Бұған Synergy Research Group зерттеуі дәлел. Сарапшылардың пікірінше, бір жылда гиперауқымды дата орталықтарының саны 14,2%-ға өскен. Бұл үрдіске ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – коммерциялық және мемлекеттік ұйымдардың бұлтты технологиялар қызметіне жаппай көшуі. Қазақстан нарығында да дата орталықтарының саны біртіндеп артып келеді.
Бұлтты аналитика дегеніміз – есептеу технологияларын пайдалана отырып, ауқымды деректерге талдау жүргізу. Мұндай қызмет көрсететін компаниялар үлкен дерекқордан жинақталған ақпараттарды пайдаланушыларға саралауға жеңіл форматта ұсынуға көмектеседі. Дегенмен бұлттық аналитика – дәстүрлі сараптамалық әдістерге тиімді балама. Өйткені дәстүрлі талдау тәсілдерімен жұмыс істейтін деректерді өңдеу орталықтарын ұстау ауқымды жұмысты талап етеді. Сондай-ақ деректер қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша бақылауды қажет етеді. Бұл – өте қымбат және басқаруы қиын процесс. Ал бұлтқа негізделген талдау жүйелері қызмет көрсету үлгісін жетілдіруге және артық шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жаһандық Grand View Research компаниясының зерттеуінше, дүниежүзілік үлкен деректер нарығының көлемі 2022 жылы 483,98 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ол 2023-2030 жыл аралығында жыл сайын орташа есеппен 14,1 пайызға өсіп отырады деген болжам бар. Бизнеске цифрлық операцияларды жақсарту қажет болғандықтан, дамушы елдерде бұлттық технологиялар қызметтерінің танымалдылығы артып келеді. Соңғы жылдары бұл Қазақстандағы ІТ бизнестің де ажырамас бөлігіне айналды. Мысалы, 2022 жылы еліміздегі бұлтты технологиялар нарығының көлемі 23,72 млрд теңгеге жеткен. Салыстыра айтқанда, өткен жылдан 44,8 пайызға артық. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы аталмыш нарық жалпы әлемдік трендтерге қарағанда жылдам өсуде. Бұл – дамушы экономикалар үшін кең таралған тенденция. Үшінші әлем елдері жоғары технологияларға сәл кейінірек қол жеткізгенімен, оған тез бейімделіп, кең таралуына жағдай жасауға мүдделі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Bridge форумында сөйлеген сөзінде Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектке мамандандырылған дата-орталықтардың құрылысын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Инфрақұрылымды дамытқан кезде IT өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс. Ең алдымен, біз есептеуіш орталықтардың қуатын арттыруымыз қажет. Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік, – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа технологияларды енгізу бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беру арқылы іскерлік ортаның дамуына жол ашады. Мысалы, банктер клиенттермен дауыстық байланысты автоматтандыру арқылы тұтынушыларға жаңа бағыттағы қызметтерді ұсына бастады. Маркетплейстерді де солардың қатарына жатқыза аламыз. Дегенмен деректерді жинаудың, алмасудың және сақтаудың заманауи және қауіпсіз жүйесін құрмайынша Қазақстанның цифрлық трансформациясы мүмкін емес. Мәселенің жалғыз және ең тиімді шешімі – деректер орталығы индустриясы. Осындай мекемелерді салуға арналған жетекші жабдықтарды жеткізуші Schneider Electric компаниясының сату жөніндегі директоры Денис Вайнер Алматыда өткен ауқымды ІТ форумда 2025 жылға қарай деректердің жаһандық көлемі 500 пайызға өсетінін айтқан болатын. Бұл деректерді өңдеу орталықтары сөзсіз дамуы керек дегенді білдіреді.
Yandex Cloud CIS сату жөніндегі директоры Сергей Сорокиннің пікірінше, үлкен деректерді өңдеу және сақтау бизнестің өсуіне ықпал етіп қана қоймай, ақпараттық технологияның инфрақұрылымына жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге көмектеседі. Себебі бизнес профестердің біршама бөлігін бұлтты технологиямен алмастырғанда, аутсорс компаниялар инфрақұрылымға қызмет көрсетуді өз мойнына алады. Екіншіден, ауқымды мәліметтерді арнаулы мамандар басқарып өңдейтіндіктен, кәсіп иелері пайдаланылған ресурс үшін ғана қаражат жұмсайды. Мысалы, интернет дүкендерде науқан кезеңінде сұраныстың өсуі заңды. Осы уақытта веб-сайттарға, веб-қосымшаларға жүктеме артады. Бұлтты технологиялар ресурстарды осындай жағдайда тез және икемді түрде масштабтауға және клиенттерді жоғалтпауға мүмкіндік береді.
Бірақ кибершабуылдарды болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызын ешкім жоққа шығарған жоқ. Сергей Сорокиннің айтуынша, бұлтты провайдерлер on-premise инфрақұрылымына қарағанда қауіпсіз контур ұсынады. Олар деректерді сақтау және өңдеу қауіпсіз болатын қызметтерді әзірлейді. Сонымен қатар провайдерлер DDoS шабуылдарының алдын алу, құпияларды сақтау және АТ жүйелеріндегі осалдықтарды сканерлеу қызметтерін ұсынады. Бұлтты қызметтің қауіпсіздігін халықаралық сертификаттар арқылы тексеруге болады.
Орталық Азия және Моңғолия бойынша Google for Developers және Goole for startapers координаторы Асқар Айтуовтың пікрінше, еліміздегі деректерді өңдеу технологияларының даму динамикасы тұрақты.
– Орталық Азия бойынша Қазақстан экономикасы маңызды рөлге ие. Осыдан 10 жыл бұрын Қазақстандағы ІТ нарығы қандай еді? Ол кездері ІТ маманы жай ғана электронды сауда немесе банк қосымшалары саласындағы веб-әзірлеуші деңгейінде болатын. Бүгінде біз көріп жүрген әдемі әрленген FinTech емес, керісінше банк билингі немесе телеком айналасындағы жобалар еді. Одан кейін бірте-бірте мобильді қосымшалар нарыққа шыға бастады. Нәтижесінде, 1-2 адамнан тұратын команда нарыққа мобильді қосымшаларын жасап ұсына алатын. Бұл стартап қозғалыстардың пайда болуына әсер етті. Биыл деректерді сақтау және өңдеу технологияларында да осындай тенденция байқалады. Өйткені қазіргі кезде Қазақстан, Орталық Азия аумағында бұлттық технологиялар ақпараттарды жай ғана сақтаудан тыс күрделі функцияларды атқарады.
Былтыр қарашадан бері Chat GPT жасанды интеллект бағытында үлкен серпіліс жасағанын білеміз. Осы кезден бастап нарықтағы ең мықты компанияның барлығы оның баламасын ұсына бастады. Бұл бұлттық технологиялардың дамуына дем берді. Бүгінде бәрі жасанды интеллектің әлеуетін пайдалануға тырысады. Мысалы, Goolge Cloud, Брет технологиясы іздеу жүйесінен тысқары жұмыс істейді. Сіз іздеу жүйесіне бір нәрсені жазғанда соған қатысты ақпараттарды сізге шығарып беретін осы брет технологиясы немесе мәтінді жасайтын PaLM атты нейронды жүйе бар. Осы технологиялар адамдарға өз стартаптарын немесе қосымшаларын жасауға мүмкіндік береді, – дейді ол.
«Қазтелепорт» компаниясының деректеріне сүйенсек, қазақстандық деректер орталықтарындағы сөре орындары жыл сайын 400-500-ге артып отырады. Сәйкесінше, еліміздегі деректерді өңдеу мекемелеріндегі жалға берілетін тірек кеңістігіне деген сұраныс жыл сайын 30-35 пайызға өспек. Сондықтан бүгінде бизнесті кеңейту туралы сөз болған жерде үлкен деректермен жұмыс істеу қажеттілігінің туындауы – заңдылық.
Кәмила ЕРКІН
© инфографика: Елдар Қаба