Әзірге кейбір адамдардың оспадар қылығынан қандай табиғи, тарихи-мәдени жәдігерлердің бүлінгенін толық білмейміз. Ал вандализм дегеннің өзі жабайылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі екенін көзі ашық жандардың бәрі мойындайды.
Жуырда «AMANAT» партиясының Jastar ruhy жастар қанаты вандализмнен зардап шеккен нысандарды тазалап, қалпына келтіру бағытында акция бастаған. Алғашқы нәтижелер де жаман емес. Ең бастысы, жастар осынау өзекті мәселеге қоғамның назарын аудара білді. Белсенді азаматтар вандализмге қарсы петиция жарияласа, депутаттар Үкіметке сауал жолдады. Жыл басында вандализмге қарсы заң күшейтіліп, Қылмыстық кодекстегі тиісті бапқа өзгерістер енгізілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені бірнеше мәрте айтты. Биылғы Жолдауында «Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген арандатушылық әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Өкінішке қарай, құқық қорғау мекемелері және аймақ басшылары осы жұмысты дұрыс атқармай отыр. Басқа сөзбен айтқанда, заң үстемдігін қамтамасыз етпейді. Соның салдарынан қоғамымызда ұдайы келеңсіз оқиғалар болып жатады. Мысалы, даладағы, көшедегі вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжал еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіретін болды», – деген еді.
Вандализм – жабайылықтың белгісі
Негізі, «варвар» пен «вандал» атаулары ертеде Римді қиратқан көшпенді тайпаларға қарата айтылған деседі. Ежелгі гректер мен римдіктер өздеріне таныс емес қауымды «варвар» деп атаған. «Жатжерлік» деген латын сөзінен шыққанымен, «жабайы» дейтін мәні болыпты. Ал «вандал» атауы 455 жылы Римді қиратып, тонап кеткен герман тайпаларына байланысты қалыптасқан. Тарихта вандал королі Гейзерихтің вандал және алан тайпаларының мемлекетін құрғаны айтылады. Римді тонаған да сол Гейзерих еді. Ал термин ретінде «вандализмді» француз революциясының қайраткері Анри Грегуар енгізді. 1798 жылы бұл ұғым «Француз академиялық сөздігіне» кіргізілді.
Бүгінде қылмыстың осынау түріне әр елде берілетін баға әртүрлі. Вандализм ретінде қандай әрекеттерді атауға болатыны да сан қилы. Әдетте вандализм деп мемлекеттік немесе жеке мүлікті бүлдіру мен қиратуды атайды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 294-бабында «Вандализм, яғни мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, табиғи объектiлерді жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа қиянат жасайтын өзге де әрекеттермен қорлау 50-ден 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады», – деп көрсетілген. Демек, айыппұл мөлшері 172 мың мен 552 мың теңге арасында деген сөз.
Егер сөздің ашығын айтар болсақ, Қазақстан заңнамасы әлі де болса «жуас». Вандализмге қатысты жаза биыл қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарына қол қойған соң ғана біршама күшейді. Соның өзінде вандалдарды ұзақ мерізімге түрмеге қамамаймыз. Әрі кетсе 40 тәулік қана ұстаймыз. Ал Ұлыбританияда вандализм үшін бұрын 2500-5000 фунтқа дейін айыппұл салынатын. Кейін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Францияда вандалдарға салынатын айыппұл 1 500 еуродан басталады да, екі жылға дейін түрмеге қамау қарастырылады. Сөйте тұра, 250 мың еуроға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Яғни, өзге жұрт вандализмнің зардабы ауыр екенін жасқы түсінген сыңайлы.
Егер «вандализм» ұғымына не кіретінін сараласақ, Ұлыбританияда қоқысты тиісті орынға тастамау да вандализм саналады. Канадада бұл ұғымға адамның жеке мүлікті әдейі бүлдіруі немесе жоюы кіреді. Француздар түрлі нысанға рұқсатсыз сурет салу, белгілер соғу мен сөз жазуды да вандализм деп есептейді. Экологиялық вандализм дейтін ұғым тағы бар. Мәдениеттанушы Серік Ерғали вандализмді «мәдени-психологиялық лаңкестік» деп бағалайтынын айтады. Әрине, бірден бұлай кесіп-пішіп үкім шығаруға болмас. Дегенмен қоғамдағы осынау жағымсыз құбылыстың зардабы аз емес екені рас. Біздің пайымдауымызша, вандализмнің бірінші кезекте тарихи-мәдени, рухани зардабы болса, екіншіден, қаржылық шығындары да аз емес. Айталық, стадиондардағы орындықтарды, көшедегі аялдамаларды бүлдіру сияқты тәртіпсіздіктер мемлекеттің қазынасын ортайтатыны сөзсіз. Сонымен қатар вандализм қатаң жазаланбаса, қоғамдағы тәртіп те әлсірейді. Мұның соңы өздерін жазаланбайтындай сезінетін азаматтар қатарын арттырып, қылмыстың өршуіне де ықпал етуі мүмкін. Яғни, дүние-мүлікті қиратуға бағытталған тәртіпсіздіктің жанама әсері де бар деген сөз.
