Әрине, мұның бәрі Президенттің бастамаларынан туындап отырғаны сөзсіз. Осы ретте Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Қазбек Майгелдиновпен сұхбаттасқан едік.
– Қазбек Өмірзақұлы, соңғы төрт жыл түбегейлі өзгерістер жылы болды. Бұлай деп ширығу мен ширауға ғана емес, шиеленісу жағдайларына да қатысты айтсақ қателеспейміз. Өзіңіз қалай ойлайсыз?
– Менің ойымша, қоғам дамуы біртіндеп үдеп, жаңа рельске түскен жылдар болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы билікке келгеннен-ақ саяси реформалар пакетін ұсынған болатын. Соның ең негізгі межесі былтырғы наурыз айындағы Жолдау болды. Онда еліміздегі ең үлкен саяси үрдістің көрінісі, демократияның Қазақстандағы озық үлгісі – Конституциялық жалпыхалықтық референдум жарияланды. Оның нәтижесінде 33-тен астам заңнамаға өзгеріс енгізілді. Бұл жерде мен үшін саяси реформалар аясында жүзеге асырылған механизмдердің ішінен ең маңыздысы – Мемлекет басшысы жария еткен Әділдік принципі. Бұл қағидаттар қалай көрініс тапты? Біріншіден, Конституциямызға: «Жер мен оның қойнауындағы байлық халыққа тиесілі» деген 1993 жылғы бап қайта оралды. Оның нәтижесінде тәуелсіздік тарихында алғаш рет «Ұлттық қор – балаларға» атты бастама қолға алынып, жер қойнауындағы байлықтан түсетін инвестициялық түсімнің 50%-ы әрбір 18-ге толмаған қазақстандық баланың есепшотына аударылатын болды. Енді оның нәтижесін көру үшін мұнда ашықтық саясаты жүргізілуі керек. Бұл реформаның әрбір қазақстандық отбасы үшін нақты нәтиже берген көрінісі деп бағалауға болады.
Қоғамдағы шиеленісу мәселесіне келер болсақ, елімізде соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық, басқа да келеңсіз жайттар көп кездесіп, көп айтылып жатыр. Ол нені білдіреді? Қазір құқық қорғау органдары, прокуратура, әсіресе сот әділдігіне деген сұраныстың өте жоғары екенін білдіреді. Жалпы, қоғамдағы сенім мәселесінде осы әділдік принципі сот шешімдеріне тікелей байланысты. Бұл тұрғыдан алғанда Президент бастамалары адам құқықтарын қорғау бағытындағы конституциялық өзгерістерге жаңа екі бап болып енгізілді. Олар – Конституциялық Соттың құрылуы және Адам құқықтары жөніндегі Уәкілге көбірек құзыреттің берілуі. Қазір барлық өңірде омбудсмендердің филиалдары жұмыс істеуде. Конституциялық Сот қазірдің өзінде мыңдаған қазақстандықтың өтінішін қабылдап жатыр. Адам құқықтары мәселесі кез келген қазақстандық азамат үшін маңызды. Әділдік іздегенде барлық инстанцияның, соның ішінде барлық сот жүйесінің үстінен қарайтын жеке-дара мемлекеттік органның пайда болуы өте маңызды шешім болды деп ойлаймын. Жарты жылдан астам ғана жұмыс істеп жатқан осынау адам құқықтарын қорғау институтының алдағы уақытта күшейе түсетіні еліміздегі әділеттілік принципін толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп сенемін.
– Өткенсіз бүгін жоқ. Біз осы өткен күндерде бүгінімізді жоғалтып ала жаздаған жоқпыз ба? Біз қай жерде қиыс кеттік? Тарихқа көз салып, өткенді шолып көрейікші.
– Тәуелсіздік тарихымызда ерекше із қалдырған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы шын мәнінде ел дамуының, әсіресе саяси институттар дамуының құлдыраудан жаңа деңгейге өту кезеңі болды. Өйткені сол уақытқа дейін елдегі олигархат пен олигаполия биліктің бір топтың қолында шоғырланғанын қалады. Солай болды да. Барлық ресурс бір отбасының үлесіне тиді. Оның экономикалық зардаптары үлкен еді. Мұның барлығы одан да басқа келеңсіз жағдайлардың кең тарауына алып келді. Соның кесірінен біздегі саяси институттар арасында оң бәсекелестік болған жоқ. Түптеп келгенде, жемқорлық кең тарады. Сондықтан, менің ойымша, біздің Қазақстанның дамуы 90-жылдардың басында дұрыс еді, яғни президенттік республика унитарлы мемлекет ретінде сол кезде қажетті қадам болды. Өйткені еліміздің территориясы үлкен, оның шекарасын бекіту, делимитация, демаркация жүріп жатты. Сондықтан орталықпен, яки сол кездегі Алматымен байланысты нығайту жүріп жатты. Сол тұрғыдан қарағанда биліктің бір қолда шоғырлануы керек болды. Тіпті, ол сол кезеңдерде өзінің өміршеңдігін де көрсетті. Өйткені уақыт талабы сондай еді. Бірақ бұл үрдіс кейіннен суперпрезиденттік биліктің қалыптасуына алып келді. Көп нәрсе 2010 жылдан кейін, яки 2009 жылы экономикалық дағдарыстан соң өзгерді, елімізді демократияландыру жолында жаңа саяси көзқарастар, жаңа саяси топтар пайда бола бастады. Бұл жаңа саяси элитаның қалыптасуы жүріп жатқан кез еді. Міне, осы кезде түбегейлі саяси реформалар жасау қажет еді. Себебі «әуелі экономика, одан кейін саясат» деген 90-жылдарда бастау алған қағида 2010 жылы өзінің шарықтау шегіне жетіп, оны әрі қарай сол кездегі саяси базисті экономикалық дамуға сәйкестендіріп жасау керек болатын. Өкінішке қарай, оның барлығы он жылға кешіктірілді. Нәтижесінде, міне, 2019 жылдан бергі саяси реформалар пакеті пайда болды. Онда да ол қазіргі Президентіміздің саяси ерік-жігерінің арқасында жүзеге асты. Елдегі саяси институттардың, билік тармақтарының арасындағы арақатынасты, әсіресе суперпрезиденттік биліктен кейін сақталып қалған орталықтандыру саясатының нәтижесінде қалыптасқан жүйені өзгерту керек болды. Саяси тепе-теңдік жасау, жергілікті өзін-өзі басқаруға барынша мүмкіндік беру, суперпрезиденттік билікті тамырымен жою, оның орынына парламенттік билік, яки «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын енгізу қолға алынды. Мұндағы басты мақсат – заң шығарушы органның мәртебесін, билік тармақтары арасындағы басымдығын айқындау. Оның нәтижесін де көріп отырмыз. Қазір мажоритарлық жүйе арқылы Парламентте 6 партия, соның ішінде жаңа партиялар жұмыс істеп жатыр. Заңды қабылдайтын да, заңды бекітетін де Мәжіліс. Мен мұны алғашқы қадам деп есептеймін. Сондықтан мұндай ықпалды Парламенттің құрылуы қазіргі уақыт талабы деп білемін.
– Жаңа даму рельсі деп қалдыңыз. Президент бастамалары Қазақстанды даму рельсіне қайта қоя алды ма?
