Органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында 4-орынға шықты. Ал Еуроодаққа органикалық майлы зығыр тұқымын экспорттау жөнінен 6-орын алады. Енді осы салада селт еткізер бір жаңалық өмірге жолдама алмақ: Қазақстан гидропондық өндірісті «органикалық» деп атауға тыйым салады.
Осыны қарастыратын «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» және оған ілеспе заң жобаларын Мәжіліс мақұлдады. Бұл не үшін керек?
Агроном Болат Айтхожиннің түсіндіруінше, өсімдікті гидропондық әдіспен өсіру тәсілдерін адамзат байырғы замандардан бері қолданып келеді. Оның ең жарқын үлгісі – «әлемнің 7 кереметінің» бірі саналатын Семирамиданың салбыраған бақтары саналады.
Қызығы сол, гидропондық егіншілікте топырақ қолданылмайды. Мұнда топырақ алмастырғыштар, соның ішінде вермикулит, перлит, торф, кокос талшығы, минералды вата, құм, қиыршық тастар пайдаланылуы мүмкін. Олардың бар міндеті – өсімдіктің тамырларын ұстап тұру ғана. Өсімдіктің өзі бай қоректендіруші заттарға толы суда өседі.
«Гидропондық егіншіліктің көп артықшылығы бар. Бұл тұрғыдан оны революциялық тәсіл деуге болады. Біріншіден, ол егін шаруашылығы өнімдерін жылдың кез келген уақытында және әлемнің кез келген жерінде өндіруге мүмкіндік береді. Қуаңшылық, климаттың өзгеруі, топырақтың жаппай құнарсыздануы, эрозиясы және басқа да жаһандық теріс өзгерістер оған ықпал етпейді. Екіншіден, оның көмегімен аз ресурс шығындап, мол өнім алуға болады. Топырақтағыға қарағанда, мұнда өсімдік тез өседі, көбірек жеміс өнім береді. Себебі мұнда қоректендіруші заттар, ылғал іздеу үшін тамырларын кеңге және тереңге жаю өсімдіктен талап етілмейді. Оның барлығы суда бар», – деді Б.Айтхожин.
Тиісінше, өсуге, тамыр жаюға шығындайтын энергиясын өсімдік үнемдеп, оны жеміс беруге шоғырландырады.
Үшіншіден, мұнда Қазақстанда аса қат ресурс – су аз шығындалады. Дәстүрлі егіншіліктегі сияқты су топыраққа босқа сіңбейді, өсімдікті өсіруге тікелей, нысаналы түрде бағытталады.
Сарапшының пікірінше, бұл – болашақтың технологиясы. Гидропоника арқылы тұтас гиперлокалды азық-түлік жүйелерін құруға болады. Бұл арқылы қажетті өсімдіктерді үйде де, жылыжайларда да, контейнерлік фермаларда да өсіруге болады. Гидропондық жүйелерде фермер ауа райының қолайсыз болуынан бүкіл егіннен айырылып қаламын деп қорықпайды.
Әрі экологиялық таза өнімдермен тұтынушыларды жыл он екі ай қамтамасыз ете алады. Өйткені пестицидтер, гербицид және басқа химиялық зиянды заттардың, химикаттардың қажеті жоқ екен: гидропониканың оқшауланған, жабық жүйесі ашық далада, топырақта болуы мүмкін зиянкестерден, өсімдік дерттерінен қорғалған.
Гидропоникада топыраққа қарағанда, өсімдіктер сау, түрлі аурудан ада болады. Онда, тіпті арамшөп проблемасы да жоқ.
Олай болса, Қазақстан неге гидропондық өндірісті экологиялық таза органикалық егіншілік деп танудан бас тартпақ?
Сертификаттау – алынбас биік тау
Сарапшылардың түсіндіруінше, барлық проблема – тек терминде. Бүкіл әлемде экологиялық таза өсімдіктермен үйлесетін Organic бренді әу бастан топырақты таза, күтіп ұстауға бағытталған. Сертификаттау кезінде де басты шарттардың бірі осы. Ал гидропондық егіншілік бұл талапты орындай алмайды, өйткені гидропоника топырақты мүлдем қажетсінбейді.
Ұлттық салалық санаулы ғана (4) сертификаттың бірінің иесі Organic Village директоры Ренат Жапаровтың түсіндіруінше, органикалық өнім өндірушісіне қойылатын басты талаптар – экологиялық таза өнім шығару, бұл үшін ахрохимияның кез келген түрінен, соның ішінде пестицидтен, минералды тыңайтқыштардан және басқасынан бас тарту. Сонымен қатар ол шұрайы мен құнарлылығын сақтау үшін топырақты аялап, күтуге, егін айналымы тәртібін және өзге шарттарын сақтауға міндетті.
Биылғы 2023 жылғы қазанда Алматыда органикалық өнім өндірушіге тұңғыш қазақстандық сертификат табысталды. Қазақстанда әзірге бұл салада жалғыз ғана компания – Qazaq bio control өндірушілерді еліміздің ұлттық стандарттарына сәйкес сертификаттаумен айналысады. Оның өзі тұңғыш сертификатын таяуда ғана беріп отыр. Сертификатор компания былтыр аккредиттелген.
Қазақстанда органикалық өнімдерді өндірумен көптеген өндіруші, соның ішінде түрік, қытай компаниясы жұмыс істейді. Шағын фермерлер де жетерлік. Олар өнімдерін шетелге, әсіресе Еуропа мен Қытайға экспортқа шығаратындықтан барлығы еуропалық фирмаларда сертификатталған. Әйтпесе олардың өнімін сыртқы нарықта Organic түрінде ешкім қымбатқа сатып алмас еді.
