«Жүгері жыры» тағы да қайталанды

Жетісудағы төл дақылдардың бірі – жүгері. Әсіресе, Жаркент өңірін облыстағы, одан әрі республикадағы «дала аруының» кіші отаны деуге болады. Заманында екі мәрте Еңбек ері атанған Николай Головацкийдің кеудесіне қос «Алтын жұлдыздың» осы жүгерінің арқасында тағылғанын да жергілікті жұрт жақсы біледі.

Осы саланың жілігін шағып, майын ішкендердің кейбіреуі ол кездері көрсеткіш қуамыз деп жүріп, аймақтағы небір құнарлы жердің обалына қалдық, тыңайтқыштармен әбден уланды дегенді де айтады. Қалай болса да, жүгері – әлі күнге тұтас облыстағы, ал Жаркент өңіріндегі басты әрі пайдалы дақылдардың бірі. Облыстағы дәнді масақты дақылдардан кейінгі орындардың бірін осы «дала аруы» алатын болса, қант қызылшасы да егістіктегі еселі еңбекке елеулі үлес қосады. Бір өкініштісі, ерте көктемде өткен жылдардағы сәтсіздіктерден секемденіп, алдағы күзге күмәндана қараса да, жақсылықтан үміттенетін және осы саланың басы-қасында жүргендердің жаудыратын уәделеріне кезекті рет малданатын дихандар: жүгерішілер мен қызылшашылар жыл сайын күзде өнім өткізерде көлденеңдейтін түрлі түсінбестік пен кедергі кесірінен таусылып бітпес дау-дамайға тап болады. Алты ай бойы төккен тері өтеуінің жартымсыз болып қалатынына қынжылады. Берілген уәделердің сиырқұймышақтанып кетуі, қолдаудың құр сөз екендігін айтып, дабыл қағады. 

Бір қуанарлығы, биыл өңірдегі бір­не­ше ауданның ырыздығына айналып отырған қант қызылшасына қатысты еш­­қандай шектен шыққан жағдай тірке­ле қойған жоқ. Азды-көпті түсін­бестіктер түйіні де ретімен шешілгендей болды. Оның есесіне «жүгерінің кіші отаны» болып саналатын Жаркент айма­ғының жүгерішілері ала жаздай төккен табан ет, маңдай терінің арқа­­­сында жиналып, ал­ты ай қысқа азықты қамдау­ға себі тиеді деп отырған алтын дәннің бағасы тым төмендеп кеткеніне алаңдау­лы. Әзір­ге өсімдік шаруашы­­лығының барлық саласы бойынша берекелі болып тұрған биылғы күздің күрмеуі келіспей тұрған тұсы да осы жүгеріге қатысты. Көктемгі ауа райы­ның қолайсыздығына байла­нысты егін жайырақ егіліп, соған сай орақ мерзімі де біраз кешікті. Өзін ақ­­тайтыны және ақтамайтыны бар түрлі себеп салдары­нан молынан жиналған жүгеріні өткізу ісі тым күрделеніп кетті. Күз күшіне еніп, қыс жақындағанда ауа райы да күніне қырық құбылып, жауын-ша­шын жиілеп, қызуы мол күндер де азая­ды. Қырмандағы тау-тау болып жат­қан баданадай-баданадай дәнді кептіру оңай болмай тұр. Жаркенттегі зауыт ылғал өнімнің бағасын әдеттегі­ден көп арзанға алады. Оның үстіне биылғы баға былтырғыдан көп төмен, келісі 80 теңге­ден аспай тұр. Егер ал­тын дәннің сатып алу құны осы қал­пын­да қалса, жар­кент­тік жүгерішілер кірісті қойып, осы қыр­уар өнімді өсі­руге жұмсалған шығынды да жаба алмайды. 

Жоғарыда айтқанымыздай, биыл егін, оның ішінде жүгері кеш пісті. Қа­зан­­да орақ басталғанда, барлық шаруа­шы­лық жаппай кіріспек еді, аудандағы техника тапшылығы қолбай­лау болды. Шаруаларға ұзынсонар кезекке тұруға тура келді. Оны айтасыз, алғашқы орақ­­тан соң қырманға толған сары ал­­тын­дай дән үймектерін өткізуге кел­ген­де, баға­ның тым арзандығы алға басқан қадамды кері итерді. Қыраулы қараша келгелі де біраз болды. Бағаға қатысты мәселенің түйіні әлі тарқаған жоқ. 

