Оның ішінде қалдықтардың жинақталып қалуы және стихиялық қоқыстардың пайда болуы экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр. Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады екен. Бұл өз кезегінде табиғатты ластап, экологияға да кері әсерін тигізері сөзсіз. Осы ретте, экологтар мен экобелсенділердің жанайқайы да жиі естіліп жатады. Оған қоса заңсыз қоқыс үйінділері әлі күнге азаяр емес. Осындай заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау барысында 2018 жылдан бері Экология министрлігі «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясымен бірігіп жұмыс істеп келеді. Компания қалдықтарды орналастыру орындарының ғарыштық мониторингін елді мекендер аумағында мамырдан қыркүйектің соңына дейін жүргізеді. Жуырда «Ғарыш Сапары Ұлттық компаниясы» АҚ ғарыштық мониторинг деректеріне жаңа ақпараттарды жария етті.
Мониторинг деректеріне сәйкес, осы жылдың 7 қарашадағы жағдай бойынша, 5 578 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері анықталған. Бүгінде олардың 3 831-і немесе 70% - ы жойылған. Жалпы, алғанда соңғы үш жылда анықталған, рұқсат етілмеген полигондар санының төмендеу үрдісі байқалды. Мәселен, 2020 жылы – 8 884 жойылған 5 823 үйінді, 2021 жылы – 7 328, жойылған 6 740 үйінді, 2022 жылы – 5 683 жойылған 4 331 үйінді жойылыпты. Сонымен қатар бұл ретте, заңсыздықтар да етек алып өткенін айта кеткен жөн. Экология, полиция департаменттері мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың жолын кесу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілген екен. Қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын түгендеу және анықтау бойынша 4 632 бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізілсе, нәтижесінде экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жалпы сомасы 16,4 млн теңгеге 149 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Заң солқылдақ па?
Сондай-ақ жуырда ғана Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында стихиялық қоқыстарды жою шаралары қаралған еді. Жиында Премьер-Министр қалдықтарды басқару саласында атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті. Ол қазіргі заманғы қоқыс өңдеу зауыттарын іске қосу жоспарлары әлі іске асырылмағанын және ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі екенін айтты. Сондай-ақ әкімшілік айыппұл салу жағдайды жақсартпай отырған көрінеді. Яғни, қоқысты полигонға апарып тастағаннан гөрі, айыппұл төлей салған тиімді болып тұр. Мұндай тәсілді өзгерту керегін алдыға тартқан Әлихан Смайылов қалдықтармен жұмыс істеудің және оны кәдеге жаратудың нақты жүйесін қалыптастыру қажетін атап өтті.
Ал қолданыстағы шаралардың нәтиже бермей жатқанын айтқан Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қалдықтарды рұқсатсыз төгуді қайталап жасаған азаматтардың көлік құралдарын тәркілеуді ұсынды. Сол үшін де ІІМ мен ЭТРМ бірлесіп Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабы аясында жауапкершілікке тарту бойынша ішкі істер органдары құзыретін кеңейту бөлігіне түзетулер енгізу туралы мәселені қарастыруды ұсынып отыр. Өйткені қазір рейд іс-шаралары оң әсер көрсетпеген, себебі Ішкі істер органдары абаттандыру қағидаларын бұзушыларды ӘҚБК 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартады. Бұл ретте жеке тұлғаларға 20 АЕК (69 мың теңге), қайталап жасалса 30 АЕК (103 мың теңге) айыппұл көзделген. Ал заңды тұлғалар үшін 200 АЕК құрайды. Бұл дегеніміз жарты миллион теңге. Алайда қоқысын көрінген жерге төгіп жатқан ірі компаниялар бұл айыппұлдан сескеніп тұрған жоқ. Айыппұл төлей салып, заңсыз әрекетін жалғастыра бермек.