Олар негізінен майлы, дәнді және бұршақты дақылдарды өсірумен шұғылданады. Ал қазақстандық сертификатты ішкі нарығымызға жұмыс істеуді жоспарлаған өндірушілер ғана алады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда 2000 жылдардың басында Еуропалық Одақ стандарттары бойынша сертификаттау процесін өз еркімен бастаған алғашқы шаруашылық субъектілері пайда болды. Олардың саны 70-тен асты, ал паспортталған егістік жерлерінің көлемі 300 мың гектарға жетеқабыл.
Енді отандық органикалық өнім өндірушілер қатарынан гидропондық әдіспен экологиялық таза көкөніс, жеміс және басқа дақылдарды өсіретіндер шығарып тасталатын болады. Олар тұтынушылар арасында жоғары бағаланатын, әрі қымбатырақ сатылатын Organic брендін пайдалана алмай қалады.
Парламент депутаттары ұсынысымен «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы» жаңа заңы жобасының 11-бабы жаңа талаппен толықтырылды.
«11-бап. Органикалық өнім өндіру шарттары. 1. Органикалық өнім өндіру кезінде мынадай шарттар сақталуы тиіс: «13) топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру әдістерін қолдануды болғызбау», – делінген заң жобасында.
Кем емес, онда неге тең емес?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін Қайта өңдеу департаменті мамандарының айтуынша, бұл ретте депутаттар халықаралық тәжірибені алып отыр. Дүниежүзінде АҚШ сияқты бірқатар ел ғана гидропондық егін шаруашылығын органикалық өнімге жатқызады. Қалғаны органикалық деп мойындамайды.
Ведомствоның дерегінше, «Органикалық өндірілген тамақ өнімдерін өндіру, өңдеу, таңбалау және өткізу жөніндегі нұсқаулықтары» атты Codex Alimentarius CAC/GL 32-1999 халықаралық стандартының нормаларына сәйкес, органикалық егіншілік жүйесі – топырақтың биологиялық белсенділігін арттыру, топырақтың ұзақ мерзімді құнарлылығын жоғарылату үшін әзірленген.
«Мұның сыртында Органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысының халықаралық федерациясының (IFOAM) нормативтік талаптарында бекітілген «Органикалық ауыл шаруашылығы қағидаттары» бойынша, органикалық өсімдік шаруашылығы топырақтың күйін сақтауы және жақсартуы тиіс. Ал гидропоникалық өндіріс егінді топырақсыз өсіру әдісі болғандықтан, ол органикалық стандарттарға сәйкес бола алмайды. Органикалық өсімдіктер даладағы «тірі» топырақта тамыр жаюы шарт. Осы себепті де тамырлары тірі топыраққа тимейтін өсімдіктерді, мысалы, контейнерлерде, қаптарда немесе клумбаларда өсетін өсімдіктерді де органикалық деп тануға жол берілмейді», – деп хабарлады Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті.
Оның дәйектеуінше, органикалық ауыл шаруашылығын реттеу дүниежүзіндегі 74 елде енгізілген. Соның ішінде Америкадан басқа елдерде ұқсас ережелер заңдастырылыпты. Яғни, бұдан былай Қазақстанда да гидропоникалық өндіріс органикалық егіншіліктен шығарып тасталады. Бұл тек брендті жоғалту емес, сонымен бірге ол өндірушілер мемлекеттік қолдаудан, түрлі жеңілдіктен айрылуы мүмкін.
Олар заң қабылданған соң тиісті сертификатты да ала алмайды. Заң жобасында тиісті сертификаттау рәсімдерінен өтпеген ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз тауарларын «органик», «эко», «био» деген айқындауыштармен таңбалауына тыйым салынбақ.
Сонымен бірге сарапшылар заңда «нағыз органикалық» деп танылған өнімдерді шығаратын фермерлерге де бұл сертификатты алу қиын екенін қаперге салды. Еуропалық сертификатты алу үшін олардың қатаң талаптарына лайық болу шарт.
Ұлттық сертификаттың бағасы удай. Сәйкестікті растау жөніндегі ұйым– Qazaq bio control ЖШС дерегінше, шағын кәсіпорындар үшін сәйкестікті растау – 900 мың теңгеден жоғары, орта кәсіпорындар үшін – шамамен 1 млн 100 мың теңге, ірі кәсіпорындар үшін сәйкестікті растау 1 млн 300 мың теңге және одан қымбат.
Ауыл шаруашылығы мамандары гидропондық егіншіліктің заң тұрғысынан алғанда «органикалық» талаптарға сәйкес келмейтінін мойындайды. Бірақ екеуі де – экологиялық таза өнімдер шығарады. Қазір органикалық өнімдердің әлемдік нарығында 120 миллиард еуро табыс табуға болады. Ол нарық белсенді өсуде: соңғы 20 жылда оның көлемі жеті есеге ұлғайды. Органикалық өнімдер Қазақстанда да, әлемде де трендке айналды.
Демек, жаңа ғана бой тіктеп келе жатқан салаға қаптатып шектеу енгізбей, ол әбден өркен жайғанша тыйымды тоқтата тұрған жөн. Америка Құрама Штаттарының Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі адамзатты асырайтын болашақтың технологиясын дамыту үшін гидропониканы органикалық егіншілік аясында қолдап отыр. Біздің одан неміз кем?
Айхан ШӘРІП