Ақмола облыстық соты «Охотзоопром» қызметкерлеріне оқ атқан браконьерге үкім шығарды, – деп хабарлайды КТК арнасы.
Ақбөкенді аулауға шыққан Анатолий Бонякевичтің атқан оғынан табиғат қорғау инспекторы мерт болып, тағы бір қорықшы ауыр жараланған еді.
«Жалпы көлемде 18 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарылды. Жәбірленуші Тұяқованың талап арызымен 10 миллион теңге шамасында моральдық өтемақы өтеу және жәбірленуші Оспановқа 1,5 миллион теңге моралдық өтемақы төлеу туралы шешім шығарылды», – деді судья Торқалы Бектұрсынов.
Браконьер жазасын қауіпсіздігі жоғары колонияда өтейді. Бұл қанды оқиға кезінде Анатолий Бонякевичтің 13 жастағы ұлы қасында болған. Ол бұл істе куәгер ретінде қатысты.
Айта кетейік, оқиға былтыр шілде айында Жарқайың ауданында «Охотзоопромның» инспекторлары заңсыз аң аулап жүрген «Нива» автокөлігінің соңына түсіп, жолын кеспек болғанда браконьер қос ауыз аңшы мылтығынан оқ жаудырған.
Осы кезде инспектор Қаныш Нұртазинов қайтыс болған еді. Ал онымен бір көлікте болып, жүрек тұсынан жараланған Самат Оспанов қазір денсаулығы түзеліп, қызметіне қайта кірісті.