Б.Әбдіғалиұлы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды, ол шағын баяндамасынан соң журналистердің көптеген сұрағына жауап берді. Аймаққа инвестиция ауадай қажет. Барлық дамудың кілті инвестицияға байланысты. Әкімнің сөзі осыны ұқтырды.
Ал өңірге инвестиция тартуға мүмкіндік беретін қандай тетік бар дегенде, 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді даму жоспарын айтуға болады.
Шынында да, соншалықты көп уақыт өте қоймағанына қарамастан, Кешенді жоспарды іске асыру басталғаннан бері облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылды. Өңірге құйылатын қаржы алдағы уақытта өсе түспесе, кемімейді. 2027 жылға қарай облыс экономикасына 1,4 трлн теңге, соның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестициялар тартылады деп күтілуде.
Экономиканы әртараптандыру жаңа инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Өңірде кейінгі жылдары ағаш бұйымдары өндірісінің 5,5 есе, тоқыма бұйымдары 2 есе, сусындар 2,5 есе, электр жабдықтары өндірісінің 2,6 есе өсуі байқалады. Бұл осы салаларға құйылған инвестициялық қаражаттың арқасында мүмкін болып отырғанын түсінудің еш қиындығы жоқ. Әкімнің баяндамасында атап көрсетілгендей, облыста негізгі капиталға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, шамамен 153 млрд теңгені құрады.
Жезқазған қаласының іргесіндегі Талап ауылының территориясынан биыл жеке кәсіпкердің қаржысына кірпіш зауыты бой көтерді. Зауыттың қуаттылығы жылына – 20 млн дана кірпіш. Осы бір ғана кәсіпкердің кірпіш зауыты облысқа сырттан әкелінетін кірпішке тәуелділікті 20%-ға азайтты. Міне, инвестиция игілігі деген қандай!
Қазір облыста жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 нысанды іске асыру жалғасуда. Олар қандай нысандар? Бұлар – тазартылмаған мыс концентраттарын гидрометаллургиялық қайта өңдеу тәжірибелік зауыты, өнеркәсіптік реагенттер шығаратын химия зауыты, «Жомарт» кен орны негізінде мыс өндіру зауытын газдандыру арқылы жаңғырту.
Облысты дамыту, өркендету қажет. Бірақ бұл өздігінен бола қалмайды. Облыс басшылығы алдағы уақытта облысты қалай дамытуға болатыны жөнінде үнемі ізденіс үстінде десе де болғандай. Соның арқасында қазір өңірдің 2027 жылға дейін 2 000 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін, жалпы сомасы 760 млрд теңге шамасындағы 15 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды.
Бұл ретте инвестиция тарту жер қойнауының байлығын пайдалануға ғана байланысты болып отырған жоқ. Ең бастысы да осы. Облыс құрылғаннан кейін өңірде агроөнеркәсіптік қызмет саласында да, электр энергиясының жаңартылатын көздерін дамыту сияқты жаңа жобаларға да жол ашылуда.
Мәселен, жуырда ғана облыс әкімдігі қазақстандық инвестормен және олардың қытайлық серіктесі – SinoHydro холдингімен үшжақты меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес өңір аумағында алдағы уақытта жел электр стансалары бой көтереді және сол стансаларға қажетті мұнаралардың металл конструкцияларын шығаратын зауыт салынатын болады.
Ұлытау еліміздегі ең қымбат облыс қатарына жатады. Өйткені облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тек үш түрі ғана өндіріледі. Бұлар – ет, ұн, нан. Ал қалған азық-түліктің бәрі де көршілес облыстардан жеткізіледі. Сондықтан ауыл шаруашылығына инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды жүзеге асыру күн тәртібіне өткір қойылып келеді. Облыстағы агроөнеркәсіптік кешен саласында 230-дан астам жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 7 млрд теңге болатын 6 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Бұлардың қатарында Жаңаарқа ауданында мал сою цехы бар 10 мың бас малға арналған мал шаруашылығы кешенін құру, Жезқазған қаласында құс етін өндіретін құс фабрикасын салу, Сәтбаев қаласында құс етін қайта өңдеу цехын іске қосу, Жезқазған қаласындағы ұн тарту кешенін жаңғырту, сондай-ақ облыста кемінде 400 гектар картоп пен көкөніс өсіру, 100 гектар жем-шөптің ауыспалы егістерін құра отырып, құрғақшылыққа төзімді жемшөп дақылдарын өсіруді енгізу тәрізді жобалар бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру ішкі нарықты құс етімен, сүт өнімдерімен, картоп және көкөніс өнімдерімен 30%-ға қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Қазір аталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Демек, халық көп кешікпей инвестиция игіліктерін нақты сезіне бастайтын болады.
Шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөлу – жекелеген инвестицияны экономикаға тарту деген сөз. Облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі артып келеді. Бұл өте қуанышты жағдай. ШОБ субъектілері жыл басынан бері облыс бойынша 93 млрд теңгенің өнімін шығарды, жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 19 мың бірлікті құрады. Сонымен қатар жұмыспен қамтылғандар саны да 15%-ға артып, 32 мың адамға жетті.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында құны 7,4 млрд теңге болатын 250 жобаға қолдау көрсетілді. Облыста сондай-ақ бастапқы бизнесті іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру де жақсы жолға қойылған. Соңғы бірер жылда кәсіпкерлерге жалпы сомасы 600 млн теңгеге жуық қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді. Мемлекет кәсіпкерге ісін бастауға көмектеседі, ал кәсіпкер шаруасын жолға қойған соң жұмыс орындарын ашады, өнім шығарады, қызмет көрсетеді, салық төлейді. Екіжақты тиімділік арқасында экономика дамиды.
Өңірдегі экономикалық дамудың бір көзі – туризм. Жезқазған-Ұлытау аймағы тарихи ескерткіштерге өте бай. Өкініштісі сол, жол қатынасы, инфрақұрылым нашар. Бірақ соған қарамастан, биылғы жартыжылдықта өткен жылмен салыстырғанда өңірге келуші туристер саны 7%-ға өскен екен. Бір қызығы, шетелдіктер саны да 2 есеге жуық артқаны байқалады. Бұл өңірдің туристік әлеуетін байқатады. Сондықтан облыс басшылығы бұл салаға да инвестиция тартуға өте қатты мән беріп отыр. Қазір облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС арасындағы меморандумға сәйкес корпорация Ұлытау бөктеріндегі «Тасбұлақ», «Күмісбұлақ» демалыс аймақтарын және Әулиетау маңайын осы заманға сай етіп қайтадан күрделі жөндеуден өткізуді қолға алды. 2024 жылы Жезқазған қаласында құны 1,5 млрд теңге болатын жалпы сыйымдылығы 100 орындық 2 қонақүйді іске қосу жоспарлануда.
«Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне дейінгі жаңа жолдың құрылысы да келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Қазір мұнда қызу жұмыс жүріп жатыр.
Б.Әбдіғалиұлы баспасөз мәслихатында барлық саланы қамтыды, қойылған сұрақтардың бәріне де нақтылы анық жауап қайтарды. Жаңа облыс алғашқы қиыншылықтарды еңсерді, енді даму жолына бет бұрды. Көп жыл бойы қордаланып қалған мәселелер кейбір шаруалардың жылдамдатып шешімін табуына қолбайлау болып жатқаны да рас. Мұны әкім де жасырған жоқ. Бірақ алынбайтын асу болмайды.Кемшіліктер жойылады, бәрі де жолға қойылады. Облыстың Кешенді даму жоспары, соған сәйкес атқарылып жатқан жұмыстар көңілге осындай сенім ұялатады.
Майлыбай КЕТЕ,
Ұлытау облысы