Түркістан қаласында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен, жергілікті атқарушы органның қолдауымен елімізде алғаш рет «Қаржылық мониторинг агенттігінің» саябағы ашылды. Ұйымдастырушылдардың айтуынша, жаңа саябақты ашудағы басты мақсат – жастар арасындағы экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу, лудома-нияға қарсы күрес және қаланың көркеюіне үлес қосу.
Боксшы, Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы даңғылдың бойында орналасқан саябақтың ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев қатысты. Жиынды департамент басшысы Ерболат Балғабаев ашып, прокурор Мұрат Тілеубердиев, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев құттықтау сөз сөйледі.
– Түркістан бұрынғы Яссы кезінде жасыл желекке оранған мәуелі қала болған. Бүгінгі жаңарған Түркістанның да табиғаты тамаша, ауасы таза қала боларына сенім мол. Сондықтан да ашылып жатқан саябақтың біздің қала үшін маңызы жоғары болмақ, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Сонымен қатар департамент басшысы Ерболат Балғабаев салтанатты түрде Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің волонтерлік қозғалысы жетекшісі Пердебек Есқұловқа қозғалыстың туын табыстады. Шара барысында саябақтың сәнін келтіретін ағаш егу рәсімі өтті. Ағаштарды еліміздің 20 өңірінің Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сыйға тартқан екен. Ағаш отырғызу рәсіміне Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері, облыс аумағындағы Құқық қорғау органдарының басшылары, Қызылорда облысы және Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің басшылары, белсенді жастар арнайы қатысып, естелікке ағаш көшетін отырғызды.
Сондай-ақ саябаққа Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің де арнайы жолдаған көшеті егілді. Жалпы, 500-ге жуық ағаш отырғызу жоспарланған болса, алғашқы күні саябаққа 100 түп ағаш отырғызылды. Жаңадан бой көтерген жасыл желекпен бірге, қаланың мәдениет саласының мақтанышы Jana Lep тобы әуелеген ән, күмбірлеген күй және мың бұралған бимен ашылу салтанатының сәнін келтірді.
Саябақтың бір ерекшелігі – онда 30 жерде республика аумағындағы қаржы пирамидалары тізімі жазылған QR-тақтайшалар орнатылған. Азаматтар бұл кодтарды сканерлеу арқылы елімізде қаржы пирамидасы ретінде танылған ұйымдардың толық тізімін көре алады. Ұйымдастырушылар QR-тақтайшалар арқылы қаржылық пирамидаларға алданушылар санын қадағалау мен алдын алуды және қылмысты азайтуды қолға алуды мақсат етіп отыр.
Экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу, лудоманияға қарсы күрес демекші, былтыр Түркістан облысында қаржы пирамидасын құрып, жұмысын жүргізген 25 адам сотталды. Тергеу барысында айыпталушылардың екі мыңнан астам жәбірленушіге 3 млрд теңгеден астам шығын келтіргені дәлелденді. Айта кетер болсақ, алаяқтарға алданған 2 мыңнан астам жәбірленуші 2020 жылдан бастап полицияға арыздана бастаған болатын. Белгілі болғандай, айыпталушылар 2017-2020 жылдар аралығында Evolution Corporation және «Индиго 24» қаржы пирамидаларын құрып, халықты алдап келген. Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Астана және Алматы қалаларында қаржы пирамидаларының жұмысын жүзеге асырығаны анықталды. Оларға қатысты қылмыстық іс 1000-нан аса томға жинақталып, облыстық сотта бір жылдан аса уақыт бойы қаралған-ды. Сонымен қатар Түркістан облысы Полиция департаменті тергеп-тексеру басқармасының мәліметінше, былтыр облыс аумағында қаржы пирамидасына қатысты 5 қылмыстық іс анықталып, шығын көлемі 3 млрд 291 млн 906 теңгені құраған.
Түркістан облысы Полиция департаменті тергеп-тексеру басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, 2020 жылдан бері онлайн-кредиттік алаяқтықпен айналысатын микроқаржы ұйымдарына қатысты 213 қылмыстық іс тіркелген. Анықталған қылмыстық істердің көбі Tengo.kz, Freedom finance, Fincap, Koke.kz, Capvia, Dengiclick.kz секілді ірі микроқаржы ұйымдарына қатысты. Қазір киберқылмыстар-
мен күрес жүргізетін IT-мамандарының біліктілігін арттыру қолға алынуда. Қаржы пирамидаларының басты ұйымдастырушылары облыстан тысқары жерде орналасқан. Мәселен, «Свой дом» қаржы пирамидасы Ресейде құрылса, Indigo ұйымының белсенділері Алматы қаласында тұрады. Ал жәбірленушілердің басым бөлігі Түркістан облысының тұрғындары болып шыққан. Яғни, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ғаламтордағы алаяқтардың арбауына түсіп қалған түркістандықтардың қарасы аз емес.
