Арадан қаншама жылдар сырғып өтсе де шығарма маңызы мен өзектілігін жойған жоқ. Күлдіріп отырып жылататын шығарма осы уақыт аралығында халықтың жоғары бағасын алып үлгерді.
Соның бір дәлелі – «Әпке» драмасының премьерасын тамашалауға келген көрерменнен залда ине шаншар орынның болмауы. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өткен премьера жазушының осы бір шығармасына негізделген. Театр ұжымы драманы жаңаша нұсқада сахналады. Қойылым режиссері таяуда ғана өткен І Республикалық жастар театрлары фестивалінде «Үздік режиссер» марапатына ие болған талант – Мейрам Хабибуллин. Қоғам мен адам санасы өзгерісінің ұлттық құндылықтарға тигізген ықпалы аталған қойылымда көрініс табады. Жастайынан ата-анасынан айырылып, жетім қалған балалардың тағдыры көрермен жүрегін елжіретпей қоймасы анық.
Премьераны тамашалауға келген қадірлі қонақтардың арасында шығарма авторы Дулат Исабеков те болды. Қойылым аяқталған соң жазушы сахнаға көтеріліп, арнайы сөз алды. Шығарманы жазу тарихын бөлісіп, өткен шақты есіне алды. Режиссер мен актерлік құрамды премьерамен құттықтап, шығармашылық жолында сәттілік тіледі. Алайда автордың айтар сыны да жоқ емес. Қойылымдағы басты кейіпкердің көркемдік деңгейі тұрғысынан ескертпелерін жеткізді. Ал кеш аяқталып, шымылдық жабылған соң режиссердің пікірін білу үшін сахна сыртына іздеп бардық. Мейрам Хабибуллин автор тарапынан айтылған сынның орынды екенін айтады. Заманауи нұсқада ұсынылған қойылымда тиісінше бүгінгі қоғам мәселелерін көрсетуге тырысқанын алға тартты.
– Сынды қабылдаймын. Дулат ағамыздың пікірін түсінуге болады. Себебі драмада өзінің басынан өткерген тарихы, әпкесінің өмірі баяндалған. Шығарма осыдан 46 жыл бұрын жазылыпты. Ал қойылымға келер болсақ, қазір аутизмге шалдыққан қаншама балалар бар. Бүгінгі қоғамның мәселелері неде жатыр? Біз елемей жүрген дүниелер қандай? Қойылымдағы Ермектің образын болып жатқан оқиғаларға өз көзқарасымен қарайтын, айналадағы көріністі өздігінен бағалайтын кейіпкер ретінде алып шығуға тырыстым, – дейді режиссер М.Хабибуллин.
Шығармадағы басты кейіпкер Қамажайдың рөлін сомдаушы театр актрисасы – Динара Шымырбаева. Актрисаның сөзінше, өзіне бекітілген басты кейіпкердің образы болмысына жақын болыпты. Дайындық барысында режиссердің актерлерге еркіндік бергенін, соның арқасында кейіпкердің ішкі күйін сезіне отырып жұмыс істегенін атап өтті.
– Қойылымға дайындық тамыз айында басталды. Оның арасында түрлі іс-шараларға қатысып тұрдық. Бірақ соған қарамастан дайындықты үзбеуге тырыстық. Дайындық кезінде режиссермен жұмыс істеген ұнады. Режиссердің актерлермен жұмыс істеуі, оларға еркіндік бере білуі, қойылымды қоюдағы еңбегі жоғары болды деп айта аламын. Барымызды салып, рахаттана жұмыс істей алдық. Әпке образы табиғатыма өте жақын. Себебі отбасымызда мен де үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін екі бауырым бар. Қамажай сияқты артындағы бауырларына қарайлап, жеке басының мүддесін шетке ысырып қойған жандар қаншама. Қазақ әйелінің болмысына тән қасиеттерді осы әпкенің бойынан табуға болады, – дейді ол. Ал актриса автор тарапынан айтылған сынды қалай қабылдайды?
– Дулат ағаның айтқаны да жөн шығар. Өйткені бұл – Дулат ағамыздың жүрек түкпірінен шыққан туынды. Өзінің әпкесіне арналып жазылған шығарма болғандықтан, осы қойылымнан әпкесі мен бауырларын іздеуі орынды деп ойлаймын. Айтылған сынды қабылдамауға құқығымыз жоқ. Енді сынның барлығы уақыт өте келе өз қалпына келеді деп ойлаймын, – деп сөзін түйіндеді Д.Шымырбаева.
Естеріңізге салайық, «Әпке» драмасының кезекті қойылымы 7, 8, 23 желтоқсан күндері сахналанады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы