«Kotonoha no Niwa («Cырлы ойлар саябағы») анимесі туралы айтар болсам, мұнда еуропалықтарға тән һәм ұғынықты махаббатты емес (жапондарда оны «ай» деп атайды), көбіне-көп жапон жұрты «кой» дейтін сезім жайлы баяндалады. Ал «кой» – махаббатының қайғы-мұң, жалғыздық сипатын ұғындыратын ежелгі иероглиф».
Сезім суреткерi
877
оқылды

Жапон аниматоры әрі режиссері Макото Синкай аталмыш туындысы хақында осылай деген еді. Шын мә­нінде, бар-жоғы 40 минутқа созы­л­а­тын қысқаметрлі аниме бұл мақ­сатын асыра орындады. Онда әдеткі тұрмыс-тіршілікке әбден еніп кет­кен «жаттанды» сезім жайлы емес, сүю мен сүйікті болудың басқа піші­ні көрініс табады. Алдымен қысқаша баяндайық...

Бас кейіпкерлер – Такао мен Юкари Юкино. Алғашқысы 15 жас­тағы мектеп оқушысы, болашақта аяқ киім дизайнері болуды арман­дайды. Ал Юкари 27 жастағы сұлу, еркін әрі жұмбақ әйел. Жұмбақ дей­тінім, фильм бойы Такаоның кім еке­ні және нені армандап, неден қорқатыны жайлы ақпарат беріледі де, ал Юкари картинаның соңына дейін құпияға толы күйінде қалады. Туынды желісі жасыл желек толы бақ­тағы самалжайдың бірінде өр­биді. Такао жаңбырлы күндері са­бақ­тан қашып, осы бақшаға келіп, жаңа аяқкиім үлгісін жасағанды ұнатады. Сондай «дәстүрлі» күндер­дің бірінде сыры мен сымбаты келіскен Юкариге жолығады. Жаң­бырлы маусым аяқталғанға дейін қос ғашық жүрек осы бақта кездесіп, сырлас болып жүреді. 

Синкай – сезімді шебер сурет­­тейтін сценарист. 27 жастағы Юкари мен 15 жастағы Такаоның жас ал­шақ­тығына қарамастан, олардың арасында қандай да бір сезім болға­­­­нына сенесің, сендіреді. Екеуінің бір-біріне ынтықтығын әдемі баян­далатыны соншалық, жауын тоқта­маса екен, жаңбырлы маусым аяқ­тал­маса шіркін деген тілекте бо­­ла­сың. Кейін белгілі болғандай, Юкари – мұғалім, ол Такао оқитын мектепте жапон әдебиетінен дәріс оқиды. Ересектігі бар, ұстаздығы бар, өзінен 12 жас кіші бозбаламен сезім құруы әсте мүмкін емес-ті. Әйт­се де, екеуінің үнсіз ұғынысуы, сезіммен сырласуы, өздеріне ғана ор­­тақ әлем жасай алуы болашағы болмас қарым-қатынасқа тілектес етеді. 

Синкай – шебер, бар-жоғы 40 ми­нутта көрерменнің өзін бірне­ше сезімге бөлейді. Фильм кейіп­керлері алғаш кездескенде олардың қарым-қатынасына, көбіне-көп жас айырмашылығы үшін іштей наразы боласың. Одан соң екеуінің сырлы сезіміне тәнті болатының соншалық, жаңбырлы маусымның бітіп қал­ғанына ренжисің. Кейін қос жүрек­тің тәуекел етіп, бірге болуға тырыс­қаны үшін бұртиып қаласың, тағы сол жас алшақтығы кедергідей көрі­­неді. Соңында бір болудан бас тарт­­қанына налисың, күреспесе, түрлі кедергіні жеңе алмаса, несі махаббат дейсің. Такао: «Маған шынайы сезімің болмағанын білсем, саған дәптерімді көрсетпес едім ғой» де­генде өз басың ең асқақ арма­­­ныңмен бөліскенің үшін өкінгендей күй кешесің. Әйтсе де, бұл фильм – «кой» – махаббаттың қайғы-мұң, жалғыздық сипатын ұғындырмақ болды. 

Аталмыш анименің өзіне баурап алатын, тіпті сан мәрте тамашалауға ынтықтырып, тәуелді ететін тағы бірнеше тұсы бар. Табиғаттың көр­кем көрініс табуы – «Парк пей­за­жы – фильмнің толыққанды кейіп­­кері. Ал жауын-шашын тіптен бас кейіпкер – қос жүректің түрлі сыры­ның куәгері һәм екеуді байланыс­­­тырушы басты себеп», – дейді Син­кайдың өзі. Макото жа­уын-­шашынды ерекше ұнататын режиссер, оның барлық дерлік туындысында жаң­бырлы маусым көрініс табады. Десе де, бұл шығармадағы жаңбырлы мау­сымның жөні бөлек, онда фило­софия бар. «Kotonoha no Niwa – ал­дымен махаббат жайлы емес, жауын турасындағы хикая. Дәлірек айт­қанда, жаңбырлы күндерді бастан кешіру жайын баяндайды. Мәселен, менің кейіпкерлерім жиі кездесетін самалжай олардың басына түскен проблеманың аяқталуын, яғни жа­уынды кезеңнің бітуін күтетін орын ғана, әрі қарай әркім өз ісімен кетеді. Меніңше, әр адамның өмі­рінде жаңбырдың қойғанын күтетін осын­дай орны болғаны өте маңызды»,– дейді автор. 

Бұдан бөлек, фильмнің лири­калық бояуын қанық қылатын музы­касы (пианино, ішекті аспап­тар, тіпті барабанның үні мен үнде­суін шебер орындағы Дайсукэ Каси­видің шығармалары), графикасы, дизайны тәнті етпей қоймайды. Оның үстіне, Макото – адам бол­мысын әртүрлі детальмен ұтымды баяндайтын режиссер. Мәселен, аяқкиім үлгілерін шимайлап жүретін дәптерін көрсету арқылы Такаоның ұқыпты, арманшыл, ұялшақ оқушы екенін, ал үнемі сыра ішіп, шоколод жеп отыратын, яки бақтағы орын­дыққа қарғып мініп, аяғының үлгі­­сін сызуды ұсына қоятын Юкаридің болмысы бөлек, өзгеге ұқсамайтын еркін әйел екенін ұқтырғандай бо­лады. Бір сөзбен айтқанда, саф се­зімге тұнып тұрған сырлы хикая. 

NooNAH