Демек, алдағы жеті жыл қатарынан су тапшылығы туындай бермек. Мамандар 2000-жылдары республикадағы су ресурстары 120 текше шақырым болғанын айтады.
Суға келгенде көрші елдерге күніміз түсіп тұр. Өйткені Қазақстанның трансшекаралық өзендерге тәуелділік коэффициенті 46%-дан жоғары. Бұл –үлкен көрсеткіш. Еліміздегі үлкен өзендер Ертіс пен Іле Қытайдан, Сырдария – Өзбекстаннан, Жайық – Ресейден, Шу мен Талас қырғыз жерінен ағып келеді. Яғни, жоғарыдағы 100 текше шақырым судың жартысына жуық көлемі сырттан жиналады.
СУ – САЯСАТ ҚҰРАЛЫ
БҰҰ 2014 жылғы баяндамасында әлемде соңғы 50 жыл ішінде суға қатысты 507 жанжал тіркеліп, оның 21 әскери қақтығысқа дейін жеткені айтылыпты. Аз оқиға емес, әрине. Дегенмен тіршілік көзі үшін тоқтаусыз таластар жалғаса бермек. Әдетте Африка құрлығында, Таяу шығыстағы қос өзен Тигр мен Ефратқа қатысты егестер іргелес жатқан мемлекеттер арасында жиі туындап жатады. Себебі жер бетіндегі судың 3%-ы ғана тұщы және бұл судың 2/3 бөлігінен астамы қар мен мұздан түзіледі. Жерасты суларына келсек, барлық тұщы судың 31%-ын құрайды екен.
Су тақырыбы соңғы жылдары Орталық Азиядағы бес мемлекеттің бас ауыртар проблемасына айналды. Таулы аймақтардағы мәңгілік мұздықтардың көбесі сөгіліп, көлемі кішірейе бастағалы бұл елдердің арасына алаң кірді. Алдағы отыз жыл ішінде Сырдария мен Әмудария өзендерінен келетін судың көлемі 15%-ға азаяды. Мұндай ұрымтал сәтті қалт жібермейтін сыртқы күштер су саясатына сына қағып, алауыздық тудырар жобаларға да дем бермек болған. Десе де, дәл қазіргі уақыт ондайға ыңғай берер емес. Оның үстіне, бауырлас бес мемлекет түйткілді мәселені бірлесе шешудің тиімділігіне ден қоя бастағандай.
Қазақстан су тапшылығын дипломатиялық жолмен шешудің қамына кірісіп те кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған бірнеше Жолдауында жауырды жаба тоқымай, су проблемасын шешуді мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде белгілеп берді. Қазақстан Президенті былтырдың өзінде Орталық Азиядағы су тапшылығы тақырыбын Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV консультативтік кездесуінде (21 шілде, Шолпан-Ата), ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Президенттерінің басқосуында (16 қыркүйек, Самарқан), БҰҰ Бас Ассамблеясының 77 сессиясында (20 қыркүйек, Нью-Йорк) қозғады.
Биыл 1 қыркүйекте Президент Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Алдағы уақытта ведомство жанынан Орталық Азия елдерімен, ҚХР және РФ-мен су жөніндегі қарым-қатынас мәселелерімен айналысатын басқармалар құрылмақ.
АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ
Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісімге келді. 14 қарашада Бішкекте өткен келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру бойынша шешім қабылдады. Қазақстандық тарап су шаруашылығы нысандарының тізбесін кеңейтуді ұсынған. Бірлескен комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматыда өтпек.
Айта кетейік, Бішкекке бұл жолы министр ретінде барған Нұржан Нұржігітов осы жазда құрғақшылықтан зардап шеккен Жамбыл облысының әкімі болған. Қырғыздан келетін Талас пен Шу өзендерінде су күрт азайып, биыл облыстағы қант қызылшасы, пияз және басқа да көкөніс түрлері күйіп кетті. Өңірде табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізіліп, құрғақшылықтан келген шығын 3 млрд теңгеден асқаны айтылды. Осылайша, облыс басқарған кезде кеткен кемшілікті министр ретінде түзетудің реті келгендей. «Мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін қырғыз әріптестерімізбен бірге Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде келесі вегетациялық кезеңді дұрыс жоспарлау бойынша жұмысты алдын ала жасау өте маңызды», – деді министр Бішкектегі жиында.