Сондай-ақ қалдықтарды рұқсатсыз көбейтуге байланысты жеке жауапкершілік қарастырылмаған және осы бапта қарастырылған айыппұл көлемдері аз әрі құқық бұзушылардың санасының өзгеруіне әсер етпейтін көрінеді. Сонымен қатар қолданыстағы әкімшілік нормалар қайталап жасалған бұзушылық үшін жазалауды қарастырмайды екен.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды басқару бөлімінің жетекшісі Айдар Рашидтің айтуынша, қалдықтарды басқару тұрғысынан біз көптеген дамыған елден қалып қойғанбыз. Атап айтқанда, нормативтік базаның жетілмегені, нақты ережелердің, іс-әрекеттер шешімінің, әрбір қалдыққа қатысты тетіктердің жоғы қынжылтады.
«Мәселен, тартылған темекінің қалдығын жерге тастаған адам Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы бойынша (ұсақ бұзақылық) жауапкершілікке тартылады. Ол адамға жаза ретінде 5 АЕК көлемінде (17 250 теңге) айыппұл салынады, не болмаса 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын құлатқаны үшін, қалалардың жасыл желегін жойғаны және бүлдіргені үшін алғашында ескерту жасалады, 1 жыл ішінде осындай әрекет қайталанса, 30-дан 300 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Мұны әр азамат білуі керек. Жыл сайын біз орташа есеппен 14 мың заң бұзушыны анықтаймыз, оларға шамамен 130 млн теңге айыппұл саламыз. Бірақ бұл сома табиғатқа келген зиянның, бюджеттен бөлініп жатқан шығындардың орнын толтырмайды.
Астана әкімдігі соңғы 2 жылда экология заңнамасын бұзған жандарға жазаны қатайту жөнінде құзыретті мемлекеттік органдарға бірнеше рет ұсыныс жіберген. Мәселен, бейберекет күл-қоқыс төгетін орындарды көбейткендерге техникалық құралын тәркілеу, 6 айдан 12 айға дейін көлік жүргізу құқығынан айыру, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдардың көлемін 10 есеге дейін, яғни 100 АЕК-тен (306 300 теңге) 1 000 АЕК-ке (306 3000 теңгеге) дейін ескертусіз арттыру туралы ұсыныс берілген. Алайда құзырлы органдар бұл бағыттағы ұсыныстарға ешқандай да қолдау білдірмей, тиісті іс-шаралар қабылданбаған», – дейді Айдар Рашид.
Қоқыс орындары толығымен жойылмаған
Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нұралыұлы ғарыштық мониторинг мәліметтері бойынша 2022 жылы анықталған заңсыз қоқыс орындары толығымен жойылмағанын, қоқыстардың жойылған бөлігі 77%-ды құрайтынын айтты. Айтуынша, қоқыс орындарының ең көп саны Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласында анықталған, Ақмола облысы бойынша – 830 (оның 88% жойылды), Қарағанды облысында– 745 (оның 99% жойылды). Қоқыс орындарын жою жұмыстары Абай (10 %), Ұлытау (15 %) облыстарында және Астана қаласында нашар жүргізіліп отыр.
Сондай-ақ қоқыстарды жою бойынша Абай және Маңғыстау облыстарында – 16%, Ұлытау облысында – 20%, Астана қаласында – 30%-ды құрады, аталған елді мекендерде жұмыс деңгейінің төмен екені байқалды. Өткен бейсенбіде жою деңгейі 44%-ды (2 475 нысан) құрап, қысқа мерзімде (3 күн) 330-ға (6%) жуық заңсыз қоқыстар жойылған.
Ведомство өкілдерінің пікірінше, бүгінде GPS датчиктердің көмегімен қоқыс шығаратын техниканың қозғалысын бақылаудың ақпараттық жүйесі сынақтан өтуде. Келесі жылы оны өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отырған көрінеді. Мәселен, Шымкент қаласы бойынша пилоттық жоба іске асырылып, соның арқасында нақты уақыт режимінде 42 қоқыс шығаратын көліктің қалдықтарды жинау орнынан оны қоқыс алаңына апарғанға дейінгі қозғалысын бақылауға болады екен.
