Қазақстандағы әйелдер жұмыста зорлық-зомбылық пен қудалауға жиі тап болады.
Сенатор Дархан Қыдырәлі әйелдерді харассменттен қорғауды күшейтуді талап етті
1,657
оқылды

Сенатор Дархан Қыдырәлі өзінің депутаттық сауалында елімізде Еңбек министрлігімен бірлесіп жүргізілген БҰҰ зерттеуінің нәтижелерін жария етті.

Депутаттың айтуынша, харассментке ұшыраған әйелдердің 57,6%-ы бұл фактілер бірнеше рет болғанын атап өтті. Бұл жағдайда харассмент  физикалық ғана емес, сонымен бірге адамға менталды немесе эмоциялық қысым жасалғанын ескеру қажет.  Сенатор айтқан тағы бір мәселе – елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы. Сондықтан әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі заңнаманы күшейту маңызды қадам болып саналады.

Сенатор сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымы №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» конвенцияны әзірлегенін атап өтті. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялады. Депутаттың пікірінше, Қазақстанның осы құжатқа қосылғаны отбасы және гендерлік саладағы маңызды қадамдардың бірі болады.

«Қазақстан заңнамаларында, атап айтқанда Қылмыстық, Еңбек, Әкімшілік кодекстерде жұмыс орнындағы харассмент немесе зорлық ұғымдарын енгізу, мұндай заңбұзушылықтарға қарсы тиісті жазаны белгілеу қай деңгейде жүргізілуде? Еліміз халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» конвенциясына қашан қосылады? Жалпы, харассментке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді  шаралар жоспары бар ма?», – деді  сенатор Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында.

Фото: baq.kz