– Президент бастамалары Қазақстанды қазір шын мәнінде даму рельсіне қою үстінде. Бұл бір мезетте орындала қалатын дүние емес. Мәселен, саяси реформалар үш-төрт жылдан бері жүзеге асып келе жатса да, оның нәтижесі осы өзгерістердің жүзеге асырылуымен тікелей байланысты. Қазірдің өзінде, мысалы ауыл әкімдері сайланып жатыр, биыл аудан әкімдерінің пилоттық сайлауы өтті. Әрине, барлық жерде сәтті өтіп жатыр деп айтуға келмес, дегенмен біз мұндай жолдан өтуіміз керек. Яғни, сынды көтеру арқылы дами аламыз. Өзгерістер арқылы жүзеге асып жатқан жалпы бастамалардың бағыты оң. Мақсат – елдегі демократиялық үрдістерді ілгерілету нәтижесінде адам құқығы мен саяси институттардың толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Сол кезде ғана бізде елімізде дамудың тұрақты үрдісі жүзеге асатын болады.
Жалпы, қазіргі дамыған мемлекеттерге қарайтын болсақ, ең басты үлгі ретінде солтүстік Еуропа, яки Скандинавия мемлекеттерін айтуға болады. Өйткені әлеуметтік, экономикалық, адам құқықтарын қорғау сияқты базалық принциптерді жүзеге асырып жатқан мемлекеттер – осы Финляндия, Норвегия, Швеция сияқты елдер. Енді осы мемлекеттердің табыс формуласына қарайтын болсақ, біріншіден, бұл жерде гендерлік саясаттың толыққанды жүзеге асуын көруге болады. Яғни, ол жердегі мемлекеттік органдар мен биліктегі әйелдердің үлесі қазір 45-50%-ға жетіп отыр. Мысалы, қазіргі үкіметінің құрамында тең жартысы – әйелдер. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, ана мен бала құқықтарын қорғауда әйелдердің өзіндік көзқарасы бар. Сондықтан осы принциптер толыққанды жүзеге асқан, әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік әл-ауқатты көтеру бұл мемлекеттерде өте жоғары деңгейде шешілген. Менің ойымша, Президент бастамаларында жастар мен әйелдер және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін 30%-дық квотаның енгізілуі гендерлік саясатты ұйымдастырудың басты құралы болмақ. Бәлкім, оны одан әрі жоғарылату керек болар. Қазір бұл өте қажет дүние. Өйткені еліміздегі мемлекеттің басты құндылығы ол адам болса, оның мемлекеттің толыққанды мүшесі ретінде даму факторы, ол – оның отбасы. Сондықтан осы отбасы институтын дамыту мақсатында әйел адамның өміріне қолсұқпау принципі қатаң сақталуы тиіс. Тіпті, ол туралы арнайы заң қажет. Онда олардың құқықтарын қорғап қана қоймай, мүмкіндіктерін де кеңейту керек. Өйткені бұл бүгінгі маңызды мәселе. Отбасы институтының қалыптасуы, болашақ ұрпақтың тәрбиеленуі бірінші кезекте анаға байланысты болғаннан кейін бізге әйел құқықтарын толыққанды қорғайтын, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңнама қажет. Соның аясында бала тәрбиесі, патриотизм сияқты тұжырымдамаларды сыйдыруға болады. Қазір бізде Қорғаныс министрлігінің Патриотизм туралы тұжырымдамасы бар. Бірақ ол аздық етеді. Сондықтан да осындай бастама қажет-ақ.
– Әңгімені идеологияға әкеп тіредіңіз. Осы тұрғыда қандай бастама ұсынуға болады? Ойыңызда жүрген ұсыныстарыңыз бар ма?
