Бір күні есікті шалқасынан ашып, «Ей, жүгермектер, не айтып жүрсіңдер? Мен Тарбағатай жаққа барып құс салып келдім емес пе!» деп кіріп келетіндей елегізіп жүрдім. Бірақ пенденің дегені болсын ба? Тағдырдың атылған оғы адырнаға қайта салынбайды. Әу баста теңселе жоқтаған қормал ел, ардақты Алаш жұртының жұбатуымен көп істің байыбына бара алмаппыз. Қаралы қауым тарап, құсалы кеуде дәтке қуат дегенде қандай асылдан айырылғаныңды білесің. Уақыт жылжыған сайын көңіл шіркін қоңылтақсып, жан дүниең мүкәмалы жоқ үйдей қаңырап тұрғаны. Бойыңды меңдеткен осы хәл – ағаның ақ дидарын көрмегеннен, етегіне оралып еркелемегеннен екен...
Әлқисса, аталы сөзге әуес, өнерге үйір болған бала кезімізден-ақ Нес-ағаның есім-сойына қанық болдық. Сонау қиырдағы алақандай ғана Ойшілікке Алматының аңызға бергісіз әңгімелері еміс-еміс жетіп тұратын. Мұқым Шығыс өңірінен шыққан арқар мүйізді алып қаламгерлерімен қатар өрттей қаулаған қара өлеңнің иесі Несіпбек Айтұлының аты да мәшһүр болған кез. Алғашқы кітабына ақиық Мұқағали Мақатаевтың өзі ақ лебізін білдіріп, ақжол тілепті деп ауылдастар жыр қылып жүрді. Газет-журнал жете қалса, «Шұбартаудың шалқұйрығы өлең жазды ма екен?» деп асыға ақтаратынбыз.
Есейе келе, ертегідей Алматы шаһарына да табанымыз тиіп, білім алдық. Көзіміз көрмесе де көкірегімізде бейнесі жатталып қалған дегдарлармен дидар-ғайып болу бұйырды. Бірақ 2001 жылы Нес-ағамыз Қараөткелге қоныс аударып кеткендіктен етене араласа алмадық. Осы уақыт мені ағаның сом алтындай кесек туындыларына қанықтырып, рухани сырлас іні болуға дайындай түскендей.
Ақырындап ел ісіне араласып, Астанада тұрақтаған соң біздің шынайы таныстығымыз басталды. Бұрын жиын-тойларда, шығармашылық кештерде жиі ұшырасып жүрсек, енді қаршығадай қағылез аға өз бауырына тартты. Нес-ағаны арқа тұтып, өнегесін тыңдап, тауып айтатын тапқыр сөзіне сүйініп жүрдік.
2010 жылдың басы. Ағамыз 60 жасқа толған торқалы тойы қарсаңында үйіне қонаққа шақырды. Етін астырып, көңілі марқайып, жүзі бал-бұл жанып отыр екен. Дастарқан басында кенішті көкірек келісті әңгіменің тиегін ағытып, өткен-кеткенді қозғап, өлең оқып отырды. Мерейлі жасқа тың жеткенін, іштей шығармашылық зар-күйіне келіп, жаңа биікке қарай ұшып бара жатқанын сездік. Ас қайырылып, аяқ жинала бастағанда Нес-ағам болмашы ырғалып қойып сөз бастады.
– Әй, Берікжан! – деді дауысы саңқылдап. – Сен бөтен емессің. Өзімнің екі туып, бір қалған туған бауыр, етжақынымсың. Қазір «Бетпе-бет» хабарын жүргізіп, құдайға шүкір, есіміңді ел-жұртың біледі. Міне, биыл мына жаман ағаң алпыс деген арғымаққа мініп отыр. Сен ағаңа қолғабыс етіп, осы тойдың бір жағынан шығыс! – деп қолқа салып, тойдың тізгінін ұстатты.
Жауапкершілігі ауыр жұмыс болса да кеудемді бір жылы ағыс шарпып өткендей болды. Бостандық жырының бозжорғасы саған сеніп жүк артып тұрса, белің қайысса да көтерудің өзі ғанибет емес пе?! Дүбірлі тойға білек сыбанып, құлшына кірістік. Қолымыздан келгеннің бәрін жасауға бар күш-жігерімізді салған болдық. Ақынның ақ байрағын желбіретіп, қара өлеңінің мерейін көтерген естен кетпес той өтті.