Еріккенің ісі ме, әлде?...
Өкінішке қарай, вандализм – Қазақстанда жиі көрініс беретін құбылыс. Зираттарды қирату, табиғатты бүлдіру, ескерткіштерге жазу жазып кету, сурет салу сияқты талай оқиға болып жатады. Бірақ оған қоғамның назар аударуы сирек еді. Айталық, 2021 жылы Семей қаласындағы зиратта қоғам қайраткері, ҚазКСР гимнінің авторы, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың құлпытасын белгісіз біреулер қиратып кеткен. Әрі бұл оқиға жалғыз дерек емес, Қайым Мұхамедхановтың ескерткішін қорлаудың төртінші оқиғасы еді. Одан бөлек, композитор Ғазиза Жұмбанованың, режиссер, «Халық қаһарманы» Әзербайжан Мәмбетовтың зираттарына қойылған құлпытастар қиратылған. Бұл да қайраткерлердің зиратына қатысты болған бірінші оқиға емес. 2016 жылы белгісіз біреулер осы зираттағы ескерткішті ұрлап кеткен. Ал биыл олардың 3 жаста көз жұмған баласы Ахан Мәмбетов-Жұбановтың зиратына қойылған құлынның мүсіні ұрланған.
2015 жылы Семейде ардагерлер жерленген зиратты вандалдар қиратқан. Ал соғыс ардагерлері жерленген зират 40 жыл бұрын жабылған еді. Сол жылы Қостанай облысында 24 жастағы азамат Заречный елді мекеніндегі мүсінді қиратқан. Ол, тіпті мүсінді кесу үшін арнайы жабдықтарын да ала келіпті.
Әрине, бұл оқиғаларда вандализммен қатар ұрлық белгілері де бар. Қаскөйлер зираттардағы түрлі металдарды өткізіп, пайда табуды көздеген болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ересектердің ісі. Сол ересек азаматтар табиғатты да бүлдіріп жатады. Мәселен, 2020 жылы Ақмола облысындағы Көбейтұз көліне джиппен кіріп кеткен жүргізуші ұсталған. Әрине, балшықты көлде тұрған не бар дерсіз, бірақ ол экологиялық вандализм болып саналар еді. Бірақ Ақмола облысының полицейлері жүргізушіні «жалпы, су пайдалану ережелерін бұзу» және «жалпы, аумақты ластау» дейтін баптар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты да, 13 890 теңге ғана айыппұл салды. Ал Римде көлге көлікпен кірмек түгілі қаладағы субұрқақтарға да шомылуға болмайды. Жазасы жеңіл емес. Бірден 450 еуро айып арқалайсыз. Қазақтың 225 мың теңгесі деген сөз бұл.
Биыл жазда Маңғыстау облысындағы Ыбықты сайдағы тасқа балғамен жазу жазған Манас Көшербаев деген азаматтың әрекетті жұртты шулатқан. Оның әрекетін де вандализм деуге болады. Одан бөлек, қалаларда лифтілерді қирататындар, саябақтағы орындықтарды бүлдіретіндер де кездеседі. «Тәртіп бұзу» ретінде бағалағанмен, бәрі де вандализмнің белгісі.
Балалар вандал болса не істейсің?
Айтпақшы, медиада, кейбір зерттеу еңбектерінде «балалар вандализмі» дейтін термин кездеседі. Яғни, вандализмге құмар адамдардың арасында балалар да бар. Біздің пайымдауымызша, оң-солын танымайтын, ерігуі, желігуі көп жасөспірімдердің арасында вандализм құблыстарының көрініс беруі жақсы емес. Бұл жағдай тәрбие мәселесіндегі олқылықтарымыздың тағы бір пердесін ашады. Демек вандализммен күресте отбасы, мектеп және қоғам үштігінің тізе қосқаны керек. Әйтпесе, кейін ірі тарихи ескерткіштерді бүлдіріп, пайда табу үшін көне қорымдарды қазатын, заң үстемдігін мойындамайтын буын өсіп шығады деген сөз. Сөзіміз дәйексіз болмасын, балалар вандализмінің бірнеше мысалын келтірелік. Мәселен, 2020 жылы Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушылары зираттағы ескерткіштерді қиратып, құлпытастардың үстіне бояу төккен. Олар 12 зират пен қоршауды зақымдапты.