– Иә, одан кейін тағы бір үлкен мәселе – еліміздегі идеологияны қалыптастыру және жүзеге асыру. Елімізде ақпараттық саясат өте әлсіреп отыр. Фейк ақпараттардың немесе жалпы ақпараттардың таралуын қабылдауда азаматтардың иммунитетінің жоғы қандай да бір нақты идеологиялық құжаттың жоғында жатыр. Сол себепті «Еститін мемлекет», «Екінші Республика», «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» принциптерін дамыта берген жөн. Әділетті Қазақстан дегеніміз – заң мен тәртіптің үстемдігі деп Президентіміз атап өткендей, оның объектісі – адал адам принціпін де жан-жақты ашып, оның түпкі мақсаты не екенін көрсететін тұжырымдарды насихаттай беру керек. Енді осы айтылып жүрген принциптерді біріктіретін, оларды осыған дейінгі «көпұлтты, құқықтық, зайырлы мемлекет» деген конституциялық ұстанымдармен тығыз сабақтастыратын идеологиялық бір құжат қажет. Ол «Қазақстан–2030», «Қазақстан–2050», «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» сынды бағдарламалардың жалғасы ретінде қарастырылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, «Әділетті Қазақстан» атты жаңа тұжырымдамалық құжат өте керек. Ол жалпы мемлекет үшін, қоғам үшін, жеке азамат үшін лайықты, заманауи талаптарға сай бағдар бола алар еді. Ертеңге, болашаққа деген сенімнің кілті ретінде көрінер еді.
– Қалай ойлайсыз, бұрынғыдай бәрін Президентке артып қойған дұрыс па? «Қолмен басқару» әдісі қаншаға дейін шыдас беруі мүмкін? Билік тармақтарында жауапкершілік деген дүние неге азайып кетті?
– Әрине, бүгінде төтенше оқиғалар, апатты жағдайлар кезінде Президенттің тікелей араласуы немесе Президенттің тікелей тапсырма беруінен кейін проблемалардың шешімін табуы, яки «қолмен басқару» тәсілінің әлі де болса қоғамда немесе билік тармақтары арасында сақталып қалып отырғаны дұрыс емес. Бұл бірінші кезекте әр деңгейдегі билік өкілдерінің, жалпы тараптардың жауапкершілігінің әлі де болса төмен екенін көрсетеді. Президент бұл туралы қаншама рет ескертіп, оны жою бойынша қаншама рет тапсырма берді. Бірақ әлі де болса талап етуді күшейту керек. Облыс әкімі орынбасарларынан бастап әкімнің өзі, салалық министрліктердің басшылары мен орынбасарлары сынды нақты лауазымды тұлғаға жауапкершілікті нақты бекіту қажет сияқты. Сонда ғана белгілі бір нәтижелерге жетуге болады. Биліктің қай тармағын алмасаңыз да, қазір Президентке жалтақтау, әлі де болса түпкі шешімді Президенттің құзыретіне аудару сияқты үрдіс сақталып қалып отыр. Мемлекет басшысы мұны түсіне отырып, Президент Әкімшілігінің құрылымын да өзгерткен болатын. Ол Президент Әкімшілігі басшысының барлық орынбасарын алып тастап, тек Президенттің көмекшілері мен кеңесшілерін қалдырып отыр. Бұл да болса атқарушы билік тармақтарының жауапкершілігін көтеру мақсатында істеліп отырған дүние. Әрине, бақылаушылық, реттеушілік функция орталықта қалады, қалған жағдайда өңірлерге мүмкіндіктер берілген. Қазір, мәселен, атқарушы биліктің өзіндік еркіндігі күшейді. Бірақ бұл еркіндікті жай ғана еркіндік деп қабылдамау керек. «Судың да сұрауы бар» демекші, бұл – ертеңгі күнгі үлкен жауапкершілік. Бір сөзбен айтқанда, әрбір бөлінген теңге, әрбір берілген құзырет ертең жауап алу үшін жасалынған жүйе. Бірақ осының өзін қазір дұрыс түсінбей немесе дұрыс қабылдамай отырғандар бар. Уақыт өте келе біз мұнда белгілі бір жетістіктерге жете аламыз деп сенемін.
– Президент бастамаларының ішінен Ұлттық құрылтайда айтылған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» концепциясы туралы не айтуға болады? Бүгінгі қоғам әділеттілікке, адалдыққа дайын ба? Соңғы жиырма-отыз жылда біздің халықтың рухани-моральдық ұстанымдары қаншалықты өзгерді немесе бүлінді?