Біздің басымыз Астанада түйіссе, аталарымыздың жолы сонау Тарбағатайдың тарғыл белдерінде тоғысыпты. Нес-ағаңның да, менің де атам – құс баптап, бүркіт салған жандар. Атам Құрманғали мен Айт ақсақал үзеңгілес жолдас, асықты жілік ұстасып сыйласқан дос болыпты. Соңына нөкер ертіп, қолына құс қондырып, салтанатты саятшылық ғұмырды қатар кешіпті. 2019 жылы туған ауылым Ойшілікке барып, мектептегі үш сыныпты қажетті құралдармен жарақтандырып, игі іс жасап едік. Сондай салиқалы сапардың болғанын Нес-ағаңа әңгімелеп берген болатынмын. Ағаның көңілі босап, қатты тебіренді. Көп ұзамай бозжорға қаламынан:
«Айналған өз тұсында аты аңызға,
Құс салған екеуміздің атамыз да.
Шын болса атамыздың аңшы екені,
Кеміріп ақ қағазды жатамыз ба?
Бар ма екен аталардан қымбат адам,
Көктедік солар берген мың батадан.
Қондырып қолға қыран көрмесек те,
Шошайып шықпаймыз ба қырға таман?» деп басталатын керемет өлең туды. Осы бір ғана өлеңге атамыздан бізге дейінгі тұтас дәуірді сыйдырып, ескерткіш орнатып кетті. Бұл өлең ақеділ ағаның інісінің мойнына көзімдей көр деп ырымдап таққан бойтұмары деп білемін.
Иә, Нес-ағамен дидарласқан әр сәттің өзі бағалауға тұрарлық. Бірде қайынағам Бақәділмен бірге моншаға бара қалсам, КСРО-ның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың аса көрнекті композиторы, профессор Еркеғали Рахмадиевті қолтықтап парға кіргізіп, ағасына інілік ізет көрсетіп, Нес-ағам да сонда жүр екен. Мені қастарына шақырып алды. Ой мен қырдан неше түрлі әңгіме қозғап, желпініп отырған бір сәтте, Еркеғали аға Нес-ағаға:
– Әй, Несіпбек, ертең мен де өлермін, сайтан емеспіз ғой, сен сонда мені қалай жоқтайсың? – демесі бар ма?!
Нес-аға іркілместен:
– «Халқым деп көкірегің қақыраған,
Өмірден сен де өттің-ау, батыр ағам.
Жұтпаған қай жақсыны сұм жалғанда,
Жалмауыз ажал деген аты жаман», – деп суырып салды. Еркеғали аға мәз болып, рахаттанып бір күлді.
Кейін Еркеғали Рахмадиев ағамыздың да кесімді күні жетіп, бақиға аттанды. Мен «Егемен Қазақстан» газетін қарап отырып, Нес-ағаның баяғы моншада айтылған бір шумақ өлеңі ары қарай өрбіп, «Еліңнің еркесі едің, серкесі едің» деген тақырыппен, Еркеғали ағасына арнап жазған қаза жырын тауып алдым. Қазанаманы оқып болып, ағалардың тірліктегі сыйластығы мен қимастығы саналы жастарға ой салатынына көзім жетіп еді. Нес-ағаң бізге аға болғанымен, өзі де біреуге іні екенін көрсете білді.
Нес-ағаның 70 жылдық мерейтойы пандемияның кесірінен уақытында өтпейтін болды. Ақын Ербол Алшынбай бауырымды жаныма ертіп, ат-шапанымызды алып үйіне құттықтай бардық. Балаша мәз болып, құшақ жайып қарсы алды. Әдетінше былқытып ет астырып, сары қымызын сапырып отыр екен. Жаңа жазған жырларын оқып, көкейінде қордаланған көп әңгімені ақтарып отырған.
– Берікжан! – деді кенет қазан-ошақ жақта ас-ауқат әзірлеп жүрген келініне қарап, – Мына келінімнің ай-күні толып отыр. Атасына шекесі торсықтай ұл сүйдірмек. Есіміне сенің атыңды қоямыз, – десін.