«Жүгері піскенде жаппай жинауға техника таппай қиналдық. Күн райы құбылып, қырмандағы дәнді дұрыс кеп­тіре алмай әуреге түстік. Көбіміз же­р­­­ді жал­ға алып еккендіктен, қо­лымыз­­­­да еш­­қандай техника жоқ. Ірі қожалықтарда арнайы кептіретін құрылғы болады, оны алу да қосымша шығынды қажет етеді. Осылардың үстіне биылғы бағаның тө­мен­­дігі қосылып, әбден сансыратты. Көк­темнен бері жұмсаған қаржыны ақ­тай алмаймыз-ау деп уайымдап отыр­­мыз. Былтыр баға жақсы болып еді, биыл бәрі қымбаттағанда, жүгерінікі ар­зандап кет­кені түсініксіз», – дейді жер­гілікті тұр­ғын Халел Әлімұлы. 

Ауданнан алынған мәлімет бойын­­ша, науқандық жұмысқа жалпы 90-ға жуық жүгері оратын комбайн қатысуда. Алайда осылардың жартысына жуығы ғана алқаптан дәнді бірден уатып жи­­найтын әмбебап комбайн да, қалғаны бұрыннан қалған ескі техника. Соны­мен бірге 600-ден астам трактор, мың­­нан астам тіркеме пайдаланылуда. Егін­шілер техниканы біртіндеп жаңар­тып жатқа­­нымен, биыл 925,2 млн теңгеге сатып алынған 62 тех­ни­­ка жыр­тыққа жамау бола алар емес. Соның кесірінен техника кезегін апталап кү­туге тура келеді. 

Кезінде жаркенттіктер күзде жина­ған жүгеріні алысқа арбаламай, іргеде тұрған кәсіпорынға өткізетін болды деп, уралап жүріп ашылған «Крахмал-сірне» зауыты жыл сайын бір жаңалық шыға­рады. Биыл уатылған дәнді 15 па­йыз ылғалды­лықпен 80 теңгеден алмақ. Ал ылғалды­лық жоғарылаған сайын ба­ға да төмендей бермек. Былтыр баға 120 теңге болған еді. Соның өзінде шығындарын ақтама­­ған­­дықтан, кейбір шаруалар өнімдерін көктемде сатпақ­­шы болып, қоймаларда сақтағанмен тұ­тынушы таппай бармақ тістеп қалған еді. Биылғы жағдай одан да сорақы болатын сияқты. Шаруа әр тоннаны 80 мыңға өткізгеннің өзінде егін егіп, өсіруге жұмсаған шы­ғынын жа­ба ал­май­­­ды. Сондықтан егіншілер қазір со­бықты жүгері өнімінің килосын 50-60 тең­геден қырмандардан сатуға кі­­ріс­­кен. Бағаның төмендеуіне қатысты түрлі сылтау айтылғанымен, мұның түп-төр­­кінінде Ресейден біздің елге би­дай мен жүгерінің көптеп кір­гізіліп жатқа­­­нын­да сияқты. Кеше ғана аудан­мен хабарлас­тық, баға сол 80 мыңнан өзгер­меген. Ал собықты жүгерінікі тоннасына 40 мың теңгеге дейін түсіп кетіпті. Шаруалар бағада өзгеріс болып қалар деп, орақты әлі саябырсытып отырған көрінеді. Өйткені орған өнімді қырманда сақтап, кептіру де қаржыны қажет етеді және оны одан соң өткізу де оңай емес. 

Дегенмен аудандағы әлеуеті мықты үлкен қожалықтардың жағдайы жаман емес. Өйткені олардың техникасы сай­лы, қоржыны майлы. Соның арқа­­сында озық технологияларды пайда­ланады. Ауа райының құбылмалығынан да қо­­­рық­­­пайды. Сондай көңілі тоқ шаруашы­­лықтардың бірі «Айгерім» шаруа қожа­­­лығы егіс алқабына тамшы­латып суару технологиясын енгізудің нәтижесінде, жүгерінің өнімділігін екі есе арттырған. Тіпті, екі жылдың ішінде 156 гектар жер­ге ылғал сақтау техноло­гиясын енгізіп, оған жалпы сомасы 270 млн теңге ин­­вестиция құй­ған. Бұған дейін жү­­­­ге­рінің әр гек­тары­нан 70 цент­нерден өнім жинаса, там­шы­­­­латып суаруды қолдану­дың нә­­­­­­ти­­­же­сінде, әр гектарына 150 цент­­­­нерге дейін өнім алып отыр. Сон­дықтан мұртын балта шаппайды. 