– Бұл алдыңғы жауаптың жалғасы болсын. Жауапкершілік тұрғысынан алғанда, жалпы жемқорлықты жеңу дегеніміз, Президент Ұлттық құрылтайда айтқандай, қоғамдағы саяси мәдениеттілікті, жалпы мәдениеттілікті, құқықтық мәдениеттілікті қалыптастыру үрдісін күшейту деген сөз. Өйткені пара дегеніміз – пара алушы ғана емес, пара беруші де екені түсінікті. Жемқорлық дегеніміз – бір адамның ғана қолынан келетін нәрсе емес, ол адамдардың ұйымдасқан тобы жүзеге асыратын әрекет. Ол жерде саналық тұрғыда өзгеріс болмаса, тек тыйым салу, жазалаумен мәселенің шешіле қалуы екіталай. Әрбір жемқорлық қаупіне жақын тұрған азамат өзі өмір сүріп отырған мемлекетке, қоғамға қаншалықты нұқсан әкелетінін түсінбейінше, оны еңсеру мүмкін емес. Ол үшін мұндағы тәрбиені балабақшадан бастау керек. Жастайынан бастап саяси мәдениеттілік, жалпы мәдениеттілік, ішкі тәртіп сияқты қағидаттарды адам бойына сіңірсек қана белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге болады. Өйткені зерттеулер көрсеткендей, 5-7 жас аралығы баланың қоғамдағы жүріп-тұру, мінез-құлық принциптерін қабылдайтын уақыт. Сол кезде берілген тәрбие ертеңгі үлкен өмірде де өзінің беріктігін барынша сақтайтын болады. Мемлекет басшысы айтқан «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» концепциясы өзінің бір бастауын міне осы жерден алады. Бұл тұжырымдама еліміздегі моральдық ұстанымдардың қай деңгейде екенін көрсетеді. Мысал ретінде айтсақ, біз өзіміздің салт-дәстүрлерімізді сонау Қазақ хандығы кезінен, оның бер жағы Ресей империясы, Кеңес Одағы кезінде де жоғалтпай сақтап қалған халықпыз. Ондағы «біреудің ала жібін аттамау», «елге адал қызмет ету» деген моральдық принциптер ғасырлар бойы жоғалмай келді. Бұл біздің адамгершілік деңгейіміздің әлі де болса биік екенін көрсетеді. Моральдық құндылықтар, әділ болу, оң жолмен жүру сияқты бабалардан қалған тәрбиенің барлығы үздіксіз жалғасып келеді, әлі күнге дейін өз ресурстарын сарқыған жоқ. Тек қана бір ағаттық, менің ойымша, 90-жылдары Кеңес үкіметінің құрамынан шығып, нарықтық экономикаға өту кезінде біз жаһандану үрдісінен тыс қала алмадық, осы кезеңдерде сыртқы ықпалға дер кезінде төтеп беретін, халқымыздың рухани-моральдық ұстанымдарын дамытатын қандай да бір басымдықтарға назар аударылған жоқ, содан болған сияқты. Бұл енді бір жағы түсінікті де. Ол шақта экономикамызды көтеру керек болды. Сол себеп басты назар да нарықтық қарым-қатынас мәдениетінің талаптарына қарай ойысты. Біз осыған байланысты моральдық-рухани құндылықтар бойынша 15-20 жылдық үзіліске ұшыраған сияқтымыз. Сыртқы ықпалдардың әсерінен, діни болсын, субмәдени болсын ұстанымдарда сәл ақсап қалдық. Бірақ иммунитетіміздің мықтылығы арқасында біз төтеп бере алдық. Бұл сол кезеңдерде ұлттық идеологияның бірден қолға алынбағанынан болды деп білемін. Енді осы олқылықтардың орнын толтыратын уақыт келді. Мұның барлығы осы сөз етіп отырған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жүзеге асуы тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