Әлеуметтік желіде Алматы облысында жаппай төбелес шығарған мектеп оқушыларының видеосы таралды. Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірімдер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ресми мәліметке сүйенсек, оқиға Іле ауданы Жапек батыр ауылында болған. Төбелескен – жергілікті мектептің оқушылары. Тексеру барысында 29 қараша күні 2008 жылы туған 9-сынып оқушысы мен 2007 жылы туған 10-сынып оқушысы арасында келіспеушілік туындап, соңы ұйымдасқан төбелеске айналғаны белгілі болды.
«Аталған дерек бойынша бұзақылық әрекеттер жасаған оқушылар әкімшілік жауапқа тартылды. Кәмелетке толмағандардың ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы (Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік материалдар жиналды, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың өздеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабымен (Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық) хаттама толтырылды», – деп хабарлады полицияда.
Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Психологтар оқиғаға қатысушылармен профилактикалық тәрбие жұмыстарын жүргізді.