Биылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша өңір бюджетіне 123,5 млрд теңге көлемінде кіріс түсіп, жоспар 106,7%-ға немесе 7,8 млрд теңгеге асыра орындалған. Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда түсім көлемі 8,3 млрд теңгеге артып, өсу қарқыны 7,2%-ды құрап отыр.
Бұл түсім қалай түзілді?
Бірінші орында – Алматы қаласы. Оның қаңтар-тамыз айларындағы бюджет кірісі – 1,054 трлн теңге Екінші орында – Түркістан облысы (832,6 млрд теңге), үшінші орында – Астана қаласы (805,9 млрд теңге). Экономиканың қозғаушы күші шағын және орта бизнес десек, елімізде жылдан жылға осы сегменттегі компаниялар санының артып келе жатқаны қуантады. Мәселен, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, елімізде 2,2 млн ШОБ субъектілері тіркелген екен. Бұл жыл басымен салыстырғанда 10,4%-ға көп, ал 2022 жылдың басымен салыстырғанда өсім – 32%. Осы көрсеткіш бойынша да Түркістан облысы – алғашқы үштікте. Үздіктер құрамы да сол – Алматыда 389,6 мың, Астана 257,4 мың және Түркістан облысында 217,8 мың субъект. Бұл жерде осы екі қала бір облыстағы кәсіпкерлік нысандарының саны республикадағы жалпы көрсеткіштің үштен бірін, яки 38,7%-ын құрайтынын атай кету керек. Ranking.kz сайты ұсынып отырған бұл ақпараттардан экономика салалары бойынша тіркелген компаниялардың ең көп үлесі көтерме және бөлшек сауда, автожөндеу (35,9%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (14,4%), сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (5,6%) екенін көруге болады. ШОБ субъектілерінің негізгі үлесін жеке кәсіпкерлер (ЖК) құрайды. Олар – 66,8% немесе 1,5 млн нысан. Соның ішінде 20,5%-ы немесе 459,4 мың нысан – шаруа қожалықтар немесе фермерлік шаруашылықтар.
Ел бюджетінің ендігі бір табыс тиегі – инвестиция. Осы ретте, биыл қаңтар–маусым аралығында елімізде ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында негізгі капиталға инвестиция 432,7 млрд теңгеге жеткеніне назар аударта кеткен жөн. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл 26,2%-ға артық. Инфляцияны ескерсек, нақты өсім 22,1% деуге болады. Мұндағы инвестицияның көп бөлігі өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығына, аң аулауға және қызмет көрсетуге жұмсалған. Негізінен, ауыл шаруашылығымен айналысатын Түркістан облысы бұл көрсеткіште алғашқы бестікте тұр.
Олар – Солтүстік Қазақстан (86,4 млрд теңге), Павлодар (62,7 млрд теңге), Қостанай (48,7 млрд теңге), Ақмола (41,8 млрд теңге) және Түркістан (41,3 млрд теңге) облыстары. Азық-түлік өндірісі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша да қасиетті өлке алғашқы бестікте. Биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша мұндағы жалпы көрсеткіш – 62,5 млрд теңге болса, Алматы облысы (15,6 млрд теңге) бірінші орында, одан кейін Солтүстік Қазақстан (14,1 млрд теңге), Ақмола (5,1 млрд теңге), Түркістан (4,5 млрд теңге) және Шығыс Қазақстан (4,1 млрд теңге) облыстары.
Мемлекеттік кірістің басым бөлігін бірінші кезекте салық түсімдері құрайтыны белгілі. Соған сәйкес, Түркістан облысы бойынша бюджетке түскен салықтар мен төлемдер көлемі жыл сайын орта есеппен 102,3 % өсімді құрап келеді. Мәселен, 2022 жылы өңір қазынасына барлық салықтың түрлерін қосқанда 112,6 млрд теңге түскен. Оның ішінде әлеуметтік және жеке табыс салығының үлесі – 81%. Биыл жыл басында облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып, алдағы уақытта салық түсімдерінің көлемін тағы 28 млрд теңгеге арттыруды межелеп отыр деп хабарланған болатын. Ендеше, үш тоқсан қорытындысындағы осынау ақжолтай хабарды соның бастамасы деуге толық негіз бар. Бұл қарқынмен жыл соңына дейін қалған меженің орыны толатынын сенімнен айтуға болады. Оған бір мысал ретінде, алғашқы жарты жылдықтың өзінде-ақ кедендік төлемдер мен салықтардың 21,8 млрд теңге құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 120% артық екенін келтірсек те жеткілікті. Ал жаңа заңнамаға сәйкес биылғы 15 тамызынан бастап тауарларды декларациялау үшін 6 АЕК (20 700 теңге) міндетті алым енгізілгені бұл ойымызды нақтылай түседі. Мемлекет қазынасына түсетін табыс тиегін ағытқан мұндай жаңашылдықтардың бұдан да басқа түрлері аз емес. Жалпы, 2023 жылдың 7 айында салықтық түсімдер бойынша, өсу қарқыны 125%-ды құрап отыр. Ал тіркеу алымы мен мемлекеттік баж сияқты бір реттік түсімдерді есепке алмағанда түсімдердің өсуі 23% немесе 7,4 млрд теңгеге артық. Төлем көздері бойынша, өсу қарқыны жеке кәсіпкерлердің жеке табыс салығы мен бюджеттік емес мекемелердің жалақы қорынан ұсталатын салықтарға тиесілі. Атай кетерлігі, түсімдер жоспары барлық аудан-қалалар бойынша да асыра орындалған. Соның ішінде жергілікті бюджеттің салықтық түсімдерінің 48% бюджеттік мекемелерінің түсімдері құрайды. Аудандар бойынша, бюджеттік мекемелер түсімдерінің едәуір үлесі Келес, Мақтаарал, Жетісай, Сауран, Бәйдібек, Төлеби, Қазығұрт аудандарына тиесілі. Жалақы қорынан ұсталатын салықтарға келетін болсақ, бюджеттік мекемелерді үлесі 2023 жылдың 7 айында 69,5%-ды құраған.