 «Шаруашылықта мал азығына жә­не тұқымға арналған жүгері түрлерін, сол сияқты попкорн жүгерісін өсіреміз. Жүге­рі өсіруде ылғалды сақтау техно­логиясын енгізудің маңызы зор. Осы ретте 2022 жылы алдымен 55 гектарға тамшылатып суару жүйесін енгізіп, әр гектарынан 150 центнерге дейін өнім жинадық. Биыл тағы 101 гектарға осын­­­­­дай құрылғылар қойдық. Бұл ретте су үнемдеу технологиясын орна­туға жұм­­салған шығынның бір бөлігі мем­­лекет­тен субсидияланатыны едәуір кө­мек. Қазір күзгі жиын-терім науқаны қызу жүріп жатыр. Өнімділік былтырғы шама­­­­да болады деп жоспарлап отыр­мыз», – дейді шаруа қожалығының басшысы Ұлан Сарпеков.

Қалай болғанда да, Жаркент өңі­­рінде жүгеріні кептіру, сақтау және өт­кізу мә­се­­лесі жылдар бойы өзекті болып келеді. Бұдан бірнеше жыл бұ­рын жағдай тым шектен шығып, асқы­­нып кеткенде, сол кездегі облыс басшы­­­лы­ғының қол­­­дауы­мен шаруа­лар­­­­­­­­­дың өтінішіне орай Пен­жім ауы­лында жүгеріге арнал­­­­ған 2 қыр­­­­­ман салынған. Екеуі де жұмыс істеп тұр. Бірінші қырманда бір ауы­­­сымда 1 200 тон­­­на, ал екінші қырманда бір ауы­сым­да 1 500 тонна дән кептіріледі. Сол сияқты «Оразбаев Б.З.» шаруа қо­жалығы өткен жылы тәулігіне 800 тон­на дән кептіретін, сыйымды­­­лығы 10 мың тон­­на­лық жүгері кептіру және сақтау зауы­тын іске қосқан. Бұл қоймада 2022 жылы 5 мың тоннаға жуық жүгері дәні сақтал­ған. Биыл да жұмыс қарқыны одан кем болмайды деп отыр. 

Аудан әкімі Марат Сағынбектің ай­туынша, ауданда 4 мыңға жуық шаруа­шылық жүгері өсіреді және өнімдерін негізінен Жаркент крахмал-сірне зауы­тына тапсырады. «Әлемдік нарықтағы бағаларға сәйкес бүгінгі күні жүгерінің келісі ылғалдылық деңгейіне қарай 70-80 теңгенің арасында бағалана­ды. Бұл өт­кен жылғы құнынан едәуір төмен. Сондықтан біз қазір жүгеріні белгілі бір көлемде Қытай нарығына да лайықты бағада өткізу туралы келісімдер жасау­ды ойластырудамыз», – деген аудан жүгері өсірушілерге зауытқа өткізген өнімінің әр тоннасына 6 мың теңгеден субсидия берілетінін де атап айтып кетті. 

Биыл Жетісу облысы бойынша 56,99 мың гектарға жүгері себілген. Мұн­дағы Панфилов ауданының үлесі – 47 пайызды немесе 26,7 мың гектарды құрайды. Әзірге жетісулық шаруалар осы көлемнің 46,6 мың гектарын неме­се 81,7 пайызын жинап алған. Жаркент­­тік­тер 19,973 мың гектарын немесе 74,8 па­йзын орып алыпты. Облыс кө­ле­­­мін­де жүгерінің орташа түсімі 64,2 центнер болса, Панфилов ау­данын­­­да 65,8 цент­нерден айналып отыр. Аудан бойынша 180 мың тонна жүгері жиналады деген болжам бар. Ен­дігі мақсат – мол өнімді дұрыстап ұқсату және шаруалар мен қайта өңдеу­шілер арасындағы түсінбес­тіктің түйі­нін тарқату. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы