Жыл басынан бері Атырауда 24 мал ұрлығы қылмысы тіркеліп, оның 12-сі ашылған.
Атырауда мал ұрлығымен айналысқан 9 күдікті қамауға алынды
1,558
оқылды

Ашылған 12 қылмысқа қатысты 9 күдікті тұлға уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Абай Жұмабаев мәлім етті. 

– Қазір  мал ұрлығы қылмысы – ауылдық жерлердегі негізгі өзекті мәселелердің бірі. 2021 жылдың басында жалпы ұрлық қылмыстарының алдын алу мақсатында облыс аумағындағы криминогендік жағдай мен өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі  шаралар» жоспары жасақталды. Бұл жоспар департамент бастығымен бекітіліп, облыс әкімімен келісілген болатын, – деді А.Жұмабаев. 

Бекітілген бағдарлама жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мал ұрлығының профилактикасына және ашуға бағытталған бірқатар шара  қабылданған. Осыған байланысты мал ұрлығына қарсы бірлескен іс-қимыл шараларын талқылау бойынша ветеринария өкілдерінің қатысуымен өткізген жұмыс кездесуінде меморандум жасақталған.   

– Осы меморандумға сәйкес, арнайы жұмыс тобы құрылып, олармен облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарларына сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, облыс бойынша барлығы – 1 млн 114 мың 375 бас мал тіркелген. Оның ішінде ірі қара малы – 252   895,  қой-ешкі – 689  623, жылқы – 130   357, түйе   41  500-ді құрап отыр, – деді маман.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА