Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі қонақжайлығы мен БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған арнайы бағдарламасының (СПЕКА) алғашқы саммитін ұйымдастырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айта отырып, Бакуді «Каспий өңірінің інжу-маржаны», әлемдегі ең әдемі қалалардың бірі деп атады.
Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Ильхам Әлиев пен бауырлас әзербайжан халқын халықаралық құқық және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сай елдің аумақтық тұтастығын сақтауға қол жеткізгенімен құттықтады. Президент мұның айтулы оқиға екеніне назар аударды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Біздің арамызда ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Біз – шынайы стратегиялық серіктеспіз, тіпті Каспий теңізінің екі жағын мекен еткен көршілерміз. Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі бірлескен декларацияның қабылдануы, сондай-ақ Жоғары мемлекетаралық кеңестің құрылуы қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерген тарихи оқиға болды. Мен өзіммен бірге Бакуге толыққанды делегация алып келдім. Өйткені бүгінгі кездесуде, Әзербайжан тарапымен шын мәнінде, толық форматты, мазмұнды келіссөздер жүргіземіз деп санаймын. Бұл – өзара қарым-қатынасқа қатысты бірқатар мәселе бойынша пікір алмасу үшін жақсы мүмкін-дік, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті СПЕКА саммитіне қатысуға келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Біз – достас, бауырлас әрі серіктес елдерміз. Соңғы жылдары ресми сапарлар аясында, екі ел үкіметтері мүшелері мен компаниялары шеңберінде өзара байланыстардың қарқынды түрде дамып келе жатқаны анық байқалады. Біз екі мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықтың ең жоғары деңгейіне жетіп отырмыз. Бұл – тәуелсіз ел ретінде даму тарихымыздағы айтулы оқиға және халықтарымыз арасындағы байланыстардың рухы мен сипатына сай келеді. Мұның солай болатын жөні бар, – деді Әзербайжан Президенті.
Ильхам Әлиев Қазақстан Президентін келесі жылы Әзербайжанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Cондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы, ең алдымен Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Орталық Азия елдері басшылары мен жиынға қатысушы құрметті қонақтарға ілтипат білдірді.
– Қазақстан 1997 жылы БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасын құруға бастамашы болды. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның өңірлік ынтымақтастықты кеңейту және жаһандық экономикалық процестерге қосылу тұрғысынан тиімді платформаға айналғанын ерекше атап өткім келеді. Арнайы бағдарламаның 25 жылдығына орай ұйымдастырылып отырғандықтан, бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Былтыр Қазақстанның төрағалығы аясында біз Бағдарламаның негізгі бағыттары жөніндегі ықпалдастықты нығайтып, оны жүзеге асыру үшін маңызды шаралар қабылдадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан СПЕКА-ны дамытуға, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ өңірінің ынтымақтастығын нығайтуға Әзербайжан Республикасының қосқан үлесін жоғары бағалайды. СПЕКА-ға қатысушы мемлекеттер басшыларының бүгінгі тарихи әрі тұңғыш саммиті атқарылған ауқымды жұмыстың түйіні болмақ.
– Бүгінгі кездесу нәтижесінде біздің ашықтық, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген көпжақты ынтымақтастығымыздың көкжиегі кеңейетініне сенімдімін. Геосаяси тұрғыда бөлшектену белең алып, жаһандық экономиканың конъюнктурасы құбылып тұрған қазіргі жағдайда Арнайы бағдарламаның мән-маңызы арта түседі. Ортақ мүддені ескере отырып, СПЕКА-ны одан әрі дамыту жөнінде өз көзқарасымды ортаға салуға рұқсат етіңіздер. Орнықты даму қағидаттары мемлекеттеріміздің ұлттық стратегиялары мен бағдарламаларының өзегіне айналды. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік бюджеттің 80 пайызы орнықты даму мақсаттарына сәйкестендірілді. Үкіметіміздің ең басты міндеті – сапалы білім беру мен денсаулық сақтау ісінің баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Жуырда күшіне енген жаңа Әлеуметтік кодексте әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды қорғау тетіктері жетілдірілді, – деді Президент.