Қазақстанның негізгі газ кен орындары еліміздің батыс аймағында орналасқан. Соған сай, көгілдір отынды көбірек пайдаланатын да осы өңірлер. Мәселен, Маңғыстау облысы былтыр 2,6 млрд текше метр газ жағыпты. Бұл республика бойынша ішкі нарық сұранысының 19%-на тең. Отынның осынша көлемі облыстағы елді мекендерді жылытудан бөлек, ірі өнеркәсіп нысандарын, сондай-ақ өңірдегі негізгі энергетикалық кәсіпорын – жылу мен электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз еткен. Өңірдегі тұтыну көрсеткіші тұрақты түрде өсіп келе жатқандықтан Президент тапсырмасы негізінде қазан айында «Бейнеу–Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі пайдалануға берілді. 308 шақырымдық құбырдың газ өткізу мүмкіндігі жылына 5,8 млрд текше метр. Осылайша, облыстың газға деген қажеттілігі жабылған-дай.
Оңтүстікте ең жоғарғы көрсеткіш: Алматы (99,2%) мен Шымкент (94,2%) қалаларына және Жамбыл облысына (90,2) тиесілі. Ал еліміздің солтүстігіндегі өңірлер магистралды газ құбырларынан (Бейнеу–Шымкент, Қазақстан–Қытай) тым шалғай жатқандықтан мұндай жеңілдіктің «ауылы алыс» секілді. Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетовтің пікірінше, оңтүстіктен Астанаға тартылған құбырды ары қарай солтүстікке созу арқылы теріскейді табиғи газбен қамтамасыз етуге болады.
«Мәселен, ұзындығы 1 061 шақырым болатын «Сарыарқа» магистралды газ құбыры бір жылдан астам уақыт ішінде салынып бітті. Енді құбырды Астанадан солтүстікке жеткізу аса қашық емес қой. Егер газ барса, оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар саны да артып, облыстағы демографиялық ахуал тұрақтанады. Бұл жоба іске асса, солтүстік облыстардағы халықтың өмір сүру сапасы артып, экономиканың қарқынды дамуы жеделдейді және экологиялық мәселесі де жақсарар еді», – дейді депутат.
Алайда «Сарыарқа» құбырымен жеткен табиғи газ көлемінің де шегі бар. Мың шақырымды артқа тастап жеткен магистрал, ең алдымен Елорданы толық қамтамасыз етуі тиіс. Бүгінге дейін Астананың тұрғын үй алабындағы 12 мың абонент газға қосылыпты. Одан бөлек, көпқабатты үйлерді жылытатын ЖЭС–1-дегі 10 қазандық, ЖЭС–2-де 6 қазандық газ жүйесіне ауыстырылған. Қазір Астананың айналасындағы Аршалы, Целиноград аудандарына газ жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай, Үкімет екі бірдей нұсқаны қарастырып, техникалық мүмкіндіктерін саралап отыр. Оның бірі – «Сарыарқа» магистралды газ құбырының тиімділігін байқап көру, екіншісі – Ресей газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Өйткені солтүстік және шығыс аймақтарды газдандыру үшін жылына шамамен 2,5 млрд текше метр газ қажет болады екен. Салыстыру үшін айтсақ, оңтүстіктегі облыстардың жылдық тұтыну көрсеткіші – 5 млрд текше метр. Яғни, «Сарыарқа» құбырын пайдалану – оңтүстіктің отынына ортақтасу деген сөз.
Расы керек, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары тәуелсіздік алғалы бері орталық газ жүйесі дегенді білген емес. Бұл өңірдегі жылу жүйесі мен энергетикалық нысандар түгелдей көмірге негізделген. Ал аудандар мен ауыл халқы алты ай қыста қолға түскен отын түрін (қи, ағаш, көмір) жағып жан сақтайды.
Energyprom порталының дерегінше, Қазақстан ел аумағын газдандыру ісінде ЕАЭО-қа мүше мемлекеттерден кейін қалуда. Бірінші орында 97%-бен Беларусь Республикасы келеді. Бұл ел өз жерінде азғантай көлем өндіргенімен «көгілдір отынды» Ресейден импорттап (жылына 20 млрд текше метр) осы көрсеткішке жеткен. Бір қызығы, Армения өз жерінде ешқандай газ кен орны болмаса да сырттан импорттап, халқының газға қол жеткізу көрсеткішін 96%-ға жеткізе алған. Республика газды Ресей (87,7%) мен Ираннан (12,1%) импорттайды. Армения үкіметінің дерегіне сүйенсек, 2022 жылы мемлекет 504 млн долларға көгілдір отын сатып алған. Одақтың өзге екі елі Ресейде көрсеткіш – 73% болса, Қырғыз Республикасында – 38%.
Әрине, тұрғындарды газбен қамтамасыз етуде жер шалғайлығы мен халықтың қоныстану көрсеткіші де негізгі рөлге ие. Мәселен, жоғарыда бізден озық тұрған Беларусьтің жер көлемі – 207,6 мың шаршы шақырым болса, халық саны – 9 200 600 адам. Арменияда халық саны – 3 227 800 адам, аумағы – 29 743 шаршы шақырым (әлем бойынша 138 орын) ғана.
