Солардың ішінде ең көп тараған қылмыстың бірі – отбасында зәбір көрсетіп, жақынын жиі қысымға ұшырату. Сенген серігі өзіне қол көтеріп, киелі шаңырағы күнделікті қылмыс орнына айналған жәбірленушілер қатары күн санап көбейіп бара жатқаны әлеуметтік желіде жиі қозғалып жүр. Сондықтан қазір өте өзекті саналатын осы мәселеге қатысты заңгер Айгерім Құсайынқызынан сұхбат алып, мән-жайды талқылап, қоғамдық алаңда қордаланған жайттың ілкі себебін анықтап көрдік.
– Елімізде соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық неге жиілеп кетті деп ойлайсыз? Бұл бұрыннан бар мәселе ме, әлде оның енді ғана шеті шығып жатыр ма?
– Жалпы, бұл мәселе бұрыннан бар. Тенденцияны салыстырып қарайтын болсақ, Қазақстан тәуелсіздік алған 32 жылдың ішінде мына жылы зорлық-зомбылық көп болды, мына кезде аз болды деп айтатын деректер базасы жоқ. Себебі Қылмыстық кодекс те, Әкімшілік кодекс те өзгеріске ұшырап отырғандықтан, нақты айту қиын. Алайда соңғы кезде осы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлем бойынша жиілеп кеткенін ғалымдар да байқағаны жайлы дерек бар. Оған қоса, бұл жағдайлардың бұрынғыдай жасырын қалмай, әлеуметтік желі арқылы жария болуы бар, әшкереленген кейстердің көбеюі бар, сол себепті бізге құбылыс та салыстырмалы түрде көп болып көрінеді. Сондықтан «бұрынғыға қарағанда қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді» деу – дұрыс емес. Мысалы, бұрында біздің әжелеріміз, аналарымыз мұндай жағдайларды «норма» деп келсе, қазіргі жас буын керісінше «норма» деп қабылдамайды. Бұл жерде адам ретінде әжелерімізді, аналарымызды кінәламаймын. Ол заманда отбасындағы ішкі мәселелерді сыртқа шығармау деген сияқты «табу» түсінік болған. Қазіргі таңда осы мәселеге адами тұрғыдан қараған кезде «қазақ әйелдеріне бұрын қысым аз болған, ал қазір көбейіп жатыр» деп нақты айтуға ғалым ретінде сүйенетін дерек жоқ. Бірақ аталған мәселенің әлеуметтік желіде жиі қозғалуы – әлеуметтік желінің елдегі әлеуметтік рөлі зор екенін білдіреді.
– Зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдар үшін мемлекеттік, тіпті халықаралық деңгейде қандай қорғау шаралары қарастырылған?
– Біріншіден, бұл жеке тұлғалар арасындағы іс болғандықтан, мәселені халықаралық құқықта емес, жеке құқықта, яғни ұлттық заңнамада қарастырамыз. Себебі тұрмыстық зорлық-зомбылықты жасайтын да, оған ұшырайтын да Қазақстан Республикасының адамы болғандықтан, оларға қандай да бір қолдау көрсету – мемлекетіміздің міндеті. Бұл туралы Конституцияның 1-бабында: «мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Яғни, біз Конституцияның осы бабына сену арқылы үнемі мемлекеттен қорғауды, қолдауды талап етуіміз керек. Ал халықаралық құқық сәл өзгеше. Егер сіз азаматтық қылмыстық істердің жергілікті сотынан, жоғарғы сотынан ұтылған жағдайда ғана, халықаралық сотқа бара аласыз. Бірақ халықаралық соттар көп жағдайда жеке тұлғалардың өтінішін қарамайды. Ол жерде мемлекеттік мүше болғандықтан, жария принциптегі істер болуы керек. Жария істер мен жеке істердің құқықтық айырмашылығын атап өтсек, ол былай... Жария іс деп «мемлекет пен жеке тұлға арасындағы», «мемлекет пен халықаралық ұйым арасындағы», «екі халықаралық ұйым арасындағы» істерді айтамыз. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық жеке азаматтық құқықтық істер болғандықтан, мұны қарайтын жергілікті сот болуы қажет. Бірақ біздің еліміз қосылған халықаралық бірнеше құқық нормасы бар. Сол нормаларға зер салсақ, біз осыдан біраз жыл бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдерге қатысты барлық кемсітушіліктің түрін жою бойынша «Пекин» платформасын 1998 жылы қабылдадық. Соған сәйкес, елімізде жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, әйелдерді кемсітудің барлық формасынан қорғау бойынша халықаралық құжаттардың талаптарын Қазақстан Республикасы орындауға тиіс. Міне, тек осы тұста ғана халықаралық құқыққа сілтеме жасай аламыз.
