Астана қаласы әкімдігінің ұйым­дастыруымен жүзеге асып жатқан JOLTAP жобасы аясында Freelance Mumkindik бағдарламасы бойынша оқытудың екінші легі басталды.
Freelance Mumkındık – оқытудың жаңа бағыты
834
оқылды

JOLTAP жобасының мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және халықтың табысын арттыру үшін мүм­кіндіктерді таңдауға көмектесу, әсіресе декреттегі аналар мен жұмыссыз жастарға қолдау білдіре отырып, жаңа мамандықтарға үйрету, табыс табу жол­дарын көрсету. Халықтың табы­сын арттыруға және жұмыспен қамтуға ба­ғыт­талған бұл бастаманы елорда әкім­дігі мен бірқатар мүдделі мемлекеттік орган бірлесе іске асырып отыр. Жоба­ның бірлескен басты операторы – «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры. Жоба – мем­лекет, бизнес және қоғамның бірлескен күш-жігерімен құрылған тиімді жүйе ретінде танылып үлгерді. Сонымен қатар қала әкімдігінің бұл бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өнімді жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, белсенді әлеуметтік саясаттың қажеттілігі туралы тапсыр­маларын орындау, әлеуметтік реформа­ларды тиімді жүзеге асыру мақсатын көздейді. Ұйымдастырушылардың ай­туынша, жоба құралдары тұтастай алған­да қазіргі әлеуметтік реформаларға тиімді қосымша қызметін атқарады.

Жоба аясында Freelance Mumkindik қысқамерзімді оқыту бағдарламасының екінші кезеңі қазіргі кезде нарықта сұранысқа ие цифрлық мамандықтарды үйретуге бағытталған. Оқу бағдарламасы бизнес көшбасшыларының талаптары мен стандарттарына сай құрастырылған. Бұл Freelance Mumkindik оқыту жүйесі 1 айды қамтиды. Бағдарлама ұйымдастыру­шыларының айтуынша, білім алуға өті­ніш білдіргендердің 60 пайыздан астамы – елорданың 35 жасқа дейінгі жұмыссыз тұрғындары. Freelance Mumkindik оқыту жүйесі негізінде жылдың соңына дейін 500 азаматқа 7 өзекті цифрлық маман­дықты үйрету жоспарлануда. 

Қазірдің өзінде модульдік пункттер арқылы 2 мыңнан астам азамат цифрлық мамандықтар бойынша қысқамерзімді оқытуға жазылды. Барлық модульдік пункттерді «Халық» қоры ұсынады. JOLTAP жобасының тағы бір артықшылығы, табысын арттыруға мұқтаж азаматтарды белсенді түрде анықтауға және оларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беруге таптырмас мүмкіндік болып отыр. Өйткені мұндай модульдік пункт­тер қаланың әрбір ауданындағы халық көп баратын ыңғайлы жерлерде орна­лас­қан. Қала бойынша 10 модульдік пункт үздіксіз жұмыс істеп тұр. «Баршаға мүм­кін­дік» модульдік пункттері күн сайын сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін түрлі сұрақтармен келген халыққа қолжетімді және нақты сұрақтарға нақты жауап береді. Консультанттар JOLTAP жобасы­ның оқу бағдарламаларымен қатар, тұрғын үй бағдарламалары, бизнесті қолдау, әлеуметтік көмек және еңбекпен қамту сұрақтары бойынша да жан-жақты ақпарат береді. Бұған дейін «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттері арқылы 52 мемлекеттік қолдау шарасы бойынша бизнес ашу үшін грант пен микроқар­жыландыру бағдарламаларына қатысуға 720 адам өтініш берген.

Жақында басталған Freelance Mumkindik оқыту жүйесінің екінші легіне қатысушы 215 азамат 7 цифрлық дағды бойынша оқуға кірісті. Аптасына екі сабақ өткізіледі. Freelance Mumkindik қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындарын қамтиды. Түлектер арасындағы сұрас­тыру нәтижесінде білім алушылардың жартысы ресми түрде жұмысқа тұруға немесе фриланс бойынша тапсырыстар алуға қызығушылық танытқан. Олардың 10 пайызы өз ісін ашпақшы, ал 22 пайызы әрі қарай оқуын жалғастырғысы келеді. Бағдарлама аясында үш жылдың ішінде жұмысшы және цифрлық мамандықтар бойынша 10 мың адамды оқыту жос­парланған. JOLTAP жобасы аясында оқыту тегін. Жобаға кез келген адамның қатысуына болады, курс сабақтары тегін жүргізіледі.

– Астана тұрғындарының дамуға әрі кәсіби өсуге талпынысы жоғары. Аза­маттар оқуға, дағдыларды үйренуге, биз­нес ашуға қызығушылық танытып отыр. JOLTAP жобасы арқасында 10 мың Аста­на тұрғыны жұмысшы және цифр­лық мамандықтары бойынша оқып, сер­тификатталған маман атанады. Жоба – мемлекет, бизнес және қоғамның бірле­сіп құрастырған тиімді жүйесі. Біз жаңа серіктестіктер мен әріптестікке ашықпыз, – дейді жоба жетекшісі Дана Жүнісова.

