Елорданың тап іргесінде тұрса да, судан таршылық көріп отырған ауылдар әлі де болса азаяр емес. Керісінше күн санап қарапайым қажеттіліктердің өзі асқақ арманға айнала бастаған ауылдардың саны еселеп өсе бастағанын байқайсың.
Бір кездері бес мыңнан астам адам түтін түтеткен ауылда қазір небәрі 4 мыңнан сәл ғана асатын халық тұрады. Халықтың негізгі тіршілік көзі – қорасындағы бес түйір малы. Дегенмен былтыр облыстан екпе дәрілердің уақытында жеткізілмеуі салдарынан мыңдаған малға аусыл тиіп, қынадай қырылып қалған еді. Олардың арасында миллиондап несие алып мал алған шағын шаруалардың жігері құм болып, қу тақырға отырғандары да баршылық.
Мал азабын бастан кешірген жұртты енді қарапайым қажеттілік – су азабы қатты қыспаққа алып тұр. Осы уақытқа дейін ауылды сумен қамтып келген ескі ұңғыманың суы осыдан екі ай бұрын таусылып тынған. Одан кейін екі мәрте құдық қазылғанымен су қоры аз әрі аса тұзды болып, қолдануға жарамсыз техникалық су болып шықты. Тұрғындардың айтуынша, судың сапасы тым төмен болғандықтан тұрғындар арасында жара шыққан, асқазан-ішек жолдары аурулары пайда болған адамдардың қарасы көбейген. Суды көлігі барлар көршілес Еңбек ауылынан яки Ерейментаудан тасып ішіп отыр. Ал көлігі жоқ адамдар ащы болса да осы тұзды суды пайдалануға мәжбүр. Бұл судың да барланған қоры тым аз болып шықты. Малы әлі қораға кіре қоймаған жұрт қар түссе жағдай тіпті қиындап, қасық суға зар болып қаламыз ба деп қапаланады. Алайда түйткілді жағдайдың түйіні жуық арада тарқатыла қоймайтын сияқты.
– Екі айдан бері мүлде сусыз қалдық десек те болады. Осыған дейін барлық ауыл қолданып келген су ұңғымасындағы су таусылып қалған. Одан кейін 60 метр тереңдікте құдық қазған. Бірақ су шықпай қалды. Болмаған соң жанынан тағы қазып 90 метр болғанда су шықты. Бірақ судың сапасы өте төмен әрі тұзды болды. Жұрттың көбінің іші ауырып, денесінің әр жеріне жара шыққандар көбейіп тұр. Қазақылықпен ауруханаға бармағанымен науқастанған адамдардың саны өте көп. Күні кеше ғана үстіне жара шығып кеткен баланы көлігіммен Ерейментау аудандық ауруханасына апарып келдім. Бұлақтың суымен жуындырып қазір аздап тәуір болып қалыпты. Дәл қазір ауыл шамамен 400 текше су қолданады екен. Бірақ ұңғымадағы су бұл қажеттілікті де қанағаттандыруға жетпей тұр. Ауылдың малы әзірге күзеуден қораға кірген жоқ. Мал келсе судың мүлдем сусыз қаламыз. Халықта үйлерінде құдығы жоқ. Суды мүлдем ішуге жарамаса да ішуге мәжбүр. Қазір дүкеннен сатып алып ішейік десек те су болмай қалып жатыр. Ауданнан құзырлы мекеме суға қорытынды берген. Бірақ судың құрамындағы тұздылыққа осыдан бір жыл бұрынғы деректерді таңып жіберген сияқты. Енді суды тәуелсіз сараптамаға бермек ойымыз бар, – дейді Еркіншілік ауылының тұрғыны Мұхаммед Болатұлы.
Түйінді мәселені Ерейментау ауданынан облыстық мәслихат депутаты Бекім Әкімов те көптен көтеріп жүр. Депутат ауылдағы су мәселесін шешуде аудандық бюджеттің жетіспейтінін алға тартты. Сондықтан аудан әкімінің есептік кездесуінде кезекті рет көтерілген мәселеде облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінбесе түйткілдің уақытылы шешімін табуы екіталай екенін мойындады.
– Иә, Еркіншілік ауылындағы су мәселесі қазір ауыл жұртын қинап тұрғаны рас. Аудан әкімдігінде өткен аптада ғана есептік кездесу болды. Бұл мәселені Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына да хабарлап, облыстан тиісті қаражаттың бөлінуін сұрадым. Суды қазір Еркіншілікпен қоңсы қоныс тепкен бес шақырымдағы Еңбек ауылынан тасып ішіп отырғандар бар. Міне, осы ауылда 2018 жылы барланған су қоры бар. Содан құбырмен су жеткізсе мәселе шешімін табар еді. Бірақ аудандық бюджетте мұндай қаражат жоқ. Сол себепті облыстан мәслихат шешімін күтпестен жоба жасап, экскаватормен қазып, құбырлар орнатса, мәселе шешімін табар еді. Ауылда су құбыры қазылып, халық тұтынып жатқандықтан, төтенше жағдай жариялауға жатпайды, – дейді Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Бекім Әкімов.
Ауылдағы су мәселесінің аса күрделі жағдайда екенін Ерейментау ауданы әкімдігі де мойындады. Алғашқыда әкімдіктегілер «Ауылдан бес шақырым қашықтықтағы Еңбек ауылынан су тарту үшін станса орнатып, екі экскаватормен қаза береміз айналасы бір айдың ішінде суды тартып береміз» деп уәдені үйіп-төккен. Алайда ауылдағы жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады. Айналасы бір тәулік ішінде әкімдіктегілер көрші ауылдан су әкелудің мүмкін болмайтынын қайта хабарлаған. Ерейментау ауданының әкімдігіндегілер жағдайды зерттей келе қазылған ұңғыманы түзетуден басқа амалдары қалмағанын айтады.
– Қазылған су ұңғымасы тұзды болып шықты. Еңбек ауылына АРЭК өкілі және басқа да құзырлы орындардың өкілдерімен арнайы барып қайттық. Бірақ біріншіден, суды Еңбек ауылынан жеткізу қомақты қаржыны қажет етіп тұр. Сонымен қатар АРЭК-те бұл жобаны мақұлдамады. Қомақты қаражаты облыс әкімдігінен де алу ұзақ уақытқа созылады. Сондықтан қолда бар Еркіншіліктегі су ұңғымасына сүзгі орнатып, тазартып амалдауды жөн көріп отырмыз. Әзірге басқа амал болмай тұр, – дейді Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Саят Ержанұлы.
Сонымен, әзірге 5 мыңға жуық халқы бар ауыл жұртының мәселесі жуық арада шешімін табар түрі көрінбейді. Ауданның бюджет қоржынында ауылға су тартып бере алатындай қаржысы жоқ. Облыстан қосымша қаржы қарастырылса ғана мәселе шешімін таппақ. Бірақ ол үшін де тағы қағазбастылық пен азуын айға білеген ірі компаниялардың «рұқсаты» қажет екен. Сонда сапасы төмен суды тұтынуға мәжбүр болып, айдың-күннің аманында денсаулығынан айырылған халықтың өмірі мен денсаулығы қаншаға бағаланбақ? Жағдай «Aiqyn» газетінің одан әрі де бақылауында болмақ...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы