«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіру және Отбасы банкін толыққанды даму институты ретінде қайта құру мақсатында әзірлеген екен. Соның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының тізбесін анықтау, тұрғын үйге мұқтаждық өлшемшарттарын айқындау, тұрғын үйге мұқтаж адамдардың кезегін жүргізу тетігін жетілдіру, олардың жалға алу төлемдері бойынша субсидияларды өндіріп алудан және оларға билік етуге шектеу қоюдан қорғауды заңнамалық тұрғыда бекіту, кондоминиум объектісін басқару органдарының қызметі жөніндегі нормаларды жетілдіру және тағы да басқа мәселелер қарастырылған. Құжатты бірінші оқылымда таныстырған баяндамашы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа қойылған сұрақтардың дені екінші оқылымға арналған қосымша ұсыныстар ретінде қабылданды деуге болады.
Мәселен, депутат Мұқаш Ескендіров заң жобасы бойынша кезекке қою, есебін жүргізу және пәтерлерді бөлу әкімдіктерден алынып, толықтай Отбасы банкінің құзыретіне берілмек екенін алға тартып, әкімдіктерді бұл процестерден тысқары қалдыруға болмайтынын ескертті. Өйткені банктің филиалдары тек облыс орталықтарында орналасқан. Олар аудандар мен шағын қалаларды қамти алмай қалуы мүмкін. Депутат Екатерина Смышляева құжатта Отбасы банкін екінші деңгейлі банктер жүйесінен алып тастау көзделгендігін айтып, ондай жағдайда кепілдендірілген салым мәселесі мен лицензиялау және қаржылық қадағалау органдарының құзыреті қалай өзгеретінін сұрады. Ал аманаттық халық қалаулысы Мархабат Жайымбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың басында әлжуаз топтарды қолдау мақсатында жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасы қабылданғанын, 70 мың адамды қамтитын 50 млрд теңге қаржы бөлінген бұл құжаттың қызығын тек 12 мың адам ғана көріп отырғанын айтып, оның неге баяу жүріп жатқанын сұрады. Ал қосымша баяндамашы, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, Үкімет өзі енгізген заң жобасында жекелеген санаттардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға «бірінші кезектегі құқығын» алып тастауды ұсынған екен. Олар – халықтың әлеуметтік осал топтарының 4 санаты.
Жалпы, заң жобасы бойынша 379 түзету келіп түскен екен. Олар жұмыс тобының 19 отырысында және комитеттің кеңейтілген отырысында қаралған. Құжат бойынша 23 заңнамалық актіге, оның ішінде 4 кодекс пен 19 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделуде.
Күн тәртібінен кейінгі кезек депутаттардың өздеріне тиді. Түрлі инстанцияларға сауал жолдаған олар лудомания, браконьерлікпен күрес, ШҚО-дағы газ мәселесі, Тараздағы туризм тақырыптарын қозғады. Мәселен, Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевқа жолдаған сауалында «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев елімізде лудомания, яғни ойынқұмарлықтың өршіп бара жатқанына назар аудартты. Қоғамның үлкен дертіне айналып отырған бұл мәселеге, тіпті, Мемлекет басшысының өзі назар аударып, оған шектеу қою туралы нақты тапсырма беруге мәжбүр болғанын айтқан ол «AMANAT» партиясының Мәжілістегі фракциясы заң жобасын даярлағанын жеткізді.
«Азаматтарымыздың ойынқұмарлыққа салынуына лотерея ойындарының да тежеусіз көп таралуы алғышарт қалыптастырып отыр. Мысалы, елімізде LOTOMatic, LOTOclub сияқты атаулармен жұмыс істейтін «Сәтті жұлдыз» компаниясынан лицензия алған екі компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір адамдар. Біреуі ақылы арнайы лоторея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі – елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады. Осы жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни, әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек қана ресми тіркелгендері. Бейресми, заңсыз жұмыс істеп жатқан тажалойын жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді. Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіреберісінде осы ойын автоматтары толып тұр. Бұл ешқандай да лоторея сататын автомат емес, ол – нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бір мезетте алатын ойын автоматтары. Оған қоса, аталған ойын автоматтарын кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық. Мемлекеттік органдардың салғырттығынан оңай ақша табамыз деп өз тағдырын қиратқан жас балаларымыз отбасыларын да сан соқтырып жатыр емес пе?!» – деді ол. Фракция жетекшісінің айтуынша, лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстың туындау көзіне де айналып отыр. Ұрлық жасау, жең ұшынан жалғасу, көлеңкелі бизнес және тағы басқаларының да түпкі себебі осында жатыр. Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейді. Ең қызығы, осы ойын автоматтары мен оларға қажетті жабдықтар елімізде өндірілмейді, толықтай шетелдерден тасымалданады екен. Әрі бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолмен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Яки, олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Бұл тұнып тұрған қылмыстық топтың іс-әрекеті деуге болады. Сондықтан да ол еліміздегі бүкіл лотерея терминалдарына тексеру жүргізіп, оларды шетелдерден Қазақстан аумағына импорттауға толықтай тыйым салуды ұсынып отыр.
Ал Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған аманаттық депутат Дүйсенбай Тұрғанов браконьерлерге қарсы күресті күшейте түсуге шақырады.