Freelance Mumkindik бағдарламасына енген 7 цифрлық дағдыны, атап айтсақ, таргетолог, SMM, видеограф, маркет­плейс, мобилограф, графикалық ди­зайнер және уеб-дизайнерді (сайттарды әзірлеу) қамтиды. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар сертификат алады, ал олардың кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында жарияланады. 

– Жастар үшін цифрлық дағдыларды меңгеру табысты мансаптың ажырамас бөлігіне айналды. Көптеген бағыт ішінде біз жаңа мүмкіндіктер әлеміне жол аша­тын және еңбек нарығында артықшылық беретін жеті цифрлық дағдыларды атап өттік, – деп жазды JOLTAP жобасының баспасөз қызметі. 

Атап айтар болсақ, жобасы аясында Астанада 3 200 азаматқа кеңес берілді. Қала тұрғындары мемлекеттік қолдау шара­­лары және жұмысқа орналасу мүм­кіндіктері жайлы ақпарат алды. Олардың 870-і – әлеуметтік осал топ өкілдері. Со­ны­мен қатар қысқа мерзім ішінде заманауи мамандықтың иесі атанып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретін жобаға қала тұрғындарының сұранысы өте жоғары.

– Таргетолог мамандығы үйде оты­рып жұмыс істей беруге ыңғайлы болған­дық­­тан, осы мамандықты оқуды та­ң­дадым. 5 баланың анасымын. Бұрын мемлекеттік мекемеде жұмыс істегенмін. Қазір 3 ба­лам балабақшаға барады, олар­ды апарып, әкелетін адам жоқ. Сондық­тан жұмыстан шығуыма тура келді. Үйде қарап отыр­майын деп ылғи жаңадан шыққан онлайн курстарды сатып алып жүрдім. Ақылы түрде мобилография, SMM курс­тарын оқыдым. JOLTAP жоба­сы аясында маған заман ағымына сай «Таргет» курсы қы­зығырақ көрінді. Жол­дасым – бокстан жаттықтырушы. Оның бокс мектебін жарнамалап, жазылу­шы­ла­рын көбейтуге пайдам тисін деп те ой­­ладым. Әзірге жол­­дасымның бокс мек­­­­те­бін қалай жақ­сы жарнамалау тура­лы ізденіп жүрмін. Достарымыздың да кәсібі бар, мүмкін оларға да пайдам тиер. Курсты жақсы мең­геріп, таргетолог бо­лып жұмыс істе­гім келеді. Бұл қолым­нан келе­ді деп ой­лай­мын, – дейді «Таргет» кур­сының қаты­сушысы Данагүл Алпысбай­қызы. 

Жоба туралы алғаш құрбысынан естіп, модульдік пунктке мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға барған, Данагүл Алпысбайқызы сол жерде цифрлық дағдыларды игеру бо­йын­ша тегін білім алу туралы шешім қабылдайды. Оның айтуынша, тарге­толог мамандығы бойынша оқу басқа маман­дықтарға қарағанда қиын. Бірақ бастапқы 3 сабақтың өзінен көп мәлімет алғанына қуанышты. 

– Курстардың тегін оқытылуы – көп адамға үлкен мүмкіндік. Өйткені ақылы курстарға қатысуды кез келгеннің қал­тасы көтере бермейді. Сондықтан бұл өте жақсы бастама деп есептеймін. Әдетте «Тегін курстарда білім жоқ» дегенді жиі естиміз, алайда JOLTAP бағдарламасын­дағы берілген білім ақылы курстармен тең екенін байқадым. Осы орайлы сәтті пайдаланып, қала әкім­дігіне, бағдар­ла­ма­ны ұйымдастырушыларға рақмет айт­қым келеді. Адамдардың әлеуметтік жағ­­дайына қарамастан мемлекет тарапы­нан тегін оқи алатынына қуанамын. Курс­­та алған біліміме де көңілім толады, – деді Данагүл Алпысбайқызы.

Жобаны ұйымдастырушылар бағдар­лама бойынша тегін кеңес беру, нарыққа қажет сұранысқа ие мамандықтар бойын­­­­ша оқыту келесі жылы да жалға­са­тынын айтып отыр. Олардың айтуын­ша, бағдар­лама аясында 2024 жылы 3 мың­дай адамды оқыту жоспарланған.

Жоба басталғалы бері консульта­циялар күн сайын «Баршаға мүмкіндік» модульдік пункттерінде төмендегі ме­кенжайлар бойынша күнделікті сағат 10:00-19:00 аралығында көрсетілген уақытта жүргізілуде:

 

Ailand ОДО, Қорғалжын тас жолы, 2;

Magnum супермаркеті, Еділ көшесі, 26;

Күнделікті сағат 10:00-20:00 аралығында:

«Жастар» сарайы Республика даң­ғылы, 34;

«Тұлпар» СО Ш. Уәлиханов көшесі, 24;

Euromall СҮ, Қосшығұлұлы көшесі, 23;

«Встреча» СҮ Абылай хан даңғылы, 31;

Mechta СҮ, Сығанақ көшесі, 3;

«Азия парк» СОО Қабанбай батыр даңғылы, 21;

Күнделікті сағат 10:00-18:00 аралығында:

«Саянұр» базары Тілендиев даңғылы, 24/5;

«Big Шанхай» базары, Алаш тас жолы, 32а.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