Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау ұйымдарының басшыларымен өткізген кеңесте «Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдіске бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады», – деген еді.
Мемлекет басшысының тәртіп пен тазалықты сақтауға бағытталған бастамасын жастар қолдап жатыр. Оған футбол жанкүйерлерінің игі бастамасы куә.
Әдетте футбол сүйетін жанкүйерлерді эмоцияға берілгіш, қызуқанды азаматтар деп бағалайтынымыз бар. Төрткүл түниенің түкпір-түкпірінде футбол жанкүйерлерінің төбелескенін, стандиондардағы орындықтар мен түрлі жабдықты қиратқанын талай естігенбіз. Қазақстанда да футбол фанаттарының жұдырықтасқан кездері болған. Дегенмен соңғы кездері жанкүйерлер арасында жақсы үрдіс басталды. Жақтасатын командаға рухани-психологиялық дем беріп қана қоймай, отырған орнын тазалайтын дәстүр қалыптасып келеді. Сөзімізге дәлел ретінде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен Солтүстік Ирландияның, одан соң Сан-Марино командасының арасындағы матчтан кейінгі әрекетті айтар едік.
Бұрын футбол жанкүйерлерінің стадиондарды тазалайтынын сирек еститінбіз. Әрине, жекелеген клубтарды жақтайтын еріктілердің мұндай әрекет жасағаны бар. Бірақ көп жағдайда стадиондағы тазалық жұмыстарымен арнайы мекеме мамандары айналысатын. Ал өткен қыркүйекте жастар ұлттық құраманың Солтүтік Ирландиямен болған матчынан кейін жастар стадионды тазалады. Одан соң кеше ғана, 18 қазанда Сан-Марино командасымен болған ойыннан соң бұл дәстүр жалғасын тапты. Тазалық жұмыстарына қала тұрғындары, «Астана жастары» КММ белсенділері мен еріктілері атсалысты. Жанкүйерлердің белсенділігі ғана емес, олардың ауызбіршілігі де жұртты сүйсіндірді. Әлеуметтік желілерде игі бастаманы қолдаушылар мол болды. Жақсы бастаманың қолдау табатыны да байқалып жатыр. Бұл дәстүрді әр аймақтағы клубтардың жанкүйерлері де қолдап кетуі мүмкін. Өйткені игілігі мол бұл бастаманы танымал блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділері байқап, назардан тыс қалдырмады. Олар Қазақстан құрамасы жанкүйерлерінің стадионды тазартып жүрген кадрларды парақшаларында жариялап, игі істің насихатталуына ықпал етті.
Жалпы, футбол жанкүйерлерінің мұндай әрекетіне көпшіліктің назары 2018 жылы ауды. Сол жылы футболдан Ресейде өткен әлем кубогында Жапония құрамасының жанкүйерлері стадионды жинап кеткен еді. Жапондардың тазалыққа деген құштарлығы алғаш рет 2014 жылы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатына байқалған. Сол жылы көпшілік қауым жапондардың әрекетіне таңданысын жасыра аламған еді. Ал жапон халқы – тазалыққа жақын. Жапондар балаларды мектеп кезінен бастап тазалыққа бейімдейді екен. Жапондардың бұл әрекетін BBC-ден бастап, әлемнің ірі медиа құралдары жарыса жазғаны бар. Таңданысын жасырмаған-ды. Сөйтіп, онсыз да даму көрсеткіші арқылы әлемнің алдыңғы қатарында жүретін Жапония тағы бір қырынан танылған. Әрине, мұны жарнама дерсіз. Біздің пайымдауымызша, тазалыққа құмар болу жарнамадан бұрын адам бойындағы жағымды қасиет. Ұлттың сан қырының біреуі.
Қазақ халқы да тазалыққа құмар. Көктемде, Ұлыстың ұлы күнінде бұлақтың көзін ашып, төңіректі тазалайды. Күл-қоқысты шашпайтын. Тазалықтың өзі обал ұғымымен байланыстарын кездері аз емес. Тек қалалық бола бастаған соң тазалық жасауды коммуналдық қызметтің міндеті деп ұқтық па, оған мән беруіміз сиреген еді. Салғырттығымыз спорт жарыстарын көрермен ретінде тамашалаған кездерімізде де байқалатын. Енді сол кемшіліктің орны толатын сыңайлы. Қазақ жастары да мәдениетті, тәртіпті болудың мәнін ұға бастағаны сүйсінтті. Әдемі дәстүр – бұл.
Cымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