Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі, капиталға шамамен 840 млрд теңге тартылды, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл 45%-ға артық. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев хабарлады.
Биыл жыл басынан бері 12 инвестициялық жоба іске қосылды. Құйылған жалпы инвестиция көлемі 11 млрд теңгеден асады. Оның ішінде ет комбинаты, металл прокат, арнайы жабдықтар мен техника, сондай-ақ темірбетон мен антифриз өндірісі бар.
Жыл соңына дейін жалпы құны 9 млрд теңге болатын тағы үш жобаны іске қосу жоспарлануда, бұл 90-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар алдағы үш жылда тағы 54 инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. Бұл жобалар өңір экономикасына 1,4 трлн теңге көлемінде қаржы тартуға және 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жоспарланған.
Негізгі, жобалардың бірі – Svevind неміс-швед компаниялар тобы жоспарлаған жасыл сутегі зауытының құрылысы. Бұл жоба тұщыландыру зауытының құрылысын, жаңартылатын энергия көздері стансасын, сондай-ақ 2 млн тонна «жасыл» сутегі өндіретін зауытты пайдалануды қамтиды. Сондай-ақ ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясының қатысуымен «Қаламқас, Хазар және Әуезов» кен орындарын игеру жобасы ерекшеленеді. 2024 жылы алдын ала жобалауды (FEED) іске асыру кезеңін бастау жоспарлануда. Жобаны ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылады. Өндіріс 2028 жылы басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп күтілуде, – деді Маңғыстау облысының әкімі.
Сонымен қатар Kazpetrodrilling қазақстандық компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық шеңберінде Маңғыстау аумағында құбыр өнімдері мен сорғы-компрессорлық құбырлар өндіретін зауыттар салуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Бұдан басқа, өңірде азық-түлік қауіпсіздігін, өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетті нығайту шеңберінде KazAzot Prime ЖШС аммиак-карбамид кешенін салу жоспарлануда, сондай-ақ облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында бүгінде YDA Group түрік компаниясы Каспий теңізінің акваториясында кеме жасау верфін салу жөніндегі жобаны іске асыруға мүдделі.
Сонымен қатар трансұлттық компанияларды тарту шеңберінде канадалық Condor компаниясының (Қазақстандық Qazaq LNG ЖШС компаниясы атынан) сұйытылған табиғи газ өндіру жобасын іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар өндірістік қуаттылықты арттыруға, экономиканың ілеспе салаларын дамытуға ықпал етеді. Бұл жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативтік әсер етеді, – деді Нұрлан Ноғаев.
Метанмен жүретін жаңа автобустар пайда болды
Маңғыстау облысында өңір экологиясына оң ықпал ететін автобустардың жаңа буыны пайда болды. Ақтауда қалалық бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайтын 30 жаңа автобус өз жұмысын бастады. Сонымен қатар жаңа автобустар «Ақтау – Әуежай» бағытында қатынайды. Жақын арада метанмен жүретін тағы 90 автобусты пайдалануға беру жоспарлануда.
Жаңа көлік (автобустар) жергілікті бюджеттен және өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ қаражаты есебінен сатып алынды, яғни жергілікті бюджет есебінен 1,1 млрд теңге, қалған соманы өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ қаржыландырды. Барлық автобустар ауаны баптау жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандуспен жабдықталған. Жалпы, жоба 9,2 миллиард теңгеге бағаланады.
Жаңа автобус инфрақұрылымының маңызды бөліктері – арнайы диспетчерлік жүйе қоғамдық көлік бағыттарының қозғалысын, ал камералар автобус салонын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін облыста алғашқы рет ерекше газ құю стансасы – метан стансасы пайдалануға берілді.
«Жаңа автобустарда газ моторлы қозғалтқыштарды пайдалану ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін азайтуға және субсидиялау саласында бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға ықпал етеді», – деді Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы негізгі мақсат – Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол сондай-ақ аймақтағы сұйытылған газды тұтынудың жоғары көрсеткіштерін атап өтіп, метанды пайдалану сұйытылған газға жүктемені төмендететініне сенім білдірді.
«Біздің мақсатымыз – Маңғыстау облысында жолаушылар көлігінің қауіпсіз, жайлы және сапалы қызметтерін қамтамасыз ету, автобустарды күту уақытын қысқарту және жолаушылар тасымалы нарығына жаңа сапалы автобустар ұсыну», – деді Маңғыстау облысының әкімі.
Сумен жабдықтау жүйелері кезең-кезеңімен жаңғыртылады
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Маңғыстауда су тұщыту, бу-газды қондырғылары мен турбоагрегаттар сияқты жабдықтарды салу және жаңғырту бойынша негізгі алты жобаны іске асыруды көздейтін «МАЭК» кәсіпорнын жаңғырту бағдарламасы әзірленді.
