортаазиялық елдермен бірге «С5+1» форумын биылғы мамырда – Қытай, дәл осылай аталған форматтағы сам­митін 21 қыр­күйек­те, Нью-Йорк­те – Америка, 29 қыркүйек­те, Берлинде «С5+1» саммитін – Еуроодақ көш­бас­шысы Гер­мания өткізді. 

Бұл ретте сарапшылардың тұжырымдауынша, Қазақстан ешбір алпауыттың жетегінде кетпей­тінін, басыбайлы ықпа­лында қалмай­тынын, бар­лық та­раппен ынтымақтастығын өрістетіп, олар­ды өзара тиімді серіктестікке иліктіре біле­тінін паш етті. 

Қазақстан Қытайдың «Жол мен белдеу» бастамасынан пайда тауып, инфрақұрылымын, тран­зиттік бағыттарын дамытуда. Аме­рикамен ықпалдастығы ар­қа­сында қауіпсіздігі артып, эко­номикалық қатынастары өркен жаюда. Еуро­одақпен татуластығы миллиардтаған инвестиция­лық тасқынға трансформацияланды. Сыйға сый дегендей, Қазақстан лидері Тоқаев республиканың батыстық санкцияларды бұзбай­тынына сендірді. 

Қорыта айтқанда, Батыс пен Шығыстағы алпауыттар арасын­да бақталастық өршіп тұрған шақта, Қазақстан тепе-теңдігін, сыртқы теңгерімді саясатын сақ­тап қалып, ары қарай ілерілетуде. 

Геосаяси алып державалардың бірде-бірін Қазақстан кеудеден итеріп, көкіректен теуіп, қатаң конфронтацияға килікпеді. Со­нымен бірге ешқайсысымен ми­дай араласып, олардың қате­ліктерінің жауапкершілік жүгін бөліспеді. Өмірдің өзі көрсеткен­дей, тараптардың бәрі әркіммен әріптес Қазақстанның осы ба­йыпты бейтараптылығында қалуына мүдделі болып отыр. 

Айхан ШӘРІП