2021 жылы Өскеменде 9 және 11 жастағы екі баланың Даңқ мемориалында жазылған есімдердегі әріптерді күйдіргені белгілі болды.
2022 жылдың маусымында БҚО Бәйтерек ауданы Трекин ауылындағы зиратта 14 крест қиратылған. Кейін зиратты бүлдіргендер 1-2 сынып оқушылары екені анықталды.
2022 жылы Атырау облысы Құлсары қаласында 6-7 сынып оқушылары балабақшаға кіріп, ойын алаңын қиратқан, терезелер мен балалар шкафтарын сындырған. Қуыршақтарды жыртып, ойыншықтарды бүлдірген. Күзетші екі баланы ұстап алыпты.
Қысқасы, айта берсек, мысал көп. Бір сөзбен айтқанда, вандализмнің тамыры тереңге кетті деген сөз. Қазақтың «еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін» деп келетін астары тәуір тіркесін, өкінішке қарай, вандализмге қатысты қолдануға мәжбүрміз.
Жастардың жақсы бастамасы
Сөзіміздің басынан бері келеңсіз оқиғаларды мысал еткенімізге бола елімізде вандализмге қарсы шаралар атқарылмай жатыр деген ой тумауы керек. Мемлекет заңды күшейтуге, жауапкершілікті арттыруға көңіл бөле бастады. Президент те ұдайы қоғамдық тәртіп мәселесін айтумен келеді. Полиция да түрлі рейдтер ұйымдастырып жатады. Дегенмен вандализммен күреске «AMANAT» партиясының Jastar ruhy жастар қанаты тың серпін берді. Оны сөз басында айттық. Jastar ruhy Жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Ескендірованың айтуынша, белсенді азаматтар қазан айының 20-нан бері арнайы акция өткізіп жатыр. Акцияға 1 500-ден астам қыз-жігіт қатысыпты. Олар 500-ден астам ескертіштегі вандалдардың «қолтаңбасын» өшіріп, киелі жерлерді тазалаған. Шара барысында қоқыстан тазалау да ұйымдастырылады. Бастаманы депутаттар да қолдауда.
Jastar ruhy жастар қанаты белсенділерінің бастамасын қоғамда қолдаушылар аз емес. Айталық, бірер күн бұрын KAZ ALPINE CLUB қоғамдық бірлестігінің (альпинистер қауымдастығы) мүшесі Денис Лукянчук мәселені шешу үшін ұсыныстар жинақталған петиция жариялады. Үш күн ішінде петицияға 11 200-ден астам адам қол қойыпты.
Демек қоғам вандализм құбылыстарына іштей қарсы деген сөз. Алайда кейбір отбасындағы тәрбиенің төмендігі, азаматтардың ел алдындағы жауапкершілікті сезінбеуі вандализмге толық тосқауыл қоюға мүмкіндік бермей тұр. Дегенмен Jastar ruhy жастар қанатының бастамасы жалғасқан сайын оны қолдаушылар қатары да артары сөзсіз. Ал мемлекет жағымсыз құбылысты азайтуға септігі тиетін құқықтық нормаларды жетілдіре беруге тиіс. Бірақ бәрібір сананың сәулеленуі маңызды. Қазақ «бала бер, бала берсең сана бер» дейтін еді.
Ақерке ЕСКЕНДІРОВА,
Jastar ruhy жастар қанаты төрағасының орынбасары:
Биыл 20 қазанда «AMANAT» партиясының Jastar ruhy жастар қанаты Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтауға бағытталған республикалық ауқымды акцияны бастады. Іс-шара Республика күніне орай ұйымдастырылды. Акцияның мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғамның назарын аудару, сондай-ақ туған жердің табиғаты мен тарихына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру.