Дегенмен биыл судың басында отырған айырқалпақты ағайынның өзі тапшылық көрді. 2023 жылы 9 тамыздағы жағдайға сәйкес, Таластың бойындағы «Кировск» су қоймасындағы су көлемі 32,48 млн шаршы метр құраған. Былтыр бұл көрсеткіш 177,28 млн шаршы метр болғанын ескерсек, ресурс едәуір азайғанын байқауға болады.
СЫРДАРИЯНЫҢ БОЙЫНА СУ ЖҮГІРЕДІ
Қазақстан көршілес Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттерімен де су жөнінде келісімге келді. Келісімге сай, келесі жылы 1 сәуірге дейін Шардара су қоймасына 11,1 текше шақырым су келіп түсуге тиіс. Ал «Достық» мемлекетаралық каналымен 487 млн текше метр су алмақпыз. Бұл 2024 жылы Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңде қажетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберуге мүмкіндік береді.
2 қарашада Ташкентте өткен Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 85-ші отырысында ОА елдері Сырдария мен Әмудария өзендерінен су алу лимиті көрсетілген хаттамаларға қол қойды. Келесі отырыс 2024 жылдың басында Қазақстанда өтеді. Белгілі гидротехник ғалым Нариман Қыпшақбаев Орталық Азия мемлекеттері су саясатын сырттан ешкімді араластырмай, өзара шешуге бет бұрғанынан үлкен жаңалық күтуге болатынын айтады. «Сырдария мен Әмудария – өте ертеден келе жатқан өзендер. Ежелгі тарихта бұл екі дария әйгілі қос өзен Тигр мен Эфрат өзенімен қатар айтылады. Мен ана жылы осы төрт ірі өзенге қатысты заңды тауып алдым, осыдан 550 жыл бұрын шыққан заң, 200 баптан тұрады. Демек, бұл өзендердің тіршілік үшін маңызы ертеден-ақ белгілі болған. Оның өзектілігі артпаса кеміген жоқ»,– дейді ғалым.
ЕРТІС ПЕН ІЛЕ – СУЫ ӘНЕ, МІНЕ...
Шығыстағы алып көршіміз ҚХР Қазақстан арқылы тауарын тоқтаусыз жөнелткенімен, суға келгенде сараңдық танытуда. Қытай Ертіс пен Іленің басын буып, судың мол қорын алып қалуға тырысып жатыр. Мәселен, кейбір дерек көздерінде 500 мың гектардан астам жер суару үшін ҚХР Іле өзенінің бассейнінде 40-қа жуық су қоймасын, 250-ден астам су жинау құрылысын жүргізгені айтылады. Кейінгі жылдары Іленің суы азайып, Қапшағай мен Балқашқа да әсер ете бастаған. Мамандар Балқашқа Іле өзені арқылы қажетті су келмей қалса, ол да Аралдың кебін киюі әбден мүмкін дейді. Іледен бөлек, Жетісудың өзге де ірілі-ұсақты өзендері көлге құймай қалуда. Сондықтан бұл – дабыл қағатын мәселе.