«Бүгінде ғарыштық мониторинг қамту алаңы 39 елді мекенді қамтиды, бұл ел деңгейіндегі бейберекет қоқыс бойынша толық жағдайды көрсетпейді. Сондықтан 2024 жылы ғарыштық мониторингті қолдану арқылы елді мекендерді қамту алқабын ұлғайту мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Е-құрылыс» жүйесі арқылы бақылау жолымен құрылыс қалдықтарының қозғалысын қадағалауды күшейту содан соң осы жүйені Экология министрлігінің қоқыс тасушы көліктерді бақылау бойынша, ақпараттық жүйесімен біріктіреміз», – дейді министр.
Сонымен бірге министр құрылыс қалдықтарын қайта пайдалану бойынша ұлттық стандарттарды әзірлеуді ұсынды. Құрылыс қалдықтарын қайта пайдаланудың фундаменталды ғылыми-техникалық негізін дамыту арқылы циркулярлық экономиканы енгізу және осыған сәйкес материалдық ресурстарды сақтау әлемдік тәжірибе екенін алға тартқан министр, осыған байланысты қалдықтарды, оның ішінде тауарды (өнімді) шығару кезінде пайдалану бойынша тиісті ұлттық стандарттарды әзірлеу қажет екенін айтады.
«Министрлік тиісті дәрежеде жұмыс атқармай отыр»
Осы ретте, біз экологияға байланысты өзінің батыл ойларын айтып жүрген «Тәжірибеші экологтар қауымдастығының» төрайымы Лаура Мәлікова хабарласқан едік. Оның айтуынша, жалпы тұрмыстық қалдықтардың шешімдері 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Экологиялық кодексте нақты-нақты қарастырылған.
«Мәселен, әрбір елді мекендердің халық саны өсімін есептей отырып және ерекшеліктеріне байланысты типтік жобадағы бірнеше үлгіде полигон жобаларын жасап, әрбір елді мекенге үйлестіру қажет. Сонымен қатар бюджетке байланысты жаңа Экологиялық кодекстің аясында қоршаған ортаны ластағаны үшін түскен салық 100 пайыз мөлшерінде ғана экологиялық мәселелерге жұмсалуы қажет деген бап бар. Сол баптың аясында облыс әкімшіліктері қоршаған ортаны қорғау жоспары құжатын дайындайды. Сол арқылы контейнерлер сатып алу, қалдықтарды сұрыптау құрылғыларын салуға болады. Осы ретте, қалдықтарды өңдейтін зауыттарға қатысты айтар болсам, біздің елімізде бірнеше кәсіпорын бар. Мәселен, коммуналдық қалдықтарды Шымкентте, картон қағаздарын Алматыда өңдейтін зауыттар бар. Сонымен қатар май, аккумулятор, химиялық заттарды, электроникалық қалдықтарды өңдейтін зауыттар да баршылық.
Қаңтар оқиғасынан кейінгі өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігіне (РОП) қатысты саяси тартыстардың кесірінен қалдық өңдеушілер мен жинаушылар зардап шекті. Сондағы жұмысшылар 2 жылдан бері өздеріне тиісті ақысын ала алмай отыр. Көптеген кішігірім компания банкроттық жариялады. Атап айтсақ, 100-ге жуық компания банкрот болды. Соның әсерінен жұмысшылар тапшылығы сезілуде.
Заңсыздықтарға келетін болсақ, қалдық жинаушы, өңдеуші компаниялар жаңа Экологиялық кодексте GPS навигаторын орнатуы керек. Оны өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі жіті қадағалауы керек. Дегенмен министрлік бұл тұрғыда осалдық танытып отыр. Бұл мәселеге қатысты барлық шешім тиісті заңда көрсетілген, тек оны өз кезегінде орындау қажет. Бұл тұрғыда ведомство тиісті дәрежеде жұмыс атқармай отыр. Барлық мәселе осында. Сонда ғана біз бұл мәселені бақылауда ұстай аламыз. Заңсыз қоқыс үйінділері болмайды», – дейді ол.