Осы тұрғыда қоса кететіні, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Түркістан облысында негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім сақталып отыр. Тіпті, бірқатар салаларда көрсеткіш жақсара түскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 680,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,7%-ды құрады.
Ал өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі соңғы 5 жылда 2 есеге өсіп, 2022 жылы 866,6 млрд теңгеге жетті. Ал 2023 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 519,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексінің 104,5%-ын құрады. Аталған салада 350-ден аса кәсіпорын жұмыс атқарып, 31,7 мың адам жұмыспен қамтылған.
Одан бөлек, негізгі салаларға тоқтала кетсек, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 802,6 млрд теңге немесе 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8%-ды құрады. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі орташа есеппен 2,4%-ға көбейді. Инвестиция көлемі 661,6 млрд теңгені құрап, былтырмен салыстырғанда 36,5%-ға артты. Жеке инвестициялар 469,3 млрд теңгеге жетті немесе 1,7 есеге өсті. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 230,8 млрд теңгені құрап отыр. Пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлер алаңы 7,1%-ға артып, 669,4 мың шаршы метр үй тапсырылды.
2023-2026 жылдары Түркістан облысында 186 инвестициялық жоба іске асып, нәтижесінде 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, бюджет 9,4 млрд теңгеге толығады деген болжамды жоспар бар. Ал биыл облыстың жалпы өнімінің көлемін 3,5 трлн теңгеге жеткізу, яки 3,6%-дық өсімге қолжеткізу межеленген. Бұдан бөлек, облыс экономикасының өсімінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының ІІ кезеңі әзірленуде. Болжамға сәйкес 2028 жылға дейін өңірдің жалпы өнім көлемін 1,5 есеге көбейтіп, 5,2 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Көбейтудің бір шарты – үнемдеу
Жұмыспен қамту демекші, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында республика бойынша Электронды еңбек биржасында 330,7 мың үміткер тіркелген болса, солардың ең көбі – Түркістан облысынан (76,3 мың). Одан кейін Қызылорда (28,3 мың) және Жамбыл (23,1 мың) облыстарын атап өтуге болады. Осы аталған кезеңде елімізде ЭЕБ арқылы 100,1 мың жұмыс іздеуші жұмысқа орналастырылған екен. Бұл – осы биржа арқылы тіркелген барлық жұмыс іздеушілердің 30,3%-ы. Бұл көрсеткіш бойынша да Түркістан облысы (28,6 мың) алда тұр. Мұның барлығы, өңір басшылығы жұмыспен қамту мәселесін бірінші кезекте қарастыратынын білдіреді. Мәселен, биыл облыста 109,7 мың жұмыс орнын ашу бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, онда 72,4 мың – тұрақты, 37,4 мың – уақытша жұмыс орындарын ашу қарастырылған. Соның негізінде, «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған Ұлттық жоба» аясында, жалпы саны 109,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданған, яки 99,9%. Оның ішінде 39,1 мың адам тұрақты, 35,9 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылыпты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық отырысында бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу керектігін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларына басымдық берілуі тиіс екенін ескертіп отыр.
«Мемлекет басшысы жыл сайын
«10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын» ашуды тапсырды. Жыл қорытындысымен бекітілген индикатордың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аудан, қала әкімдеріне «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» көрсетілген межелерге қол жеткізуді тапсырамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудағы және мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында анықталған кемшіліктер жойылсын. Бюджеттік мекемелерге ғана емес, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына да тұрғындарды тартқан жөн. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу керек»,– дейді ол.
