Айта кету керек, Түркістан облысының Түркі мемлекеттері ұйымы елдері арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 400 млн АҚШ долларын құрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Түркістанда бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін TURAN арнайы экономикалық аймағы құрылған еді. Бұл алаң бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталды.
Жақында Түркістанда өткен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы аясында да 1 трлн 55 млрд теңгенің меморандумына қол қойылған болатын. Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің бизнес өкілдері қатысқан жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстар нығая түскенін мәлімдеді.
– Осыдан 3 апта бұрын елордамыз Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті өтті. Оған Түркі мемлекеттерінің басшылары қатысып, бауырлас елдер арасындағы татулықты нығайту, өзара қарым-қатынасты арттыруға қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған форум саммитте көтерілген бастамаларды одан әрі жетілдіруге үлкен серпін береді деп сенемін, – деген Дархан Сатыбалды Түркістан облысында Түркия, Өзбекстан және өзге де мемлекеттермен бірге маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Бизнес форумда Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев бұл жиын ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға серпін беретінін алға тартты. Сонымен бірге жиында Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан мемлекеттері мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері, лауазымды тұлғалары, спикерлері экономиканы дамыту жөніндегі ұсыныстарын айтты.
Форум алдында Түркістан өңірін танытатын көркемсурет галереясы мен презентациялар, халықаралық бизнес пен инвестициялық жобалар жәрмеңкесі ел назарына ұсынылды. Іс-шарада ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, экспорт, логистика және IT-білім сияқты негізгі салалар бойынша талқы өтті.
Халықаралық форум аясында Түркістан облысында ауқымды жиынға қатысып жатқан Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді компанияларымен бірнеше бағытта 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік кластарын құру, Мақтаарал ауданында тоқыма кластарын құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы бойынша Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын икемді генерациялау режимі бар аралас циклді газ стансасының негізінде электр стансасын салу бойынша, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма фабрикасын құру, Бәйдібек ауданында тауық жұмыртқасын өндіретін құс фабрикасын құру, дымқыл майлықтар мен балалар жөргектерін шығару бағытында қолданыстағы желіні кеңейту бойынша, металл конструкцияларын шығаратын зауыт құрылысы бойынша және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды.
Маңызды жиында инвесторлар перспективалы инвестициялық жобалармен және оларды өңірде іске асыру жағдайларымен танысты. Жобаларды бірлесіп дамыту үшін бизнес-қоғамдастық, жергілікті билік және инвесторлар арасында стратегиялық серіктестіктер орнатылды. Мұндағы басты мақсат – экономикалық өсуді ынталандыру, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, технологиялық жаңару және жергілікті бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында өңірге шетелдік инвестицияларды тартуға жәрдемдесу.
Аймақта инвестициялық әлеуетін толыққанды жүзеге асыру мақсатында ауқымды жобаларды іске асырылып, алыс-жақын шетелдік инвесторлармен тығыз байланыс орнатылып келеді. Мәселен, бұған дейін Түркістан облысы Ордабасы ауданына Қытай Халық Республикасынан арнайы іссапармен келген делегация бірқатар өндіріс орнын аралап, инвестиция салуға ниетті салалардың жұмысымен танысқан еді. ҚХР Шандон провинциясының Линцин қаласы, Шыңжаң өлкесінің Үрімжі қаласындағы ірі кәсіпорын басшылары инвестициялық жобалар туралы талқылады. Нәтижесінде, ордабасылық «Компания Ануар» ЖШС мен қытайлық Baoji Haoyu Hitech Machine Engineering Co.Ltd корпорациясы қыш зауытына қажетті жаңа технологиялы қондырғы жабдықтар сатып алу үшін өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған.
Сонымен қатар аймақта экономиканың дамуына серпін беретін ұзындығы 152 километр болатын жаңа теміржол желісінің құрылысы қарқын алды. Ірі инфрақұрылымдық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов ірі мегажобаның маңыздылығына тоқтала келе, өткен жылы теміржол арқылы ел тарихындағы ең жоғары, яғни 245 млрд тонна-километрді құрайтын жүк көлемі тасымалданғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, ирандық Solico Group компаниясының өкілдері де Түркістан облысында сүт өнімдерін өндіретін зауыт салуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге ниет білдірген. Инвестордың жобасымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірде инвестициялық жобаларға жасалған мүмкіндікте тоқталды. Кездесу нәтижесінде, екі тарап ауыл шаруашылығы саласында өзара ынтымақтастық құруға уағдаласты.
Кәмила ЕРКІН