– Елімізде зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігіне кепіл болатын заңдық тұрғыдан қандай тетіктер бар?
– Зорлық құрбандарының өміріне ешкім ешқашан кепіл бола алмайды. Себебі бізде 2017 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен тұрмыстық зорлық-зомбылық кейстері Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне ауысқан болатын. Ол нені білдіреді? Яғни, денсаулыққа жеңіл және ауыр деңгейдегі зақым келтірген жағдайда, адам айыппұлға ілігуі, ескертумен я болмаса 5 тәуліктен бастап максимум 15-20 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Бірақ денсаулыққа ауыр зардап тигізсе, яғни адамды өлім аузында қалдырса, онда Қылмыстық кодекс қарастырылған. Демек, бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайларын Қазақстан Әкімшілік кодексінде қылмыс деп қабылдамайтынын көрсетеді. Сол үшін жалпы Қазақстан Республикасында зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігіне ешкім ешқашан кепіл бола алмайды деп айта аламын. Оның лайықты деңгейде қылмыс деп саналмайтынына куә болып отырмыз.
– Зардап шеккендерге жәрдемдесетін қандай ұйымдар бар?
– Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесетін 19 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан «150» телефон жүйесі болған. Яғни, зорлық-зомбылық құрбандары осы нөмірге хабарласып, қандай да бір психологиялық және құқықтық көмек алатын еді. Қазір бұл сенім телефоны «111» болып ауысып жатыр. Одан бөлек, қарапайым 102 бар, SVET – stop Violens End Tyranny деген сияқты қоғамдық ұйымдар бар. Сосын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін мемлекеттік емес те бірнеше қоғамдық ұйым бар. Бірақ бұлардың өзі әлі де аздық етеді.
– Қазақстанда зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған қоғамдық науқандар мен шаралар ұйымдастырылып жүр ме?
– Әрине, ұйымдастырып жүр. Мысалы, 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні өтті. Бұдан бөлек те жыл бойы мұндай шаралар ұйымдастырылып отырады. Бір өкініштісі, ол көп жағдайда мемлекеттің тарапынан емес, қоғам белсенділерінің, қоғамдық ұйымдардың, азаматтық белсенділердің тарапынан ұйымдастырылады. Ал мемлкететтік шаралар көбіне түсіндіру жұмыстарымен, полициялық учаскелердің пресс-конференцияларымен шектеледі.
– Қандай жағдайларда мемлекет зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға сот процесінсіз заңгерлік көмек, не болмаса қолдау көрсетеді?
– Егер іс қылмыстық іске барса, зорлық-зомбылық құрбандарына біздің Конституциямыздың 13-бабының 3-тармағына сәйкес кез келген Қазақстан Республикасының азаматы заңгердің көмегін тегін алуға мүмкіндігі бар. Бірақ мұндағы мәселе: біз талдап отырған зорлық-зомбылық істердің көбі қылмыстық іс болып есептелінбейді. Соның өзінде көп жағдайда сот процесіне жетпей татуластыру, бітімдестіру, бейбітшілікке шақыру деген сияқты жұмыстармен аяқталып жатады. Сол үшін қылмыстық істердің қанша пайызында болмасын «тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өз әйелін ұрған ер азаматтар сотталды» деген статистикалық деректер шынайы картинаны білдірмейді.
– Қазақстанда зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту және психологиялық қолдауға қатысты жүйелі бағдарламалар бар ма? Бар болса, атап өтсеңіз екен...
– Мемлекеттің тарапынан нақты бағдарламалар жоқ. Жаңа айтып өткенімдей, «150» нөмірі ғана бар. Бірақ ол кешенді бағдарлама емес. Сонымен қатар ол жерде қаржыландырудың мен мамандардың аздығына байланысты қазірде кризистік орталық болып, құлдырау үстінде. Одан бөлек, бағдарламаларды атап өтсек, «Аналар үйі» деген бар, мұнда тұрмыста зорлық-зомбылық көрген аналардың барып, 6 ай көлемінде тегін баспанада тұруға құқығы бар. Қателеспесем, осындай орталықтардың саны республика бойынша 36-ға жетіп отыр.
– Балалар мен жастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында педагогикалық жиындар өткізіле ме? Заңгер ретінде айтыңызшы, мәселен, мектеп жасынан бастап балаларға осы жағдайдан хабардар етіп, этикалық, құқықтық білім берілгені жөн бе?