Өңір басшысының айтуынша, биыл 466 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру барысында 5 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның бүгінде 411 жобасы басталып, жалпы 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты аясында, жалпы 75,1 мың азамат тұрақты және субсидияланған жұмыспен қамту шараларына жолданды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд теңге қаржы қаралып, 1688 тұрғынға мемлекеттік грант беру көзделді. Грант берудің 3 кезеңі өткізіліп, 11,3 мың адам өтініш қалдырды. Бір орынға орташа көлемде 7 адамнан келді. Нәтижесінде, 1688 адам грант алып, өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қол өнер бұйымдары, тамақ өндірісі салалары бойынша өз кәсіптерін ашуда екен.
Ал облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева биылғы 17 қарашадағы дерек бойынша республика көлемінде Ұлттық жобалар негізінде, 47,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның ішінде Түркістан облысы бойынша, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын айтып отыр. Жұмысқа орналасқандардың 82%-на зейнетақы аударымдары түсіп, 97 мыңнан астам азаматпен электрондық еңбек келісімшарты түзілген. Бұл көрсеткіш бойынша, Түркістан өңірі елімізде бірінші орында тұр. Сондай-ақ биыл Президенттің сайлауалды тапсырмасы негізінде, 35 жасқа толмаған 594 тұрғынға 2,5 пайыздық өсіммен 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Осы мақсатта 2,9 млрд теңге қаржы қаралды. Бүгінде 933 жоба конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 583 адамның жобасы 2772,7 млн теңгеге мақұлданып, 490 адамға 2236,7 млн теңге қаржысы аударылған.
Осы ретте, көңіл аударта кететін бір жайт – жұмыспен қамту шараларын жан-жақты жүргізудің арқасында және өзге де жұмыстар нәтижесінде өңірде биыл АӘК алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеген екен. Ендеше, көбейтудің бір шарты – үнем десек, бұл тұста мемлекеттік шаралардың мультипликативті әсерін көріп отырмыз. Әрі бұл ілгері қадамның басы деп сенеміз.
Халқы да, бюджеті де ең көп өңір – Түркістан
Аймақтар арасында бюджеті ең көп өңір – Түркістан облысы. Биылдыққа екі рет нақтыланған оның жылдық бюджеті – 1 триллион 325 млрд теңгені құрады. Ол қаржының 58,5%-ы әлеуметтік салаға бөлінген. Бұл өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндеттерді шешуге септігін тигізуде.
«Жыл басындағы сайлаудан кейін алғашқы сессияда 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың төрағалары сайланған болатын. Олар жалпы, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етеді. Мәслихат маңызды рөл атқарады. Жыл басынан бері облыстық мәслихаттың 4 сессиясы өтіп, түрлі салаға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 53 шешім қабылданды, оның ішінде 9 шешім облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті», – дейді Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясының мүшесі Нұралы Әбішов.
Әрине, бюджет көлемінің көптігі облыста халық санының көптігімен, соның ішінде ауыл тұрғындарының басым (80%) болуымен байланысты екені түсінікті. Соңғы санақ бойынша облыс халқы 2 миллион 137 мың адамды құрап отыр. Еліміздегі көпбалалы отбасылардың 1/3 бөлігі Түркістан облысында тұрады. Олардың саны 180 мыңнан асады. Мұндай жағдайда ауылдық жерлер әрдайым субсидияланып, мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болатыны белгілі. Тағы бір фактор – облыстың жаңадан құрылғаны. Сол кезде облыстағы негізгі өнеркәсіп пен табыс көзі Шымкентте қалған еді. Бұл әрине, үлкен демографиялық дүмпу жағдайында қалыпты нәрсе. Осы қаражаттың жартысынан астамы мектептерді, балабақшаларды, жалақыны және басқа да әлеуметтік бағыттарды ұстауға жұмсалып отыр. Мәселен, биыл 25 елді мекенге ауызсу құбырын тартып, тозығы жеткен сумен қамтамасыз ету желісін жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 56 елді мекен табиғи газ құбырына қосылып, 47 елді мекеннің электр желілері жаңартылады. Былтыр 54 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 21-і пайдалануға берілген болса, биыл тағы 20 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 63 білім мекемесінің құрылысы мақұлданған. Одан бөлек, биыл ауылдық жерлерде 49 медицина нысаны салынады. Тізе берсе, атқарылар шаруа ұшан-теңіз. Осының бәрін бір арғаға тоғыстырып, қиыннан қиыстыра білу – уақыт талабы. Ендеше, адам саны көп және тығыз орналасқанына қарамастан, облыстың республикада бюджет түсімі бойынша екінші орынға шығу – үлкен жетістік.
Нұрлан ҚОСАЙ