«Қазақ малын жасырады. Жасырмайтыны кемде-кем». Бұл – 1916 жылғы санаққа қатысты сөз. Авторы – көрнекті қайраткер, ақын Сәкен Сейфуллин. 2025 жылы елімізде ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтетіні белгілі болды.
Санақ сапаны анықтай ма?
761
оқылды

Алдағы санақ бар мен жоқтың арасын нақты ашып көрсете ала ма? Оған дайындық қаншалықты пысықталып жатыр? 

Расында, қазақ малының нақты есебін неге жасырады? Бұл мәжбүрлік пе, әлде әдет пе? Жоғарыдағы сөз Сәкен Сейфул­линнің «Тар жол, тайғақ кешу» романынан алынып отыр. Ақын 1916 жылы мамыр айында Омбының мұғалімдер семинария­сын бітіріп Ақмола уезіне келген соң қазақ даласында жүргізіліп жатқан ауыл шаруашылығы санағына қызметке кіреді. «Біз бес кісіміз. Аралап есебін алатын еліміз – он екі болыс ел», – деп жазады автор романда.  Бұл – қазақтың патшаға қараған тұсындағы жасалған есеп-қисап.

Бірінші бүкілресейлік ауыл шаруа­шылығы санағы 1916 жылы мамыр-тамыз айлары аралығында өткізіліп, 77 губерния мен облысты қамтығаны белгілі. Алайда ол санақ І дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде жасалғандықтан, нәтижесі де мардымсыз болды. Әскер жұмысына қазақтан адам алу туралы патша жарлығы шығып, ел ішінде дүрбелең туып тұрған­дықтан, есепшілер болыс пен старшындар дайындап берген есепті жинастырып қайтады. 

Он алтыншы жылы халықтың үкіметтен мал-мүлкін  жасыруының жайы түсінікті. Ол кез отар елдің бойын үрей мен күдік қатар билеп тұрған уақыт.  Одан кейінгі уақыттарда арылмай келе жатқан «фобиялардың» мәнісі неде? Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәменовтің пікірінше, меншік дүниені көзден таса ұстау кеңестік кезеңде тіптен қатты белең алды. «Ол кезде саясаттың өзі артық мал ұстатпайтын болғандықтан, адамдардың санасына сол психология әбден сіңірілді. Дегенмен ол кезде де «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деп есебін тауып, аздап мал ұстағандар болды. Ал жаппай атакәсіппен айналысуға мүмкіндік берілмеді. Төрт түліктің бәрі мемлекет меншігінде болды. Қазіргідей нарық заманында іріктеліп шыққан іскер жандардай емес, ол кезде мал бағуға икемі, ебі жоқ адамдар да малдың соңында жүретін», – дейді ғалым. 

Қош, сонымен ауылдағы мал-мүліктің үлкен санағы 2025 жылы өтпек. Оған дейін келесі жылы тамыз айында барлық өңірде пилоттық зерттеу жүзеге асырылады. Қазіргі сәтте Үкіметке қарасты ведом­стволар ауыл шаруашылығы санағын жүргізу жөніндегі Жол картасын әзірлеуге кірісіп кетті. Биыл 13 маусымда өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20%-ға алшақтық барын айтқан. «Дәл осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығы санағы жүргізілуі керек», – деп атап өтті Премьер. 

Айта кетейік, екі жылдан кейін өткелі тұрған шара  еліміз егемендік алғаннан бергі уақыт ішіндегі екінші санақ.  Алғашқы ұлттық санақ 2006-2007 жылдары жүргізіл­ген болатын. Ол екі кезеңді қамтыды: 2006 жылы 10 тамыз-4 қыркүйек аралығын­да өсімдік шаруашылығы, 2007 жылы 14 қаңтар-8 ақпан аралығында мал шаруа­шылығының есебі алынды.

 Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бю­росы берген мәліметке сүйенсек, санаққа 2,5 мың ауылдық және кенттік округтер, 7,5 мың елді мекен, 9 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 194 мың шаруа қожалығы, 2,2 млн үй шаруашылығы және 560 саяжай учаскесі кірген. Нәтижесінде, республикада 5,7 млн бастың үстінде сиыр, 12,9 млн қой-ешкі, 1,3 млн шошқа, 1,2 млн жылқы, 140 мың түйе және 28,3 мың құс түрі тір­­келгені анықталыпты. Бір қызығы, меншік дүниесінің есебін жасыру 2006-2007 жылдарда да  болған екен. «Әрине, ол кезде кей азаматтар сұрауға қатысудан бас тартты, есік ашпаған жайттар, тіркелмеген саяжайлар бойынша қиындықтар болды. Жауап беру барысында мал санын, жер көлемін аз етіп көрсету сияқты жағдайлар болды. Десе де, халықаралық тәжірибеге сәйкес санаққа қатыспағандардың үлесі бойынша рұқсат етілген меже бар, біз сол көрсеткіш шегінде болдық», – дейді Ұлттық статистика бюросы Санақтар статистикасы басқармасының басшысы Жанар Ахметова.  Мамандар санақ барысында  әкімшілік дереккөз бен салалық ауыл шаруашылығы тіркеліміне қосылмаған өндірушілерді анықтаған.  