Қазір ғаламторды ашып қалсаңыз, қаржы алаяқтары және одан сақтану жолдары туралы ақпарат қаптап жүр. Құқық қорғау органдары да күмәнді қаржы пирамидалары туралы ескерту жасап, тегін теңгенің түбінде «түйені түгімен жұтқан» алаяқтардың әрекеті жасырынып жатқанын жиі айтады. Бірақ бүгінгі күні жекелеген адамдардың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына бұзып кіру, ондағы хаттар мен өзге де мәліметтерді көшіріп алып, түрлі мақсатта пайдалану, отбасылық құпияны пайдаланып ақша бопсалау сияқты теріс қылықтардан халық хабардар болса да «үмітсіз шайтан» дей ме екен, ауадан ақша жасау арманына алданады. Қазақстанда соңғы 5 жылда қаржы пирамидаларының алаяқтық қызметі бірнеше есе өсті. Олардың барлығы аферистік схемаларды қолдану арқылы халықтан ақша жинауға бағытталған. Қазақстанда алғаш қаржылық пирамида пайда болған 90-жылдардан күні бүгінге дейін оның құрбандарының қатары күн санап артып келеді. Алайда қаржы алаяқтарына алданып қалғандардың бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгінбейді. Сондықтан нақты сандар статистикадан едәуір көп болуы да мүмкін.
Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сенсек, елімізде қаржы пирамидасы құрбандарының жалпы саны 3 есеге көбейген. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша елімізде «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша 45 қылмыстық құқықбұзушылық іс тіркелген. Өңірлер бойынша салыстырағанда, Алматы қаласында «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бабы бойынша ең көп қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бір жыл бұрын бұл қалада 4 оқиға тіркелген болса, биыл 7 жағдай, ал Шығыс Қазақстан облысында биыл 5 жағдай тіркелген болса, бір жыл бұрын 2 жағдай тіркелген екен. Сарапшылардың айтуынша, қаржы пирамидаларының ұйымдастырушылары азаматтарды өз ұйымдарына инвестиция салуға үгіттеу мақсатында түрлі айла-тәсіл ойлап табады. Олар әсіресе интернет-ресурстарын көп пайдаланады. Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі биылғы жылдың 3 айында Қазақстанда қаржылық пирамида белгілері бар 4 мыңға жуық сайт пен аккаунтты бұғаттады.
Статистикалық дерекке сәйкес, ел экономикасына қаржы пирамидаларынан келген залал 12,2 млрд теңгені құраған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 2,1 есе артық. Оның ішінде жеке тұлғаларға келтірілген залал 12,1 млрд теңге болса, заңды тұлғаларға келітірлген залал үлесі 176,7 млн теңге. Биылғы қаңтар-сәуір айларындағы есеп бойынша 382 адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 3,3 есеге көп. Оның ішінде 11 жасқа дейінгі 6 бала, 16-17 жас аралығындағы 3 бала, 18-20 жас аралығындағы 9 адам, 21-29 жас аралығындағы 72 адам, 30-39 жас аралығындағы 120 адам, 40-49 жас аралығындағы 100 адам, 50-59 жас аралығындағы 54 адам., 60 жас және одан жоғары жастағы 18 адам алаяқтардың арбауына ұшыраған. Зардап шеккендердің 71,5 пайызы, яғни 273-і әйелдер болса, 11 зейнеткер, үшеуі студент. Көріп отырғанымыздай, уақыт өткен сайын алаяқтардың адамдарды алдап, ақша жымқыру әдісі түрленіп, күрделеніп барады. Олар құрығына ілінген «пайда көзіне» жас па, кәрі ме, әйел ме, еркек пе, тіпті жасөспірім бала ма қарамайды. Халықтың қаржылық және құқықтық сауатының тым төмен болуы да алаяқтардың еркінсуіне әсер етіп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазір көптеген азаматымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегіп жатыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек», – деген болатын.
Сондықтан Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасын жалғастырып, республикамыздың әр өңірінде халық көп жиналатын орталықтарға қаржылық пирамидаларының тізімі жазылған QR-тақтай-шаларын орнатып қойса, артық болмас еді.
Т.МҰҚАНАТТЕГІ