Жазушының айтуынша, соңғы бірнеше жылда алты роман жазып шығыпты, алайда «Қасірет пен тағдыр» романының тағдыры ерекше сәтті болғанын мойындайды. Кітап баспадан шыққан кезде қазақтың белді әдебиетшілері мен сыншылары пікір білдіріп, көлемді рецензиялар бірінен кейін бірі жарыққа шықты. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына ілініп, жыл бойы еліміздің барлық кітапханалары кітапты жүйелі насихаттады. Романның ел көлемінде танымал болуына бұл шара да үлкен әсер еткені рас:
Кез келген кітаптың насихатын қолға алған кезде оны тек ел шеңберінде емес, шетелге де таныстырған дұрыс. Бұл кітап ең бірінші орыс тіліне, кейін жапон тіліне аударылды. Токио қаласында тұсаукесері өтті. Қазіргі уақытта ағылшын, қытай тілдеріне аударылып жатыр.
Кітапты екінші бір тілге аудару әсте оңай жұмыс емес. Бұған академиялық әдіс-тәсіл керек. Ең алдымен, бұл жұмыс асығыстықты ұнатпайды. Осы орайда аудармашылармен жұмыс істей жүріп, үйренеріміз, көкейге түйеріміз де көп екені рас.
«Шығарманың өз тағдыры болады» деп автор неге айтты? Бұл кітап танымалдылыққа ие болғаннан кейін алдынан әртүрлі жолдар ашыла түседі. Бірде ҚазҰУ оқытушысы Гүлмария Оспановадан чикаголық таныс профессор Қазақстанда соңғы шыққан қандай жақсы романдар бар екенін сұрайды. Ол кісі «Қасірет пен тағдырды» ұсынған екен. Сөйтіп, электронды нұсқасы профессордың поштасына жіберіледі. Романды оқып шыққаннан кейін ғалым-аудармашы кітапты ағылшын тіліне аударуға шешім қабылдайды.
Осы оқиғадан бері бір жылдай уақыт өтті. Профессор Диана Немец-Игнашева Қазақстанға келіп, автормен және оның жұмыс тобымен кездесті, бірігіп жұмыс барысын жоспарлады. Ең алдымен «Қасірет пен тағдыр» романы жіті зерттеуден өткізілді. Әртүрлі сұрақтар айналасында сұхбаттар жүргізіліп, сілтемелер тізбегі жасалды. Мақалалар жазылды. Осы зерттеулер нәтижесінде, жақында АҚШ елінде «Қасірет пен тағдыр» романына арналған үлкен ғылыми конференция өткізілмекші. Одан кейін кітап тұсаукесері, баспагерлермен жұмыс күтіп тұр.
Осы конференцияның алдында ғалым-аудармашы Семей өңірімен танысып қайтуға өтініш білдірді. Ол Қазақстанға өзінің редакторы, ұзақ жылдан бергі әріптесі, профессор Анна Дотлибовамен бірге келді. Жуырда жазушы Сәуле Досжан қасына ерткен серіктерімен қасиетті Семей жеріне аяқ басты. Тарихи орындарға бай Семей қаласын музей-қала деп атасақ та артық емес. Абай облысы мәртебесін алғалы қала ішінде қатты өзгеріс болғаны байқалады. Тазалығы мен жинақылығы еріксіз назар аудартады.
«Қасірет пен тағдыр» романы насихатына о бастан қатты көңіл бөлген бір оқу орны болса, бұл – Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж. Келген сайын кітап авторын құшақ жая қарсы алып, төрін ұсынады. Студенттері – шетінен өнерлі, рухани азыққа құмар жастар. Сахнаға шығып, романнан үзінді оқыған кезде сай-сүйегіңді сырқыратты десем болады. Чикагодан келген профессор қазақ тілін түсінбесе де, өнердің құдіреті болар, көзіне жас алып отырды. Осы мекеменің директоры Шағангүл Жанаева 120 жылдық тарихы бар педколледж ішін аралатып, кезінде семинария қабырғасынан білім алған белгілі тұлғалардың өмір тарихымен таныстырып өтті.
Келесі күні Күшікбай-Бөрілі-Жидебай-Қарауыл жолымен сапарға шықтық. «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай» өлеңіндегідей, шығыстың жылдағы қара суығы биыл әлдеқайда жоғалғандай, ауа райы май тоңғысыз. Жол сайрап жатыр. Күшікбай асуынан өтіп, Бөрілідегі Мұхтар Әуезов музей-үйіне ат басын тіредік. Жотасында Көксерек жортқан бұл тарихи орынның аурасы ерекше. Бөріліде Сәуле Мағазбекқызының ерекше толқыныста болғаны сезілді. Өзімен бірге ала келген «Қасірет пен тағдыр», оның жалғасы «Үзілмеген үміт» және соңғы шыққан «Мыңжылдық махаббат» кітаптарын тарту етіп тұрып:
«Осыдан алты жыл бұрын келген кезімде қолымда ештеңе болмап еді. Себебі, бұл өңірмен танысу, зерттеу мақсатында келген болатынмын. Бүгін міне, сол сапардың нәтижесі – кітаптарымды әкеліп тұрмын. Бұл сапар маған Әуезовтей үлкен жазушының рухы алдында есеп беру сияқты сезіліп тұр», – деді.
Чикагодан келген қонақтар Абай қорық-музейін, тарихи орындарға бай Семей қаласын аралап, үлкен әсермен қайтты.
Анар ҚАБДУЛЛИНА,
әдебиеттанушы