Дән екті, астығын төкті...

Астықты аймақ диқандары күні бүгінге дейін алаңдап, ішкені ірің, жегені же­лім болып тұр. Бар маңдай терін төгіп, ала жаздай күтіп-баптаған бада­на­дай бидайы көз алдында шіріп жатқанын көру кімнің болса да жүйкесін жұ­қартатыны хақ. Бірақ қолдан келер қайран жоқ.

Шаруалардың күзгі то­лас­сыз жаңбырға ілінген астығы дәл қазір миллиондаған тоннасымен қызып жа­тыр. Онсыз да сапасы тым төмен астығын енді қайда жіберерін білмеген шаруалар келер жылы жүздеген шаруаның банкротқа ұшырауы анық деп шы­рылдап отыр. Ірілі-ұсақты шаруалардың басым көпшілігі мыңдаған тонна ас­тығын қазірдің өзінде қоқысқа төгіп тастауға мәжбүр. 

Түйткілді жағдай, әсіресе ақмолалық  шаруашылықтар мен шаруа қожа­лық­тарын аса қатты алаңдатып тұр. Өңір­дегі жалпақ жұртқа жария болған мәлі­мет­терге жүгінсек, астықтың  жартысына жуы­ғы тұтастай көктеп өсіп кеткен. Қал­ғаны аса ылғалды болғандықтан оны тү­гел­дей элеваторларда кептіруге мәжбүр бол­ған. Осының салдарынан шаруалардың бар астығы өнгіштігінен айырылып қалған. Яғ­ни, табиғи жағдайда емес астық қабылдау бе­кеттері мен элеваторларда аса жоғары тем­пературада қыздырылып кептіріл­ген­дік­тен бидай тұқымдық болуға жарамсыз бо­лып қалған. Ал қолда бар астығы тұқым се­буге де жетпейді. 

Келер жылы мүлдем тұқымсыз қалу қау­­пі төнген ауыл шаруашылығы тауар өн­діру­шілері мемлекеттен қолдаудың жоқ­тығын айтып, зар иледі. Шаруалардың ай­туынша, тіпті форс-мажор жағдайға бай­ланысты Президенттің өзі тапсырған несие мерзімін ұзарту, сыныптан тыс ас­тықты «Азық-түлік корпорациясымен» са­тып алу сияқты ең қажетті тетіктер күні бү­­гінге дейін қозғалмаған. 

Үкімет осыдан бір жарым ай уақыт бұ­рын республика бойынша 350 мың тонна сы­ныптан тыс астықты «Азық-түлік келі­сім­шарт корпорациясымен» қабылдана­ты­нын жария еткен. Бұл – Ақмола облысының бір ғана Атбасар ауданындағы жарамсыз астықтың көлеміндей. Бірақ осының өзін де астық кор­по­ра­ция жүзеге асырмағаны белгілі бол­ды. Өйткені қаражат әлі бөлінбеген. Ша­ғын шаруа қожалықтары мен кәсіпкер­лер қолда бар бидайдың ештеңеге жарамай қал­ғанын айтады. 

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мем­­лекеттік комиссияның тапсырмасына сәй­кес биылғы астықты тікелей сатып алу өт­­кізілетінін хабарлады. Оған сәйкес 4-сы­нып­­­ты бидай – 105 мың, 5-сыныпты 90 – мың, сыныптан тыс бидай 70 мың және 50 мың теңгеден қабылданатыны белгілі бол­ды. 

– Алғашқы кезекте шағын және орта ауыл­­шаруашылық тауар өндірушілеріне қол­дау көрсетіледі. Өтінім қабылдау 5 жел­тоқ­саннан басталды. Сыныптан тыс бидай­ды жеткізгенде микотоксиндердің құра­мы­на аккредиттеуден өткен зертханалардан сы­нама хаттамасын ұсынуы қажет. «Азық-тү­лік келісімшарт корпорациясы» сатып алу­дың бірнеше кезеңін жүзеге асырмақ. Бірінші кезеңде республикалық бюджеттен бө­лінген бидайды сатып алу жоспарланып отыр. Сатып алынған көлем ішкі және сырт­қы нарықта сәтті сатылғаннан кейін жо­ға­ры­да аталған санаттағы бидайды қайта са­­тып алу жоспарланады, – Қазір Премьер-Ми­­нистрдің орынбасары Серік Жұман­ға­рин Иранмен келіссөз жүргізуге кетті. Сон­дай-ақ Қытаймен келіссөздер жүріп жа­тыр, деді «Азық-түлік келісімшарт кор­по­­рациясының баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ шаруа қожалықтары Үкімет не­­сиенің мерзімін ұзартамыз деп жа­рыл­қа­ғанымен шаруалардың «қара тізімге» өтіп ке­тіп, кейін несие алмай қаламызба деген қауіп­тері бар. 

