Қарағанды облысы Шет ауданында таза Араб тұқымды бәйге атын ұрлап, сойып алған күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аудандық полиция бөліміне 30 жастағы аудан тұрғыны арызданып, белгісіз біреулер халықаралық бәйгеге дайындап жүрген тұлпарын ұрлап кеткені туралы хабарлаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңгені құрады.
«Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 және 54 жастағы азаматтар ұсталды. Олардың барлығы Шет ауданындағы блок-бекетте қолға түсті. Күдіктілер ұрланған жылқыны сойып, мүшелеп тастағанын жеткізді. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.
Басқарма басшысының сөзінше, жыл басынан бері облыс аумағында 644 бас мал ұрланып, оның 547-сі иелеріне қайтарылған.
Мал ұрлығының алдын алу мақсатында 13 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Мал ұрлаушылар» жедел алдын алу шарасы өткізілуде. Шара аясында өңірдегі автожолдарға 17 жылжымалы бекет қойылды.