Акцияның алғашқы күні Жастар қанатының 50-ден астам белсендісі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орналасқан «Жұмбақтас» жартасын тазартты. Игі іс еліміздің өзге өңірлерінде жалғасын тапты. Жастар қанатының белсенділері – «Тамғалы тас» петроглифтерін, «Ақбауыр» шатқалын, Ш.Құдайбердіұлының, С.Сейфуллиннің, Кенесары ханның, «Стелла» ескерткішін, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіштерді, «Шақпақ ата», «Сұлтан Үпі», «Қараман ата» жерасты мешіттері мен «Ыбықты сай» шатқалын, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы қорғанын, «Қалжан ахун» ауыл кесенесін, Қошқар ата өзені маңын, «Медеу» мемлекеттік-өңірлік табиғат паркін артық жазулар мен қоқыстан арылтты.
Jastar ruhy жастар қанатының белсенділері мен еріктілері ескерткіштерді, ұлттық саябақтар мен тарихи орындарды қоқыстан тазарту жұмысын жалғастырып жатыр. Өңірлерде арнайы орындар таңдап алынып, экологиялық акция жалғасын табуда.
Тек акциялар мен сенбіліктермен шектелмей, біз іс-шаралар кешенін жүзеге асырамыз. Белсенділердің, сарапшылардың, Мәжіліс депутаттарының, қоғам қайраткерлері мен студенттердің қатысуымен Bir tolqynda және «Рухтастар Casses» кездесулер өткізудеміз. Осындай іс-шаралардың бірі – әлеуметтік зерттеу. Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында 18-50 жас аралығындағы 100-ден астам адамнан сұхбат алынды. Азаматтар вандализмге қарсы күрестің тиімділігін арттыру және оның алдын алу бойынша түрлі ұсыныс пен идея айтады. Зерттеу қорытындылары қажетті шешімдер қабылдау үшін Мәжіліс пен Үкіметке берілетін болады. Қоғамда орын алып жатқан мәдениетсіздік, вандализм мәселесін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесінде айтып, ерекше назар аудару керектігін де тоқталды.
Сонымен қатар алдағы уақытта Жастар қанаты атаулы акцияның ауқымын кеңейтіп, қатарымызға эколог мамандарды қосып көзден таса қалып қойған тарихи орындарды қамтуды көздеудеміз. Акцияға қатысып, өз үлесімді қосамын деуші жастарға, еріктілерге әрқашан ашықпыз.
Серік ЕРҒАЛИ,
мәдениеттанушы:
Вандализмнің пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді деп есептеймін. Ең алдымен, тәртіп-тәрибенің нашарлығынан, екіншіден, мәдени құндылықтардың сіңірілмегендігінен вандализм туындайды. Мұны жастар арасындағы құбылыс деп есептейік. Бірақ вандализм ересек адамдардың арасында да аз кездеспейді. Бұл дегеніңіз – мәдени-психологиялық лаңкестік. Оған теріс идеология, қоғамда жасампаздықтың орнамай, қиратушылық түсініктің қалыптасуы да әсер етеді. Мұның барлығы адам бойындағы мәдени құндылықтарды жойып, өшпенділік, қиратымпаздық дағдыны қалыптастыратын болса керек. Яғни, елде, қоғамда жасампаздық болмаса, орнын қиратымпаздық басады. Жасампаздықтың орнамауы кесірінен елдің жалпы дамуы да көңілдегідей болмай тұр. Ал қиратымпаздықтың қоғамдағы көрінісі – вандализм. Қазір вандализм қазір қоғамның барлық саласында көрініс тауып жатыр. Тек заттай, тарихи-мәдени ескерткіштерді қирату, табиғатты бүлдіру ғана емес, ұлттық құндылықтарды жоққа шығару, терістеу, оны бұрмалау, өзінің қолайына жағатындай етіп басқаша интерпретациялау, теріс идеологияға икемдеу де вандализм деп есептеймін. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткеніміздің кесірінен вандализм етек алып отыр. Сондықтан көзге көрінетін және көрінбейтін вандализм бар деп есептеймін. Бұл – жағымсыз құбылыс тәрбиеден бастап, психологияға дейін қамтитын кең ауқымдағы дүние. Вандализм мәселесіне тереңірек үңілген дұрыс. Айыптау, соттау, кінәлау арқылы біршама тежеуге болатын шығар, бірақ тамырына балта шабу қиын. Сол себепті вандализммен күресте жасампаздықты насихаттау, еңбектің қадірін арттыру, мәдениеттің құндылығын қалпына келтіру маңызды. Бұл бағытта мемлекет бетбұрыс жасайтын қадамдарға барғаны жөн деп білемін.
Ардақ СҰЛТАН