Маңғыстау облысы халқының қарқынды өсімі мен экономикалық дамуы аясында мәселелердің бірі – коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту және оның қуатын арттыру. Бұл стратегиялық бастамалар тіршілікті қамтамасыз ету, инженерлік желілер мен сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Назар аударуды талап ететін негізгі факторлардың бірі – «МАЭК» кәсіпорны. Кешеннің энергетикалық жабдықтарының тозу деңгейі 81%-ды құрайды.
– Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тұщыту, бу-газ қондырғылары және турбоагрегаттар сияқты жабдықтарды салу және жаңғырту бойынша бірнеше негізгі, жобаны іске асыруды көздейтін кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасы әзірленді. Осы жылы кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізілуде. Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен тозығы жеткен жабдықты ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша, жаңа жабдықтар мен жиындықтарды сатып алуға Үкімет резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді, – деп хабарлады өңір басшысы.
Сонымен қатар Ақтау қаласындағы өзекті мәселелердің бірі – инженерлік желілерді қайта жаңарту. Халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін Ақтау қаласының 25 шағынауданын 5 аймаққа бөліп, жалпы ұзындығы 919 шақырымды құрайтын инженерлік желілерді (су, кәріз, жылу) жаңғырту жоспарланды.
«Бүгінде 1-кезең бойынша – жалпы сомасы 20,4 млрд теңге қаржыны құрайтын 19 жоба әзірленді (су бойынша – 6 жоба, кәріз бойынша – 6 жоба, кәріз тазарту стансалары – 6, жылу – 1 жоба). Биыл Ақтау қаласының 3 «а», 3 «б» және 1-шағынаудандарында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде (жалпы, ұзындығы 10,2 км). Ол үшін республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінді (жобаның жалпы құны – 11,5 млрд теңге). Сонымен қатар Ақтау қаласының 31 «а» шағынауданында жылу желілерін жаңарту жұмыстары басталды (ұзындығы – 0,7 шақырым, мердігерлік ұйым – «Теплоэнергострой» ЖШС, жобаның құны – 240,0 млн теңге). Республикалық бюджеттен 199 млн теңге бөлінді. Бұл нысан биыл желтоқсанда аяқталады деп күтілуде», – деді ОКҚ брифингінде Нұрлан Ноғаев.
Қалған шағынаудандарды жаңарту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады. Инфрақұрылымды жаңартудың маңызды аспектісі ретінде, аймақты ауызсумен толық қамтамасыз ету маңызы айрықша. Жаз маусымында облыста су тапшылығы тәулігіне 77,2 мың текше метр суды құрайды. Жыл сайын суға сұраныстың өсімін ескере отырып, 2025 жылға қарай жалпы қуаттылығы тәулігіне 136 мың текше метр суды тұшытатын алты жобаны іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар өңірдің әр тұсында жаңа тұзсыздандыру зауыттарының құрылысы белсенді жүргізілуде, аталған жобалар су тапшылығын жоюға ықпалдасады. «Каспий» су тұшыту зауыты қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізудің 2-кезеңі бойынша жұмыс істеуде. 2022 жылдың жазғы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр суды тұшытатын қондырғы пайдалануға берілді. 2024 жылдың сәуіріне дейін бұл жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда.
Сонымен қатар Ақтау қаласында инвестордың жеке қаражаты есебінен қуаты тәулігіне 20 000 текше метр суды тұшыту зауытын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 4,0 млрд теңге. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазір зауыттың белгіленген қуаты тәулігіне 3 600 текше метрді құрайды. Жыл соңына қарай қуаттылықты 2 есеге арттырып, тәулігіне 7 200 текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда.
Биыл Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр (РБ – 4,2 млрд теңге) және Кендірлі ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытатын қондырғыларды салу жұмыстары басталды.
«Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды
Маңғыстау – Қазақстан бойынша табиғи газды ең көп тұтынатын аймақ. Былтыр өңірге 2,6 млрд текше метр көгілдір отын қажет болды. Бұл республика бойынша, ішкі нарықтағы тұтыну қажеттілігінің 19%-ын құрайды. Ел Президентінің тапсырмасымен 2023 жылдың қазан айында ұзындығы 308 шақырымды құрайтын «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі бойынша газ беру басталды. Оның құрылысы өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асырылды. Бұл туралы Нұрлан Ноғаев баспасөз мәслихатында кеңінен тоқталып өтті.
Маңғыстау облысында газдандыру саласындағы жобаларды іске асыру қарқынды жүріп жатыр. Бұл газ тасымалдау жүйесінің қуаты мен өткізу қабілетін арттыруға, өңірдің табиғи газын тұтынудың өсіп келе жатқан көлемін жабуға және өңірдің энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жобалар жаңа өндірістік қуаттарды құруға мүмкіндік беретін елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Аталған жобалар Qazaq Gaz және «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
2023 жылдың қазан айында Маңғыстауда «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісі іске қосылды. «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының екінші желісін іске қосу елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік объектілерді, сондай-ақ Маңғыстау облысының негізгі, энергетикалық кәсіпорныжылу және электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС-ін тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Мәселен, «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді құрайды. Бұған дейін «Окарем-Бейнеу» газ құбыры осы бағыт бойынша 3 млрд текше метрден астам айдауды қамтамасыз еткен болатын. Енді екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 млрд текше метрге жетеді. Бұл өңірдің қажеттіліктерін толығымен жабады.