Шығыстан келетін екінші ұлы өзен – Ертіс. Оның Қазақстанға өтер тұсының өзінде, яғни ҚХР аумағында 9 шаршы шақырым су қалыптасады. Ал Қазақстанға қарай өткен соң үлкен-кішілі көздерден 20 шаршы шақырым су жиналады. Алайда Қытайда жиналатын су көлемі негізінен өз ішінде қалып қояды. «Қытайда су қоймасы мен су сақтайтын орын өте көп. Бір ғана «Қара Ертіс – Қарамай» каналы арқылы жылына 2 шаршы шақырымдай су алып отыр. Бұл – үлкен көлем. Ертістің аяғында Ресей отыр, сондықтан бұл мәселені үш мемлекеттің мүддесіне сай шешу қажет. 1992 жылы Хельсинкиде қабылданған Трансшекаралық өзен-суларды пайдалану жөніндегі конвенцияға сәйкес, әр мемлекет өз территориясынан өтетін өзен суының 50%-ға дейін пайдалануға құқылы. Біз де осы құжатқа сүйенуіміз қажет»,– дейді Нариман Қыпшақбаев
ҚХР-мен су жөніндегі қатынаста Үкімет те қарап отырған жоқ. Қазір Аққаба және Қарақаба өзендерін бұру жобасын әзірлеп жатыр. Басын таудан алып ағатын бұл асау өзендер Марқакөлдің шығысындағы шекараны бойлай ағып, Қытай жеріндегі Қара Ертіске құяды. Яғни, басы бізде, аяғы көршіде жатқан су көздері. Аталған жоба бойынша осы өзендердің суы тоннел арқылы бері бұрылмақ. Жобаның құны – 1 млрд доллар. Нәтижелі жүзеге асса, бұл да дәтке қуат. Неге десеңіз, Ертістің бойында Өскемен, Семей, Павлодар қалалары тұр. Үкіметтің Ертістен Қарағандыға су жеткізіп тұрған Сәтбаев каналы арқылы Астанаға су алатын да жоспары бар. Яғни, ауыл-аймақтағы халықты қоса алғанда, төрт миллион қазақстандық ішіп, пайдаланады.
«ЖАЙЫҚ ДЕГЕН ЖАНДЫ СУ»
Кейінгі бірнеше жыл қатарынан Жайық өзенінде де су тартылып барады. Ақжайықтың суы азайғалы Каспийдің жағасынан су қашты. Ресейден келетін бұл өзеннің де басы буылған. РФ «Ириклинск» су қоймасы арқылы Жайықтың мол суын ұстап қалып отыр. Орынбор облысындағы су қоймасына 3,3 шаршы шақырым су жиналады екен. Әдетте судың басында отырған мемлекеттер ресурсын бұлдайды. Десе де, Қазақстан соншалықты «су аяғы – құрдым» дейтіндей құрғап отырған ел емес. Біздің елдің аумағынан шығып көршіге баратын да өзен-сулар жетерлік. Мысалы, Ертіс, Есіл және Тобылдан Ресей шекарасына жыл сайын 36 шақырым текше су барады. Ал Жайықтан келетін су көлемі – 8 шақырым текше. Парламент Мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов қазір Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосу, кеме жүретін су жолдарында тереңдету жұмыстарын жүргізу сынды өзіміздің қолда тұрған мәселелер шешімін таппай отыр. «Біз Жайық өзеніне қатысты Үкімет шеше алатын мәселелерді бірнеше мәрте көтердік. Бүгінде өзеннің сағасы бітеліп қалғандықтан, балық шаруашылығы субъектілері қиындықтарға тап болуда. Оны тазалап, аршуды шешуге болады ғой. Сонымен қатар Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің қатарына қосу қажет, өйткені ол қоршаған орта мен өңір экономикасына басым әсер етеді», – дейді депутат.
Сырттан келетін су мәселесі шешілгенімен, ел ішіндегі жүйелі проблемалар да жетерлік. Ол – суды үнемсіз пайдаланып, ысырап қылу. Президент биылғы Жолдауында «Суды үнемдейтін технологияларды енгізу процесі өте баяу жүріп жатқанын айтып сынады. Қазіргі сәтте Су ресурстары және ирригация министрлігі Түркістан және Қызылорда облыстарында Сырдария өзеніндегі суды есепке алу жүйелерін автоматтандыру жоспарын әзірлеп жатыр. Кейін ақпараттық ситуациялық орталық базасында бірыңғай диспетчерлік пункт жасақталмақ. Биыл 41 гидротехникалық құрылыс реконструкциядан өтті. Шардара су қоймасында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. «Аталған іс-шаралар еліміздің су ресурстарын үнемдеп, тиімді басқару жұмыстарының бастамасы ғана», – деп атап көрсеткен министрлік мәлімдемесінде.
Бауыржан БАЗАР