Жасанды интеллект қызметін пайдалану күн өткен сайын артып келеді. Жастар ЖИ құралдары мен қызметтерін үй тапсырмаларын орындауға, бос уақыттарында эксперимент жасауға қолданады.
Дегенмен жаңа ұрпақ жасанды ақылдың пайдасы мен зиянын теңгере алмауы да мүмкін.
Неге британдық жасөспірімдердің 80 пайызы жасанды интеллект қолданады?
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: We Are
2,316
оқылды

Британдық Ofcom агенттігінің цифрлық әдеттер туралы есебінде YouTube Ұлыбританияның ең көп кіретін веб-сайты ретінде Facebook-тіы басып озғанын жариялады. Бұның себептерін Aikyn.kz британдық Financial Times басылымында жарияланған мақалаға сілтеме жасай отырып түсіндіреді.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Xavier Lorenzo

Бұқаралық басылымның хабарлауынша, әрбір бес британдық жасөспірімнің төртеуі генеративті жасанды интеллект құралдары мен қызметтерін пайдаланады.

Бұл интернет пайдаланушылардың Z ұрпағының ЖИ технологиясына деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.

Ofcom 13-17 жас аралығындағы балалардың 79 пайызы және 7-12 жас аралығындағы балалардың шамамен 40 пайызы оқу немесе бос уақыттарында демалу үшін жасанды интеллекті пайдаланатынын анықтады. Салыстырмалы түрде айтсақ, ересектердің тек 30%-ға жуығы ғана бұл технологиямен тәжірибе жасаған.

Ofcom жаңа ЖИ технологиясын жылдам қабылдау «Z ұрпағының екінші сипаты» екенін айтуда. Әдетте «Z ұрпағы» деп 1997-2012 жылдары өмірге келген жасөспірімдерді атайды. Қазір олар 11-26 жас аралығында.

Төмендегі видеода ұрпақтар арасын шартты түрде бөлу мен олардың ерекшеліктері айтылады. Балаңызды, досыңыз бен құрбыңызды, жалпы жастарды дұрыс түсінуге көмектесетін өте танымды ролик. Ролик ағылшын тілінде, қазақша немесе орысша субтитрмен көруге болады:  

Осы аптаның сейсенбісінде жарияланған зерттеуге сәйкес, балалар мен жасөспірімдер арасында ең танымал генеративті жасанды интеллект құралы – Snapchat-тың My AI чат-боты екені анықталған. Бұл чат-бот, әсіресе, жасөспірім қыздар арасында үлкен сұранысқа ие екен.

My AI чат-боты қарапайым сұрақтарға жауап бере алады, досыңыздың туған күніне сыйлық таңдауға, демалыс күндерін жоспарлауға көмектеседі немесе кешкі асқа не пісіру керектігін ұсына алады. Ал көпшілікке танымал болған ChatGPT чат-боты 16 жастан асқан интернет пайдаланушылар арасында кеңінен қолданылады екен.

Ofcom өзінің есебінде күнделікті интернетті пайдалану 3 сағат 41 минутқа жеткенін жариялады. 18 бен 24 жас аралығындағы жастар интернетте ең көп уақыт өткізеді – күніне 4 сағат 36 минут.

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: We Are

Ofcom стратегиялық және зерттеу тобының директоры Йи-Чунг Те жаңа технологияларды қабылдау жас ұрпақ өкілдері үшін қалыпты жағдай екенін айтып, ЖИ тудыратын қауіптерге қатысты алаңдаушылықтар да бар екенін айтқан.

Қараша айының басында британдық премьер-министр Риши Сунактың бастамасымен Ұлыбританияда әлемдік жасанды интеллект саммиті өткізілді. Саммитте 28 елдің, соның ішінде АҚШ, Қытай және Үндістан жасанды интеллекті дамыту бойынша ынтымақтастық орнатуға келісті. 

Фото artificialintelligence-news.com сайтынан алынды

Alphabet иелігіндегі YouTube Ұлыбританиядағы ең көп кіретін веб-сайт ретінде Facebook-ты бірінші орыннан ығыстырған. Мамыр айында ересектердің 91% YouTube-қа, 90,7% Facebook-қа кірген.

WhatsApp, Facebook, Facebook Messenger және Instagram ересектер арасында ең көп қолданылатын смартфон қолданбалары болған.

Ересектердің 67%-ы зиянды контент көргенін мойындаған. Желідегі зиянды контентке фишинг пен алаяқтық, өшпенділік тудыратын, қорлайтын, кемсітетін мазмұндағы ресурстар кіреді.

Британдық Коммуникациялар кеңсесінің (Ofcom) ғимараты. Фото flickr.com сайтынан алынды. Авторы: Jim Linwood

Қысқаша анықтама

Коммуникациялар кеңсесі (Ofcom) – телевизия, радио және пошта қызметін реттейтін британдық үкіметтік агенттік. Коммуникациялар кеңсесі 2002 жылғы «Коммуникацияларды басқару туралы» заңға сәйкес құрылды және 2003 жылғы «Байланыс туралы» заңға сәйкес өкілеттіктерге ие болды.

Мемлекет бекіткен кең өкілеттіктерге ие. Ofcom хабар таратушылар арасындағы бәсекелестікті ынталандыру және халықты зиянды немесе қорлайтын материалдардан қорғау арқылы азаматтардың мүдделерін қорғайды.

Ofcom өкілеттіктеріне мыналар кіреді: хабар таратушыларды лицензиялау, қоғамдық хабар тарату ережелері мен саясатын әзірлеу, хабар таратушылар арасындағы дауларды шешу, еркін бәсекелестікке жәрдемдесу және радио спектрін теріс пайдаланудан қорғау (мысалы, «қарақшылық» радиостансалардан).