Жас кәсіпкер саны артты

Қарағанды облысында биыл 14 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылса, бизнесті дамыту аясында биыл 180-ге жуық грант беріледі.

Осындай көмектің нәтижесінде, Қарағанды қаласында виртуалды курс ашылды, онда жастар физика, химия, анатомия, биология және басқа да пәндер бойынша білім ала алады. Сондай-ақ қалада дастарқан, майлық, сүлгі, халат тігетін цех ашылды. Кезекті баспасөз турында кәсіпкерлікке араласқан жастардың еңбекқорлығына көз жеткіздік.

Сәуле ашқан Sauleli Ui

Қарағанды ​​қаласының тұрғыны Сәуле Ақылбек бұдан үш жыл бұрын Sauleli Ui тігін цехын ашып, тігінші­ле­рімен бірге дастарқан, майлық, халат, сүлгі сынды бұйымдар тігіп пайдасын көруде .

– Бизнесімді дамыту үшін екі грант алдым. Алғашқысы шамамен 600 мың теңге болса, ал былтыр алғаным – 2 мил­­лион теңге. 2020 жылы қызым дүниеге келді. Ол кезде мен жұмыс істе­­­­мейтінмін, қолыма 157 мың теңге­ден сәл артық сома түсті. Мен бұл ақшаны бизнеске салғым келді. Ка­­рантин уақыты еді, тойханалар жа­бық, той үйде өтетін. Арнайы мата­мен дас­тарқан тіктім. Оным туыстарыма ұна­ды. Кейін тапсы­рыспен дастарқан тік­сем деген ой келді. Құлшына кі­рістім. Тапсырыстар түсе бастады, – дейді Сәуле.

Баласы бір жасқа толғанда Жұмыс­пен қамту орталығына хабарласып, тігін өндірісі бойынша үш айлық оқу­ды аяқтап, құжат тапсырған жас ті­гінші бизнес-жоспар құрып, жобаны қорғап, алғашқы грантқа 2021 жылдың соңында қолы жетеді. Алған қаржыға Сәуле екі өнеркәсіптік тігін машин­сын, үтіктеу тақтасын, үстел сынды керек-жарақ алады. 

– Екіншісі – облыс әкімінің гранты. Мен үшінші балам туғаннан кейін өтініш бере бастадым және оны 2022 жылдың желтоқсанында жеңіп алдым. Түскен қаражатқа халат тігуге арналған өндірістік зат, кесте тігу ма­ши­насын сатып алдым, – дейді Сәуле Ақылбек.

Бүгінде Сәуленің тігін цехында өзін қосқанда үш адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 120 мың теңге. Тапсырыстар артқан. Алыс-жақын шетелден де онлайн тап­сырыс берушілер бар. 

NEO деген не ол?

2021 жылдан бері білім беру сала­сында бағдарламалық қамтамасыз ету­ді әзірлеумен айналысып жатқан NEO компаниясының жетекшісі Әділ Ха­мит болса Әбілқас Сағынов атында­ғы Қарағанды техникалық универс­и­те­тінде виртуалды әлемге жетелейтін (VR) көзілдірігін сынауда. 

– Жасанды интеллект біздің қо­сым­шамызда интерактивті мұғалім ретінде әрекет етеді – бірақ ол толық­қанды мұғалімді алмастырмайды. Оқытушы жетіспейтін ауылдық жер­лер­де бұл бағдарламаның берері мол. Виртуалды оқытуға келетін болсақ, ол қазірдің өзінде іске қосылды. 13 пән бойынша оқуға және виртуалды зерт­­ханаларға баруға болады. Бұл әзірлеме Қазақстанның 30 мектебінде жүзеге асты, Қарағандыда алдағы уа­қыт­та екі мектеп қосылмақ. Сонымен қатар еліміздегі бірнеше жоғары оқу орны бізбен осы бағытта жұмыс істеп жатыр, олардың қатарында ҚарТУ да бар, – дейді Әділ Хамит.

Салмағы 2 гигабайттан асатын NEO қолданбасы қазір Windows және Andriod операциялық жүйелерінде жұмыс істей алады, оны басқа жүйе­лерге енгізу әзірленіп жатыр. NEO қол­­данбасы орыс, ағылшын, қытай, фран­цуз, испан және қазақ тілдерінде сөйлей алатын толыққанды виртуалды платформа. 

– Біз қосымшаны әлі де жетілді­­рудеміз, сонымен қатар қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты басқа жобалар­мен жұмыс істеп жатырмыз. Осы бағ­дарламалардың бірі білім беру сала­сында қолданылатын болады: ол мек­теп оқушылары бетпе-бет келетін оқыс оқиғалардың алдын алуға ар­налған. Яғни, мұнда AI сенсордың бір түрі ретінде әрекет етеді, адамдар ара­сындағы агрессивті мінез-құлық пен жағымсыз көзқарастарға жауап береді және мектеп басшылығы мен қауіпсіз­дігіне сигнал береді, – дейді жоба жетекшісі.

Облыс әкімінің 2 миллион теңге гранты компанияға ең алдымен бағ­дар­­ламалық жасақтаманы әзірлеуді аяқтауға мүмкіндік тудырған. Мысалы, NEO компаниясы бұл қаржыға VR көзілдіріктерін сатып алған болатын.

700-ден астам азамат грантқа ие болды

Қарағанды облысының Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқар­масының бөлім басшысы Ұлан Омаров 2005 жылдан бастап Қарағанды ​​облы­сында жастар кәсіпкерлігін дамыту мен қолдауға гранттар бөліне баста­ғанын айтады. Осы уақыт аралығында 700-ден астам азамат грантқа ие бол­ған. Бұл санның басым үлесі – 20 жас­тан асқан жастар.

– Бұрын грант сомасы 500 мың теңге болса, кейін 1 миллион, қазір 2 миллион теңге болды. Биыл да был­тыр­ғыдай облыс әкімінің грантын 50 адам алады. Өтінімдерді қабылдау аяқталды, конкурстық комиссия жұ­мы­сына кірісті, желтоқсан айында жаңа иегерлерге гранттар беріледі. Әрине, біз бөлінген қаражаттың иге­рілуін қадағалаймыз. Конкурстық ко­миссия өз кезегінде жобалардың өзек­тілігін, олардың қазір қажеттілігін және әлеуметтік әсерін бағалайды. Жо­ба­лардың жұмыс істеп тұрғаны және қоғамға қажет болуы өте маңыз­д­ы. Грантқа ие болғандардың басым бөлігі – медициналық, қоғамдық та­мақ­тандыру, білім беру және өнді­рістік жобалар. Облыс әкімінің жастар кә­сіпкерлігі саласындағы гранттарына өтінімдер туралы толық ақпаратты жас­тар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың сайтында жариялай­­мыз, – деді Ұлан Омаров.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