Ал танымал эколог Мелс Елеусізов қоқыс мәселесін өзінше шешудің бірнеше жолдарын ұсынғанын, бірақ Үкімет тарапынан қолдау таппай отырғанын айтады. Тіпті, осыған қатысты бірнеше жоба ұсынып, екі патент иемденгенін атап өтті.
«Бүгінде тұрмыстық қалдықтар тек елімізде ғана емес, әлемде үлкен мәселеге айналып отыр. Соның кесірінен мұхиттарда қоқыстардан аралдар пайда болды. Мұздықтар еріп, ол аралдардың көлемі Францияның көлеміндей. Ол өз кезегінде, жалпы табиғаттың апатына алып келеді. Тұрмыстық қатты қалдықтардың құрамына тағам қалдықтары, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, ағаш, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді. Атмосфералық тұнбалар, күн жылуы, қоқыстардың өрт салдарынан еруі тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарында физика-химиялық және биохимиялық үрдістердің жү-руіне әсерін тигізеді. Яғни, қалдықтарды сақтағанда сұйық, қатты және газ тәрізді көптеген улы химикат пайда болады. Бұл биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді, қоқыстардың қоршаған ортаға биогендік әсерінің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар үлкен қашықтықтарға тарайды. Сондай-ақ мамандардың айтуынша, сұйық өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтар топырақ және өсімдік қабатын, жер асты суларын улы заттармен жоғары деңгейде концентрациялайды. Сол себепті қоршаған ортадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орындарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды. Пластмасса 200 жылға жуық ыдырайтыны белгілі. Пластмассалар жерге түскеннен кейін ұсақ бөлшектерге ыдырайды және өндіріс кезінде оларға қосылған химиялық заттарды қоршаған ортаға шығара бастайды. Бұл хлор, әртүрлі химиялық заттар, мысалы, улы немесе канцерогенді жалынға қарсы заттар болуы мүмкін.
Сондықтан әлем экологтары бұл мәселеге қатты назар аударып, дамыған мемлекеттер нақты қадамдарға барып отыр. Бұл ретте, біздің мемлекетіміз кенже қалып отырғаны қынжылтады. Мәселен, мен кезінде пилоттық жоба ретінде қаладағы қоқыс тастайтын орындардың бірін шағын кәсіпорынға айналдырдым. Бұл жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан еді. Сол жобам әкім-қаралардың араласуымен тоқтап қалды. Осындай қоғамға, табиғатқа пайдалы дүниелерді қолдаудың орынына біз оның жолын кесеміз», – дейді ол.
Мегаполистердегі ахуал қалай?
Мамандар тұрмыстық қалдықтарды көмуге арналған полигондардың көпшілігі санитариялық талапқа сәйкес келе бермейтінін айтып, дабыл қағуда. Сарапшылардың пікірінше, елорданың тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны ғана тиісті талаптармен жұмыс істейді екен. 2015 жылы бас шаһар тұрмыстық қалдықтарды басқарудың бірыңғай жүйесін жасауға ден қоя бастаған. Бұл дегеніміз қоқыстарды жинау мен өңдеудің заманауи тәсілдері деген сөз. Яғни, қала билігі осы саладағы жаңа әдістерді енгізуді қолға алды. Соның бір көрінісі – қоқыстарды бөлек-бөлек жинау үрдісі. Оның алғашқысы электр үнемдегіш жарықшамдарды арнайы сарғыш контейнерлерге тастаудан басталған еді. Соның нәтижесінде, миллиондаған диодты шам кәдеге жаратылған екен. Содан кейін қоқыстарды құрамына қарай бөлек жинақтау үрдісін тәжірибеге енгізді.
Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы бірнеше бағытта жұмыс жүргізеді. Соның бірі – рұқсатсыз күл-қоқыс төгілетін орындардың санын азайту. «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясы ғарыш мониторингінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың 30 қазанына дейінгі ахуалды алып қарасақ, Астана аумағында 338 бейберекет қоқыс шашылған учаске анықталған. Соның ішінде үшеуі рұқсат етілген орын болып шыққан. Қазір Астана қалалық әкімдігіне қарайтын аудандар 338 учаскенің 190-ын жойып, оларда жинақталған 102 мың тонна тұрмыс қалдықтарын тиісті қоқыс төгетін орындарға тасымалдаған.
Биылғы 30 қазандағы ахуал бойынша айтатын болсақ, Алматы ауданында 62 бейберекет қоқыс төгілген учаске анықталса, соның ішінде 58-і жойылды, оларда жиналған 16 300 тонна қалдықты тиісті жерлерге тасылған. Байқоңыр ауданында 46 учаске анықталса, соның ішінде 44-і жойылды, 8 058 тонна қалдықты қоқыс үйілетін жерлерге апарылған. Есіл ауданында 84 учаске анықталып, соның ішінде 36-сы жойылған. 35 мың тонна қоқыс тиісті жерге тасылды. Нұра ауданында ең көп қоқыс төгілген жер бар, олардың саны – 123 учаске. Бүгінге дейін 31 учаске жойылды, олардан 24 100 тонна қоқыс тасып шығарылыпты.
Ал Алматы қаласы бойынша ахуалды білмек болып Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің бас маманы Нұржан Бөлекбаевқа хабарласқанымызда ол 2023 жылдың 10 қарашадағы жағдайы бойынша «Қазақстан Ғарыш Сапары «ҰК» АҚ-нің геосервисінің деректеріне сәйкес Алматы қаласының аумағында 12 рұқсат етілмеген қалдықтар орны тіркелгенін атап өтті. 12 қоқыс орындарының 12-і жойылып, қоқыс орындары геопортал базасына енгізілген екен.
«2023 жылы ӘҚБК 344-бабы бойынша өндіріс және тұтыну қалдықтарын есепке алу, кәдеге жарату және залалсыздандыру ережелерін бұзғаны үшін Алматы қаласы Алатау, Жетісу, Медеу аудандарының аппараттарын көріктендіру бөлімдерінің басшыларына әр қайсысына 172 500 теңге сомасында айыппұл салынды. Сонымен қатар департаментпен 2020 жылы Алматы қаласы бойынша экологиялық жағдайларды бақылауда ұстау және тез арада жою үшін «WhatsApp» мессенджер арқылы «Алматы Эко Чат» құрылған. Аталған чатқа Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің өкілдері, Алматы қаласының прокуратурасы, Полиция департаменті, Алматы қаласы мен аудандары әкімдерінің аппараттары, қала мәслихатының депутаттары, басқа да мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғам белсенділері қосылған.
Мониторинг барысында Экология департаментінің мамандары бей-берекет қоқыстарды, төгінділерді және басқа да экологиялық бұзушылықтарды анықтаған кезде Алматы қаласы аудандар әкімі аппараттары мен басқармалары жедел әрекет үшін чатқа фото және видео жіберледі. Сондай ақ бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс шығару үшін Алматы қаласының прокуратурасына хаттар жолданды.
Алматы қаласының аумағында экологиялық заң бұзушылықтарды уақтылы анықтап және жою жұмыстары тұрақты департаменттің бақылауында тұрады.
Алматы қаласында ТҚҚ-ды жинау, шығарумен 25 ұйым қызмет көрсетіп 100% қамтылған және оған барлығы 237 арнайы техника жұмылдырылған.