– Япырай, Нес-аға! Сөзіңіз аузыңызда, сауға, – дедім енді болмаса азан шақырылып кетердей абдырап. – Аға, біз әлі жаспыз, үлкендердің жалғасымыз ғой, балаға менің атымды емес, әкемнің атын қойсаңыз қалай болады?
Ағам риза болғандай басын шұлғып, осы сөзге келісіп уағдаластық.
Кейін айтқандай немересінің атын Уәли қойды. Атұстарға тайымызды атап, шілдеханасына барып тағы бір арқа-жарқа болып қайтқан едік...
Осылайша, Есіл бойындағы есіл күндер бірінен кейін бірі алмасып сырғып жатты. Ағаның ақжайлаудай үйінде көсіліп жатып көңілдегі көп ойды тербейтінбіз. Былтыр «Хабар» агенттігінде жұмыс істеп жүргенімде айтқан бір сөзі енді ойласам көмейіме өксік болып тығылады.
– Әй, Берікжан, – деді мейірім тұнған үнімен. – Сен еліміздің басты арнасында жүрсің. Бізді қашанғы жүреді дейсің, мың жасайтын құзғын емеспіз ғой! Көкіректе қатталған сыр көп, бәрін сарқа айтқым келеді, мені жақсылап жазып алсаңдаршы! Көңіл түкпіріндегі көмбені өзіммен бірге алып кетпей соңғыға мұра етіп қалдырайын. Қазір көрсете алмасаңдар, мен қайтыс болған соң көрсетесіңдер ғой. Мен сендерге ешкім білмейтін көптеген тың деректер берем, – деді.
Мен Ербол Алшынбай бауырыма тапсырма беріп, осындай мықты-мықты тұлғалардан сұхбат алайық деп жаңа жобаны бастадық. Тұрсын Жұртбай ағамыздан алып, енді Нес-ағамызды түсіреміз деп жүргенде Ерболдың эфирге шығуына бір кісілер қарсы болып, жолымыз жабылып қалды. Енді көзі кеткен соң «сол жоба жарық көрмесе де, жазып алу керек еді» деп бармақ тістеп өкініп отырмын.
Өткен күндерді ой елегінен өткізсем, Нес-ағам сол кездерде өзінің кететінін білген сияқты. Соңғы жылдары әлеуметтік желіде де белсенді болып, жауһар жырларын үзбей жүктеп отырды. Өз замандастарының ішінде әлеуметтік желіні меңгеріп, жүйелі де сапалы жүргізгендер некен-саяқ. Осының бәрі ажал сағатының таяп келе жатқанын сезген ақын жанының шырқырап зәу биікке самғауы сынды. Оны өмірінің соңғы кезінде төсек тартып жатып жазған мірдің оғындай жырларынан да аңғара алдық. Жарық күнге риза-қош айтып, бұрынғылар кеткен жолға түскенімен, көкірегінде қанбаған мейір, сарғалдақ сағыныш кетті...
Алғаш қатты жығылып ауруханаға түскен жазда Ербол Алшынбай екеуміз көңілін сұрай бардық. Аз-кем әңгіме айтып, суретке түстік. Жай оғындай жарқылдап тұратын Нес-ағам қоштасқандай болып отырды.
– Бұл не жатыс, аға! Ақсуатта Дулат Тастекеев бауырыңыз өткізетін айтысқа бірге баруымыз керек. Тезірек тұрыңыз, жолға жиналамыз, – дедім қалжыңдап.
– Кетіп қалып жатсам, мені Ұлттық пантеонға қойыңдар. Осы сәлемімді үлкен кісіге жеткізерсіңдер. Егер шамаларың келмей жатса, Қабдеш ағамның қасына барып жатсам деймін, – деді.
– Ондайды айтпаңыз, аға, жазылып кетесіз, – деп біз шыр-пыр болдық.
Қазақ әдебиетінің қабырғалы қос қара нары Қабдеш Жұмаділов пен Несіпбек Айтұлының бір кездері болмайтын іске бола шекісіп қалғаны шындық еді. Бірақ өмірінің соңында кешу сұрасып, бір-бірімен татуласты. Қабдеш аға қайтыс болып, былтыр басы жаңадан көтеріліп, ас берілгелі жатқан. Ақсуатта айтыста жүргенбіз. Нес-ағаға келіп:
– Нес-аға, мына асқа сіз де барсаңызшы. Көлденең көз аралары сол беті суып, өкпе-реніші әлі тарқамапты демесін, – дедім.