«Біздің елімізде экологиялық жүйелермен биологиялық түрлердің алуантүрлілігі бар екені белгілі. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының сұраныстарының бірі – еліміздің болашақ ұрпағы үшін қоршаған ортаны қорғауды күшейту және табиғи байлығымызды қалпына келтіру жөнінде нақты шаралар қабылдау. Қазір браконьерлікпен күрес мәселесі ерекше өткір болып тұр. Мысал ретінде Каспий теңізіндегі браконьерлік фактілерін келтіруге болады. Өкінішке қарай, қазір браконьерлер табиғатты қорғау инспекторларына қарағанда жақсы жабдықталған. Ұзақ уақыт бойы шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – ол браконьерлердің бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз қылмыстық аулау үшін арнайы жасалған «байда» деп аталатын жүзу құралдарын пайдалануы. Бұл байдалар қауіпсіздік техникасының талабы бойынша мүлдем жабдықталмаған. Сонымен қатар байдалар су қоймаларында азаматтардың өміріне қауіп төндіреді. Браконьерлік байдалар басқа қайықтармен соқтығысып, адам өліміне әкелген. Облыстың құқық қорғау органдарында тіркелген мұндай жағдайлардың статистикасы шынымен қорқынышты – 7 адам қаза тапқан, оның үшеуі соқтығысу кезінде жарақаттар алған, ал төрт адам суға батып кеткен, оның ішінде бір полиция қызметкері де бар», – деді ол.
Мәселені шешу үшін депутат браконьерлер қолданып жүрген байда үлгісіндегі қолдан құрастырылатын жүзу құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуге, тіркеуге және есепке қоюға тыйым салуды, Жайық-Каспий бассейнінің қорық аймағы аумағында жеке тұлғалар үшін (уәкілетті органдарды қоспағанда) қуаты 40 ат күшінен асатын аспалы моторларды пайдалануға тыйым салуды ұсынады.
Депутат Ермұрат Бапи Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы тұрғындары атынан «Тарбағатай-Мұнай» (ТМБ) серіктестігіне қатысты мәселені көтеріп, дабыл қақты. Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында ол:
«2007 жылдан бері Зайсанның Сарыбұлақ кенішінде өз қаражатына барлау жүргізіп, оны өз күшімен және шетелдік инвестицияның көмегімен ашып, 100 шақырымға жуық газ құбырын тартып, облыс әкімдігінің сұранысы бойынша 7 миллион доллар жеке қаражатына Зайсан тұрғындарына газ тартып берген компания бүгінде банкрот болудың алдында отыр. Компанияның банкрот болу себебі екеу. Біріншіден, Зайсандағы газдың қоры түгесілуге тақау. Енді бірер жылда жергілікті халық қайтадан «таз кепешін» киіп, көмір мен тезек жағуға көшеді. Газ қорының шектеулі екені әу баста билікке ескертілген. Екіншіден, «Тарбағатай-Мұнай» компаниясын салық және прокуратура органдары «қылқындырып» тастаған. Салықтық міндеттерді тексерудің көпе-көрнеу бұрмалануы салдарынан серіктестікке 10 миллиард теңгенің қосымша салығы мен өсімпұл салынған. Егер «саусақтан сорылып» салынған осы салықтың салдарынан серіктестік өз жұмысын тоқтататын болса, 200-ден астам газ өндіруші отбасы жұмыссыз қалайын деп тұр. Бірақ компания құрылтайшылары газшыларды жұмыссыз қалдырмау үшін жердің терең қабатында жатқан ауыр мұнай қорына барлау жасаған. Анықталған көлемі 100 млн тонна болатын осы ауыр мұнайды өндіріп, Қытайдың Қарамай зауытына дейін құбыр тартып, өңделген өнімнің үлесі арқылы табыс табуды көздеп отыр. Бұл өндіріске 200 миллион доллар инвестиция жұмсауға ықыласты Гонгконг компаниясы дайын тұр. Бірақ бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес. Себебі заңсыз салынған салықтың салдарынан компания жабылып тынатын түрі бар. Президент Тоқаев әлемді шарлап, ел экономикасы үшін жер-жерден инвестиция іздеп жүрсе, елдегі арамтамақ менеджерлер «өз аяғымен» келіп тұрған жобаны «бесігінде тұншықтырып» өлтірмек», – деді.
Ал Қазақстанның Еңбек Ері, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға Жамбыл облысының орталығындағы «Көне Тараз» музейі ғимаратының жай-күйін жеткізді. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мемлекеттік бюджеттен 950 млн теңгеге салынған ғимарат арада бір апта өтпей жатып жабылып қалған. Себебі ғимарат жарамсыз, жаңбыр төбесінен сорғалап ағып, астыңғы бөлігін су алып, электр жабдығы мүлдем істен шыққан. Жергілікті әкімдік қосымша қаржы жұмсап, жөндегенінен де түк пайда болмаған. Содан бері 8 жыл өтсе де, музей ғимараты бос қаңырап тұр.
«Бұл мәселе бойынша талай мәрте дабыл қағылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім қабылданған жоқ. Әлдеқандай жобалық-қаржылық мәселе әзірленуде, дегеннен артық әрекет жоқ, бірнеше жылдан бері сөзбұйдалық жалғасуда. Түйіндеп айтқанда, 1 миллиард теңгеге жуық мемлекет қаржысы құмға сіңген судай болып отыр. Сізден осы музей ғимаратын кезінде қабылдап алған Жамбыл облысы әкімдігінің әрекетіне әділ құқықтық баға беріп, лауазымды және тиісті өкілеттілігі болған қызметкерлердің жауапкершіліктері нақты қаралуына, мұражай мәртебесінің айқындалуына, ғимараттың тағдырын оң шешуге ықпал етуіңізді сұраймын. Бұл әділетті Қазақстан құрудың мақсат-мүддесіне толық сай келеді», – деді ол.
Нұрлан ҚОСАЙ