– Сондай-ақ тұрақты газбен жабдықтау мақсатында республикалық бюджеттен «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4 желісін салу жобасын іске асыруға 5,3 млрд теңге (148 км газбен жабдықтау желілері) бөлінді. Президенттің тапсырмасы бойынша, Құрық ауылы ауданындағы АГТС-тен «Саршадан» – «Жылы жағажай» курорттық аймағындағы «Риксос» қонақүйіне дейінгі жоғары қысымды газ құбыры да аяқталды. Бұл жоба Құрық кентін және жақын жерде орналасқан өндірістік объектілерді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жағажай туризмін дамыту үшін өте маңызды жоба, – деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ іске асырылып жатқан «Каспий энергетикалық хабы» шеңберінде жаңа шағынаудандарды тұрақты газбен жабдықтау мақсатында «Жаңаөзен-Ақтау» МГ құбырынан басталатын автоматтандырылған газ тарату стансасы бар магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатқанын атап өткен жөн.
Ұзындығы 52 шақырымдық газ құбыры Ақтау қаласының жаңа шағынаудандарының, Мұнайлы ауданының Қызылтөбе, Дәулет және Баянды ауылдарының, сондай-ақ Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Саин Шапағатов ауылдарының 150 мыңға жуық тұрғынын жылумен және тауарлық газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда, ол үшін республикалық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінді.
Әлеуметтік инфрақұрылым қалай дамуда?
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептердің құрылысына көп көңіл бөлінеді. Өйткені Маңғыстау облысы бірнеше жыл қатарынан бала туу қарқыны бойынша рекорд жаңартты. Бұл қосымша білім беру ресурстарын қажет етеді. Аталған қажеттілікті шешу үшін облыс орталығында, елді мекендерде де жаңа мектептер салу жоспарлануда. Бұл туралы да аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев толық мәлімет берді.
Маңғыстау облысының әкімі қалалар мен ауылдарды кешенді дамыту жаңа тұрғын аудандармен қоса қолайлы әлеуметтік инфрақұрылымды – яғни балабақшалар, мектептер, емханалар, ойын және спорт алаңдарын да салуды көздейтінін атап өтті.
Нұрлан Ноғаевтың мәліметінше, 2023 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 209 млрд теңге қарастырылған, бұл облыс бюджетінің 43% құрайды. Облыста барлығы 188 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 39-ы – жекеменшік мектеп. Соңғы үш жылда оқушылар саны 25 мыңға артты (2021 – 156 мың, 2022 – 175 мың, 2023 – 182 мың). Биыл 3 972 орындық 11 жекеменшік мектеп ашылды (Ақтау – 6, Жаңаөзен – 2, Мұнайлы– 3).
Әкімдік нұсқауы әрі жетекшілігімен әлеуметтік нысандар қатары артып, әсіресе мектептер қадамдық қолжетімділікте болуы үшін тиісті жұмыстар атқарылып келеді. (Бұл үшін қазірдің өзінде бар білім беру нысандарын салу және кеңейту қарқынды жүріп жатыр).
– «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Түпқараған ауданында М.Горький атындағы мектеп-лицейіне жапсарлас салынған ғимарат пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 2025 жылға дейін 2 ауысымда 44 мың орындық 21 мектеп салу жоспарланған (2024 жылы – 13 мектеп, 2025 жылы – 8 мектеп). 13 мектеп бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды, құрылыс жұмыстары басталды, – деді Нұрлан Ноғаев.
Білім беру мекемелерінің құрылысында демеушілік қолдау білім беруді дамытуда маңызды рөл атқарады. NCOC және Buzachi Operating LTD компаниялары бұл процеске белсенді қатысып, мектеп құрылысына қаражат құюда. Бекі ауылында 100 орындық мектеп, ал C.Шапағатов ауылында 1 200 орындық мектеп салынады.
Сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылым әлеуетін арттыру саласында автомобиль жолдарының маңызы аса зор, сапалы жолдар өңір экономикасының өзегі екенін атап өткен жөн.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының басты бағдары 21 ауылды қамтиды және биыл автожолдарды салу және жөндеу жобаларына қомақты инвестицияларды тарту маңызын айқындай түседі.
– Биыл орындалған жұмыстардың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жай-күйін 96%-ға дейін жақсарту жоспарлануда. Бұл тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге және жалпы облысты дамытуға маңызды қадам болмақ, – деді Нұрлан Ноғаев.
Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Маңғыстау облысы