Олардың қасында біздің жер көлеміміз миллион шаршымен саналады. Қазақтан жерінің аумағы бойынша дүниежүзінде 9 орында (2 млн 724,9 мың шаршы шақырым) тұр. Мұндай ауқымды көрсеткіштер жер қойнауынан газ өндіру, өңдеу, құбырмен жеткізу, тасымал шығындарын қосқанда отынның өзіндік құнының өсуіне әкеледі.
Газ бағасы өседі
Табиғи газдың құны осы уақытқа дейін мемлекеттің реттеуінде болды. Биылғы 11 қыркүйекте Президент қабылдауында болған QazaqGaz АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов 2022 жылдан бері ұлттық компания халық пен бизнеске 389 млрд теңгеге газ бағасына субсидия жасағанын мәлімдеген-ді. Десе де, ішкі нарықта отынның осы түрінің бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, табиғи газдың құны алдағы бес жыл бойына қымбаттай түседі. Бағаның өсуі әр өңірдің сұраныныса қарай қалыптаспақ. Мысалы, Алматыда 1 мың текше метр газдың бағасы 25,1 мың теңге көлемінде болса, 2023–2028 жылдары аралығында жыл сайын 12-15%-ға көтеріліп, бес жылдан кейін 42,7 мың теңгеге жетпек. Ал Атырау облысында бес жыл ішінде көгілдір отын құны 18,5%-ға өседі. Яғни, 1 мың текше метр газдың құны қазіргі 9,6 мың теңгеден 11,4 мың теңгеге қымбаттайды.
Газ бағасының қымбаттауына басты себеп – сұраныстың артуы. Әсіресе, былтырғы қыста тұтыну рекордты көрсеткішке жетті. Бір ғана қаңтар айында тәулігіне 95 мың текше метр көгілдір отын пайдаланыпты. QazaqGaz ұлттық компаниясының болжамынша, тұтыну көлемі әлі де өсе береді.
Көгілдір отынның қоры қанша?
Қазақ жеріндегі газ қорының көлемі жөніндегі көрсеткіші әр дерек көзінде әртүрлі айтылады. Мысалы, Kazenergy ұйымының 2021 жылғы ұлттық баяндамасында Қазақстан әлемде 16 орында екені айтылса, кейбір дерек көздері 19 орын дегенді алға тартады. Бір анығы, ТМД елдері ішінде Ресей, Түрікменстан, Әзербайжаннан кейін төртінші тұрмыз. Демек, жерасты байлығы бар, ендігі міндет – халық игілігіне жарату.
Айта кетейік, әлемде газдың дәлелденген қоры бойынша ТОП-5 мемлекетке Ресей, Иран, Қатар, АҚШ, Түрікменстан кіреді. Дегенмен әлемдік нарықта газ саудасын қыздырып отырған ойыншы мемлекеттердің өзі халқын тұтас газбен жарылқай алып отырған жоқ. Отын байлығынан бірінші орында тұрған Ресейдің биылғы көрсеткіші – 73,8%. «Газпром» келесі жылы бұл санды 74,7%-ға жеткізуді міндетіне алып отыр. РФ Алтай аймағында газдандыру деңгейі 18% көлемінде ғана. Шашыраңқы орналасқан 1 600 елді мекеннің 125-де газ бар. Иран үкіметі алдағы екі жыл ішінде тұрғындарын толық қамтамасыз етеміз деп отыр. Бұлардың ішінде жоғарғы көрсеткішке (99,5%) ертерек қол жеткізген мемлекет – Түрікменстан. Былтыр бұл мемлекет 82,7 млрд текше метр газ өндіріп, оның 30 млрд текше метрін Қытайға экспорттаған.
QazaqGaz АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтің ақпарат көздеріне берген дерегінше, болжанған газ қорының көлемі – 62 трлн текше метр болса, мақұлданған және алынатын көлем – 4 трлн текше метр. «Біз қазірдің өзінде он бесінші орындамыз, бірақ бұл тек бастамасы ғана. Егер біз жердің астындағы 62 трлн текше метрді газды дәлдік барлаумен өндіре алсақ, көшбасшы 10 елдің қатарына кіре аламыз», – дейді Санжар Жаркешов.
БҰҰ былтыр жер бетіндегі дәлелденген көгілдір отын қорының көлемі 210 трлн текшеметр деп мәлімдеген. Бұл дерекпен салыстырсақ, Қазақстанның мүмкіндігі мен әлеуеті алда екенін аңғару қиын емес секілді. Ел Үкіметі газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі Кешенді жоспарын қабылдады. Онда газдың ресурстық базасын ұлғайту, газ нарығын реформалау ісі көзделіп отыр. Демек, алдағы үш жылда аталған саладан еститін жағымды жаңалық та көп болмақ.
Бауыржан БАЗАР
© коллаж: Елдар ҚАБА