Жұқпалы ауруға шалдыққандардың дені мектеп жасындағы балалар.
Қытайда инфекциялық жұқпалы ауру тарап жатыр
2,571
оқылды

Қытайда инфекциялық жұқпалы ауру жаппай тарап жатыр. Дерт, әсіресе, балалар арасында дендеп тұр. Қазір барлық аурухана күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Қалыптасқан жағдай жергілікті билікті алаңдатып отыр, - деп хабарлайды Aikyn.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Бейжіңде барлық ауруханаларда қаптаған науқас. Ұзын-сонар кезек. Күшейтілген режим. Қазір емханалар ем іздеп жүргендер саны рекордтық деңгейге жетті. Дәрігерлер мен аурухана қызметкерлері жұмыс уақытын бірнеше сағатқа дейін ұзартуға мәжбүр болып отыр. Жұқпалы ауруға шалдыққандардың дені мектеп жасындағы балалар.

Ата-аналар дүрбелең салып, клиникаларды кезіп жүр. Ауруханаға түскен науқастар дене температурасының көтерілуі, жөтел, жүрек айну, құсу, іш ауруына шағымдануда. Бұл жағдай әсіресе елдің солтүстігінде ерекше дендеп тұр.

«Анализ нәтижесінен кейін баламның ағзасынан микоплазмалық пневмония мен тұмаудың А түрі анықталды. Жағдайы айтарлықтай ауыр боп тұр.  Аурухана кезегін күткен тұрғын көп. Талдау қорытындысын алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрдық. Біздің алдымызда кезекте 200 науқас тіркелген», - деді Бейжің тұрғыны.

Түсініксіз аурудың таралғаны туралы ақпар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын да алаңдатып отыр. Бұл жағдайдан кейін ұйым Қытай билігіне 24 сағат ішінде толық ақпар беру туралы талап қойды. Алайда Қытай тарапы вирустың жаңа штаммы табылмағанын айтып, жағдайдың қалыпты әрі толық бақылауда екенін мәлімдеді. Дерттің қоздырғышын микоплазмалық пневмония, тұмау және респираторлық аурумен байланыстырып отыр. Ал сарапшылар маусымдық кезеңнің ауысуы әсер етті дегенді меңзейді.

«Клиникалық тұрғыда бұл дерттің микроплазмалық пневмониядан айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Аурудың ауырлығы да дәл сондай. Емдік шаралар дәстүрлі тәсілмен жүргізіліп жатыр. Нәтижесі жаман емес. Зерттеулер көрсеткендей вирус мутацияланбаған. Тек биыл ауру жұқтыру дерегі жылдағыдан көп тіркеліп отыр», - деді Бейжің балалар ауруханасы пульмонология бөлімінің дәрігері Цинь Цян.

Дей тұра, ауруханаларда қосымша орындар мен амбулаториялар ашылып жатыр. Тіпті медициналық қызмет көрсету демалыс күндері де жалғасуда. Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комитеті ел аумағындағы барлық елді мекендерде көпдеңгейлі диагностикалық және емдеу жүйесін енгізуге көшті.

Бүгінгі күнге дейін инфекцияның қанша адамнан анықталып, қанша адам көз жұмғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Қытай билігі не науқас санының азайып, не эпидемилологиялық жағдайдың тұрақталғандығы жөнінде де тіс жармай отыр. Ресми Бейжің педиаторлық-амбулаторлық көмекке сұраныстың жоғары екендігін тек бір айдан астам уақыттан кейін ғана жариялап отыр. Енді дәрігерлер өзге де созылмалы ауруы бар азаматтарға аса сақтану керектігі жөнінде дабыл қағып жатыр.