Алматы қаласынан биыл 9 айда 374 489 тонна коммуналдық қоқыс жиналып Алматы облысында орналасқан полигондарға және СК-не шығарылды, оның ішінде қайта өңделген көлемі 24 663 тоннаны, яғни 12%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2016 жылдан бері 2,6%-дан қазіргі 17%-ға дейін сапалық өсім байқалғанын ескерсек, осы көрсеткіштің өзі жаман емес. Әлемдік орташа көрсеткіш кем дегенде 70% болса талпынатын нәрсе бар. Қатты тұрмыстық қалдықтардың барлығын қайта өңдеу мүмкін емес, сондықтан олардың кейбіреулері, яғни 30-дан 50%-ға дейін соңғы технологияны қолдану арқылы кәдеге жаратылады. Келешекте Алматы қаласы аумағында қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға дейін арттыру керек» – дейді ол.
ТҮЙІН:
Қазір әлемде 50 жыл бұрынғыдан 20 есе көп пластик өндіріледі. Пластик қалдықтар коммуналдық қалдықтардың 40 пайызын құрайды. Бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, сөмкелер, қаптамалар, бөтелкелер және әртүрлі контейнерлер – біз күнделікті «шығаратын» пластик қалдықтардың ең көп таралған түрі. Оның көлемінің тек бес пайызы ғана қайта өңделеді және күнделікті өмірде қайта пайдаланылады.
Шетелдерде тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қалдықтарымен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Бұл Еуропа елдеріне қалдықтарды өңдеу көрсеткішін 50%-ға жеткізуге мүмкіндік берді. Бүгінде Швеция елі тұрмыстық қалдықтардың 99%-ын қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр. Жағдайды жақсарту үшін әлемнің көптеген елі қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасап жатыр. Мысалы, шетелде экология заңын бұзу әрекеті үшін үлкен көлемде айыппұл салады. Егер оның іс-әрекеті қайталанса, қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін шара қолданады. Осындай тәжірибе АҚШ, Жапония, Сингапур, Ирландия, Аустралия елдерінде бар.
Жалпы, кеңестік кезеңнен бастап ел аумағындағы қоқыс алаңдарында тұрмыстық қалдықтар көптеп жинала бастаған. Мұндай зиянды қалдықтарды жерге көму әдісі жүргізілгенімен, ол да тиімсіз болып шыққандай. Ақыры 2019 жылы Қазақстанда пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз жерге көмуге тыйым салынды. Сол жылы ресми дерек бойынша, елімізде қоқыс өңдеу ісі 3 пайызға артқан екен.
Қазақстан әлем елдері бойынша ауаның ластану көрсеткішінде бесінші орында екен. АҚШ, Қытай, Ресейден кейінгі орынға жайғасқан қазақ елінде халық та, өнеркәсіп орындары да көп емес. Заңсыз ашылып кеткен қоқыс полигонының салдарынан қоршаған ортаға және халық денсаулығына орны толмас зиян келтіріліп, бюджет шығынына әкеліп соғуда. Кездейсоқ қоқыс орындарын жоюға жергілікті атқарушы органдар 2021 жылы 1 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын бөлді (2020 жылы – 1, 482 млрд теңге, 2019 жылы– 1, 332 млрд теңге). Мемлекет жыл сайын бейберекет күл-қоқыс төгілетін орындарды жоюға 400 млн-нан аса қаражат жұмсайды екен.
Эколог-мамандардың пікірінше, жылына шығарылатын қоқысты қайта өңдеу арқылы 500 мың тоннаға жуық қағаз бен картон, 300 мың тонна шыны, 200 мың тонна металл, 500 мың тонна пластмасса алуға болады екен. Дүниежүзі мемлекеттері қатты қалдықтардан қайталама шикізат өңдеуге ерекше мән беріп отырғаны сондықтан. Осындай қоқыстың өзін пайдалы іске жұмсауға болатын болса, ендігі кезекте біздің елімізде осынау игілікті жұмысқа бел шеше кіріскеніміз абзал секілді.
Наурызбек САРША