Қызылорда облысының прокуратурасы Жаңақорған аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Прокурорлар тергеу барысында бюджет қаражатын білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз аудару фактілерін анықтады.
«Сонымен қатар жалған еңбекке жарамсыздық парағы мен іссапар шығындары бойынша бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді.
Аудандық білім бөлімінің лауазымды тұлғаларының әрекеттерінен келтірілген шығынның жалпы 200 млн теңгені құрады», – делінген облыстық прокуратура таратқан хабарламада.
Осы факті бойынша облыстық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Бұдан бұрын прокурорлар сол аудандағы мектептердің есепшілері мектептерде жұмыс істемейтін тұлғалардың есеп шоттарына заңсыз ақша аударып, жымқырғанын анықтаған болатын.
Оларға қатысты қылмыстық істер сотқа жіберіліп, кейбіріне қатысты айыптау үкімі шығарылды.