Биыл бидайдың қомақты бөлігі көктеп өсіп кетті. Ұн қылуға жарамайды. Қызып кет­кен астықты спирт ретінде қатты өңдеу­ден өткізуге, яки құсқа жем ретінде пай­да­лану­ға болады. Қазақстанның құс өсіруші фер­мерлері 25 пайызға өскіні бар және ыл­ғалдылығы қалыпты жағдайдағы бидай­ды ғана алмақшы. Сапалы бидайға ұсыны­сы нарықта мүлде жоқ. Шамамен бидайдың 50 пайызы өніп кеткен. Мұндай астық диірменге мүлде жарамайды. Яғни диқан қауы­мы өз өнімін өткізе алмайды. Осының сал­дарынан диірменшілерде шикізат тап­шы­лығы болады. Өңірде Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сы­мен Gosagro бағдарламасымен субси­дия­ға өтініш өте баяу қарастырылады. Қолда бар тұқым келер жылға тұқым қорын қа­лып­­тастыруға жетпейді. Сондықтан көпте­ген шаруаның егін еге алмай қалу қаупі бар. Ал несие мерзімін ұзартады деген «Қаз­Агро­Финанс» АҚ-ы мен «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ-ы қазіргі сәтте ауыл ша­руашылығы тауар несие тарихын на­шар­лата­тын мәселе қарастырып жатыр. Бұл аг­рар­лық шаруашылық­тардың болашақ қар­жыландыруына да теріс әсер етпек, – дейді Астрахан ауданынан «Достық» ЖШС-нің басшысы Мейрам Сағымбаев. 

Диқан қауымының қорқынышының қаншалықты негізді екенін Ауыл шаруашылығы министрлігінен де анық­та­мақ болдық. Алайда министрлік «несие мер­­­­зімін ұзартқан шаруалар банктер мен қаржы ұйымдарының «қара тізіміне» кіреді екен» де­ген әңгімені үзілді-кесілді жоққа шы­ғар­ды. 

– Астықты қабылдауға әлі қаржы бө­лін­­ген жоқ, біз де күтіп отырмыз. Қаржы бө­лін­­ген соң республика бойынша 350 мың тон­на көлемінде астықты «Азық-түлік келі­сім­шарт корпорациясымен» сатып алады. Астығын ала алмай қалған шаруаларға не­сие мерзімін ұзартып бер­ді. Бірақ олар «қара тізімге» кірмейді. Он­дай мысалдар болса, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне тікелей хабарласуына бо­ла­ды. Біз әрбір жағдаймен жеке айналысатын бо­ламыз. Несие мерзімі ұзартылғанымен еш­қандай шаруаның несие тарихы бұзыл­май­ды. Сонымен қатар қосымша ешқандай ко­миссиялық үстеме пайыздар қосылмай­ды, – деді Ауыл шаруашылығы министрлігі­нің баспасөз хатшысы Дамир Аспан.

Бидайға ресми баға бекітілгенімен шар­уа­лар оның заматта таусылып кезекке ілін­бей қаламыз ба деген қаупі барын жасыр­ма­ды. Сондай-ақ шаруалар 4-5 сыныпты би­­­­дайдың нарықта Үкіметтің ара­ласуынсыз ақ сатылатынын сондықтан мем­лекеттің сыныптан тыс бидайды іске жаратуға назар аударуын сұрап отыр. 

Жалпы түйткілді мәселені сағызша со­зып, түйіннің тарқатылуына салғырт қарап жат­қаны жасырын емес. Бұл орайда Үкімет пен тиісті құзырлы министрлік пен облыс әкім­діктері жағдайды реттеу үшін бірлесе әре­кет етіп, форс-мажорлы жағдайда жедел әрі нақты әрекетті шаруалардың мәселесін ше­шіп бере алса жөн болар еді... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