– Мектеп жасындағы балалар туралы мен ештеңе айта алмаймын, себебі бұл менің зерттеу фокусым емес. Ал мектептен кейінгі жоғары білім, жоғары білімнен кейінгі оқу ордаларында жалпы зорлық-зомбылыққа қарсы қандайда бір шаралар мемлекеттің тарапынан өткізілмейді деп айта аламын. Бірақ менің ойымша, мектепте де барлық тәрбие сағатында мұғалімдер мектептегі зорлық-зомбылық бойынша, әлімжеттік бойынша, балаларға қатысты буллинг, кибербуллинг бойынша белгілі бір педагогикалық жиындар өткізеді деп ойлаймын. Ал мектеп жасынан бастап балаларға этикалық, құқықтық білім бергенді жөн деп санаймын, бұл – даусыз. Алайда біз балаға бірден мынау зорлық-зомбылық, мынау буллинг, мынау кибербуллинг деп емес, қарапайым адам құқығын түсіндіруіміз керек деп ойлаймын. Мысалы, «мынау сенің жеке шекараң: сен сөйлеп жатқанда, сенің пікіріңді ешкім бөлмеуі керек, сенің денеңе рұқсатсыз ешкім қол тигізбеу керек, басыңнан сипаламауы керек, сені кемсітпеуі керек, сені қорламауы керек, сені жылатпауы керек» деген сияқты мәселе айтылуы қажет. Негізі балаларға педагогикалық тұрғыдан жалпы адам құқығын қалай түсіну керек екені бойынша нақты методика бар. Біз оларға бірден жүгіріп барып «кибербуллинг деген мынандай болады» деген сияқты құқықтық пікірлерді айтсақ, әрине, олар бізді түсінбейді. Жалпы, балаларға этикалық тұрғыдан өз шекарасын қалай қорғауы керек, кез келген зорлық-зомбылыққа толеранттылық танытпау, «zero violens and tyranny» бойынша жалпы педагогтерге әлемдік тәжірибелер жеткілікті. Балалармен жұмыс істемегендіктен, ол саланы нақты айта алмаймын. Бірақ адам сауатты болуды бала кезден бастаса, тиімді болар еді деп ойлаймын.
– Зорлық-зомбылықтың алдын алу және құрбандарды қорғау шеңберін жетілдіру үшін алдағы уақытта Қазақстан заңнамасына қандай өзгерістер, толықтырулар енуі мүмкін?
– Бұл сұраққа бәлкім депутаттар жауап бергені дұрыс шығар. Мен қандай заңнамалар дайындалып жатқанын білмеймін. Бірақ алдағы уақытта күтетініміз – фемицидті, яғни әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тану. Себебі бұл Қазақстан Республикасында қылмыс деп танылмаған. Онымен қоса Әкімшілік құқықтық кодекстерді денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабын Қылмыстық кодекске қайта қосуды да қазір талап етіп жатырмыз.
– Жақында Қарағанды қаласында тек әйелдер қызмет ететін полиция бөлімі ашылған еді. Сіздің ойыңызша, мұндай өзгерістер тұрмыстық зорлық-зомбылықты әшкерелеуге үлесін қоса ала ма?
– Иә, мұндай бөлім ашылды. Бұл пилоттық бағдарлама ретінде қандай өзгеріс әкелетінін айта алмаймын. Себебі біз ғалымдармыз ғой, қандайда бір гипотеза жасау үшін оны дәлелдеуіміз керек. Орталықтың жұмысы қашан нәтиже беретінін кемінде 6 ай немесе 1 жылсыз айта алмаймыз деп ойлаймын. Бірақ бұндай полиция орталықтарының болғаны дұрыс. Алайда менде мынадай күмән бар: мәселен, ол орталықта жұмыс істейтін әйелдер қаншалықты дайындықтан өткен, олар қаншалықты басқа әйелді қолдай алады немесе олар өзінен көмек сұраған әйелдерді керісінше қорлап алмай ма, яғни жарасын одан әрі тереңдете түспей ме деген сияқты сұрақтар туындайды. Сондықтан мәселе мұндай орталықтардың бар-жоғында емес. Олар әрдайым болуға тиіс, ал мәселе сол жердегі мамандардың қаншалықты дайындықтан өткенінде деп ойлаймын.
– Уақытыңызды қиып, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп рақмет!
– Сізге де көп рақмет!
Сұхбаттасқан Жайна ТҰРАРБЕК,
М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ,
Халықаралық журналистика мектебі,
«Журналистика: аналитика және зерттеу»
мамандығының студенті