– Әй, Берікжан, сол күні немеремнің тойы еді, – деді.
– Аға, той күнде болады. Ал ас бір-ақ рет беріледі ғой, – дедім.
Кесімді сөзімді айтам деп ойланып қалды. Бір айналып келіп арқамнан қағып:
– Әй, Берікжан, сен өте дұрыс айтып отырсың. Менің барғаным оң болады. Арнауымды оқып, ағама дұға бағыштап қайтам, – деді.
Бірге асқа бардық. Нес-ағам күркіреп өлең оқыды. Абыз жазушының рухына құран бағыштадық.
Астан қайтып келе жатқанда: «Бір жеңілдеп қалдым», – деді күрсініп.
Мұны аруақтың алдындағы арылу, інілік тағзым, биік құрмет деп қабылдадым. Сол сапарда ағасының рухымен тілдесіп қайтқан секілді. Ұлттық пантеонға жатпасам тоғыз жолдың торабына барып, ағамның қасына жантаяйын дегенінен соны аңғардым...
Ал Тұрсын аға мен Нес-ағаң ғұмырлық дос, өмірлік жан аямас серік екені баршаға мәлім. Бір-бірімен қалжыңдасқанда уытты сөзіне шыдап тұрудың өзі мүмкін емес. Мені бір-бірінен қызғанған болып еркелетіп жүретін.
– Несіпбекте нең бар, сен менің бауырымсың, – дейтін Тұрсын ағам кездесе қалса.
– Иә, иә, аға, сіздің бауырыңызбын, шүбәңіз болмасын, – деймін күліп.
– Әй, сен Тұрсынға неге жолап жүрсің?! Кімнің бауырысың өзі? – дейді Нес-ағам кездесе қалса.
– Ойбай, аға, сіздің бауырыңыз екенім ай мен күндей ақиқат қой, – деймін.
Бір күні екі нар қатар кездесіп қалып, «Сен өзің кімнің бауырысың, анығын айтшы?» деп ортаға алды. Мен сасқанымнан күле бердім.
– Екеуіңіздің де бауырыңыз емеспін бе?! – деп қыспақтан зорға шығып едім.
Есіл ағаларым менің!
Ағаның шүлен шуақты мейірімін, жылы қамқорлығын, жарқын бейнесін ойлағанда, аңызға бергісіз есіл күндер айналып ұшқан алты аққудай көз алдыңа келеді.
«Әкем де осы – қара өлең,
Шешем де осы – қара өлең.
Қара өлеңім тұрғанда…
Қалай ғана мен өлем?!» деп жырлаған Нес-ағамыз бүгін ортамызда жоқ. «Дидарың ғайып болғанымен де, жырларыңның ажары қашанда ашық, қазақтың киелі сөзінің нысаналы ұстыны болып қала бермек» деп соңында Тұрсын досы қалды. Абзал жұрты Алашы су жорғадай тайпалған өлеңін, дегдар тұлғасын ұмытпақ емес!
Өткенге салауат, өліге иман тілеп от орнында қалған біздің ендігі жұба-ныш – жадымызда таңбаланған естеліктер. Қимас сәттерден, аяулы шақтардан қалған ертегіге бергісіз естемелер жаныңды елжіретеді. Қоңыр қазақтың мінезімен басымыз қосыла қалса, аға туралы ақжайнақ күндердің таусылмас қызығын айтамыз. Рулы елдей болып ортамызды толтырған Нес-ағаң барда айдынымыз шалқып, асқарымыз биіктеп жүріпті. Кеудені құсы кеткен көлде, елі көшкен белде қалғандай жалғыздық кернейді. Оның бәрінен ағаның «Аққудың көз жасындай көлге тамған» шығармалары құтқармақ. «Мені сағынсаң, аға-бауыр болып бірге кешкен күндерді есіңе ал» деп өзі келіп жұбатардай...
Жаныңыз жұмақтың төрінде, рухыңыз бейіште шалқысын, қазақ поэзиясының дариға-дәурені!
Берік УӘЛИ