«Тәуелсіздік кезеңіндегі бұқараның бүгіп қалу, жасырып қалу әдетінен арылмай отыруына Үкіметтің жүргізіп отырған саясатының да кемшін тұстары әсер етеді», – дейді экономист Атамұрат Шәменов. «Кейінгі жылдары халықтың табысын есептеуде Үкіметтің «кабинетте отырып шығарған шешімдері» де кері әсер етті. Тұрғындардың қорасында қанша тауығы, қанша жұмыртқасы бар деп есеп жүргізуі келеңсіз жағдай­ларға жол ашып, халықтың психо­логия­сына әсер етті. Атаулы әлеуметтік кө­мекті есептеуде де кемшілік бар. Министр­лер өңірлерге барғанда нө­керін ертіп шұбырып жүр­мей, нақты мәселе не, проб­леманың түбірі қайда, соны шешумен айналысуы керек, – дейді ол.  

Жалпы, әрбір мемлекет ауыл шаруашылығы санағын әр он жыл сайын өткізіп тұруға тиіс. Бұл – БҰҰ бекіткен қағида. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Қазақстандағы өкілдігі санақ ауыл шаруашылығы саласын жіті түсінудің әрі оны тиімді басқарудың маңызды құралы деген пікірде. «Ауылшаруашылық саласының құрылымдық аспектілері он жыл көлемінде айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоймайтындықтан, санақтың әр он жыл сайын жүргізілуі орынды. Санақ ауылшаруашылық саласындағы мемлекет саясатын жүзеге асыру үшін, сон­дай-ақ әдеттегі статистикалық мақ­саттардан басқа, ғылыми-зерттеу, кәсіпкер­лікті дамыту және басқа да жұмыстар үшін статистикалық ақпараттың бірегей көзі», – делінген өкілдік жауабында.   

Алдағы санақта жаңа технологияның мүмкіндігі кеңінен қолданылмақ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге санаққа онлайн түрде қатысу ұсынылатын болады. «Кейін интернет арқылы дерек толтырмағандарға интервьюерлер барып, мәліметтерді планшетке жазып алады. Өткен санақта қолданған қағаз жүзіндегі санақ парақтарын электронды нұсқаға ауыстыру арқылы халыққа санақ парақтарын өздігінше онлайн түрде толтыруға мүмкіндік беріледі. Санақ персоналдарын да оқыту көзделіп отыр», – дейді Жанар Ахметова.

Дегенмен санақ жұмысын әлі де ашық етіп, әдістемесін жетілдіру қажет дейтіндер де бар. «Санақ жария түрде өтуі керек. Оған қанша қаражат жұмсалады? Халық бәрін біліп отыруы қажет. Өткен санақтың методикасын қарап шықтым. Шикі тұсы көп. Ресми деректерде айтылып жүрген мал шаруашылығы,  егістік алқаптар туралы мәліметтер шындыққа жанаспайды. Көбі бұрынғы ескі «қағаз жүзіндегі» мәліметтер. Мен тіпті қанша жерге астық егетінімізге  де күмәнмен қараймын. Алдағы санақ осындай теріс деректерді оңдамаса, ауылға бөлінетін қаржының да есебін толық білмей отырамыз», – дейді Атамұрат Шәменов.

Қазақстандағы FAO-ның өкілдігі санақ барысында кеткен қатемен жұмыс істеудің бірнеше әдіс-тәсілі барын ескертеді. Тиімділікті арттырып,  деректер сапасын жақсарту үшін географиялық ақпараттық жүйелер (GIS) және GPS сияқты озық технологияларды пайдалану қажет. Бұл санақтың толық қамтымау және жауап беру қателерін азайтады. Сондай-ақ санақ әдістемесін үнемі жаңартып отыру – санақ барысында туындайтын мәселелерді шешу және нәтижелердің сенімділігін арттыру ету үшін маңызды.

 Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы да ал­ғаш­қы ауыл шаруашылығы санағындай емес, қазір көптеген дерек цифрландырылып, ақпараттық базаларға енгізілгенін айтып, сен­діру­де. Санақтар статистикасы басқарма­сының басшысы Жанар Ахметованың айтуынша, осы жолы мәліметтердің дәйект­ілігін тексеру бойынша үлкен мүмкіндік бар. «Бұрынғы­дай емес, өңірлерде интернеттің кеңінен тарауы, онлайн ақпарат құралдары санаққа қатысты үгіт-насихат жүргізуге септігін тигізе­ді. Санақ нәтижесінде ауыл шаруашылығы саясатының нығайып, жоспарлардың нақтылана түсетінін қазір де көпшілік түсінеді деп ойлаймыз, сондықтан алдағы санақтан жақсы нәтиже күтеміз», – дейді ол.  

Бауыржан БАЗАР