2023 жылдың басынан бері терроризм актісі туралы қанша жалған хабарлама келіп түсті?
Терроризм туралы жалған ақпарат таратқандарға 17 миллион теңге айыппұл салынады – ІІМ
958
оқылды

Полиция ведомствосында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін жауапкершілік туралы айтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

2023 жылдың басынан бері терроризм актісі туралы қанша жалған хабарлама келіп түсті? 2022 жылмен салыстырғанда айырмашылық бар ма?

– 2022 жылмен салыстырғанда биыл мұндай қылмыстардың шамамен 12%-ға өскені байқалады. Мәселен, егер өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 141 қылмыстық іске тергеу жүргізілсе, биыл 160 қылмыстық іс тергеліп жатыр», – деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Азамат Хасенов.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін бір жылда қанша адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды?

– Жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін 39 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде түрлі жаза тағайындалып, 12 адам сотталды: бас бостандығынан айыру жазасына – 3 адам, бас бостандығын шектеу жазасына 7 адам тартылды, бір адамға айыппұл салынса, бір адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы белгіленді, – деді спикер.

Мұндай хабарлар қай өңірлерде жиі жасалады?

– Мұндай хабарламалар Астана және Алматы сияқты ірі қалаларда жиі келіп түседі. Соңғы уақытта Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында «электрондық жалған терроризм» жағдайлары көбейді. Жарылғыш зат қойылды деген хабарламаларда көбінесе көлік құралдары, білім беру, денсаулық сақтау және сот мекемелері көрсетіледі, – деп атап өтті Азамат Хасенов.

«Жалған террористер» арасында жасөспірімдер мен балалардың үлесі қандай? Олардың өздері немесе ата-аналары жауапқа тартылды ма?

– Естеріңізге сала кетейін, бұл қылмыс үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін полиция биыл 14 кәмелетке толмаған баланы ұстады. Алматыда – 6, Қарағанды облысында – 4, Астана, Жамбыл, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында бір адамнан. Сондай-ақ олардың барлығының ата-анасы бала тәрбиесіне қатысты тиісті шараларды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға үлкен сомада айыппұл салынды, – деді аға жедел уәкіл.

Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін қандай жауапкершілік көзделген?

– Қылмыстық кодекстің 273-бабының санкциясы 5000 АЕК (бұл 17 млн теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл салуды немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды я шектеуді көздейді. Сонымен қатар сот шешімі бойынша объектіге келтірілген залалды төлеуге тура келеді. Бұл сома 200 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жетеді, – деді спикер.