Мемлекет басшысы Ақ­мола облысының әкімі Марат Ахметжановты қа­былдады.
Өңір инфрақұрылымын дамыту қажет
1,236
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысының әлеумет­тік-экономикалық дамуы жа­йында баяндалды.

Президентке өңір эконо­микасының бірқатар саласында оң нәтижелер бар екені туралы мәлімет берілді. Негізгі капи­тал­ға салынған инвестиция кө­лемі 530 миллиард теңгеге жет­кен. Оның ішінде жеке ин­вес­тиция 435 миллиард тең­ге­ден асқан. 154 жоба іске асы­ры­лып, 1,5 мың жұмыс орны ашылған.  

Марат Ахметжановтың ай­туынша, шаруаларды қолдау және қайта өңделген өнім үле­сін арттыру шаралары тұрақты түрде қабылданып жатыр. Жыл басынан бері өсімдік майы, өңделген ет, сүт, май, ірімшік және сүзбе сияқты азық-түлік түр­лерін өндіру көрсеткіші өс­кен. Макинск құс фабри­ка­сының 3-кезеңі іске қосылды және «Ақ-Дала Агро» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі­нің өндірістік қуаты кезең-ке­зеңімен артып келеді. Бұл об­лыс­тың құс етін өндіру бо­йын­ша елімізде көшбасшы өңір­лер­дің біріне айналуына мүм­кіндік берді.

Кездесуде жылыту маусы­мы­ның барысына да ерекше на­зар аударылды.  Облыс әкімі барлық коммуналдық қыз­меттің жұмысы қатаң бақылауға алынғанын, Көкшетау және Степногорск қалаларындағы нысандардың кезең-кезеңімен жаңғыртылғанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Президентке Көкшетау қаласын дамытуға қа­тысты бас жоспардың жоба­сы әзірленгені туралы ақпарат берілді. Бұл жоба қаланың эко­ло­гиялық және инфрақұрылым­дық мәселелерін шешуді көз­дейді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына халықтың тұрмы­сын жақсартуға және іргелес миграцияны төмендетуге ықпал ететін Агломерацияны дамыту жөніндегі жаңа кешенді жос­пардың жобасы таныстырылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірді одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жоба­ла­рын іске асыру, инвестиция тар­ту, сондай-ақ Ақмола облы­сы­ның қалаларын жылумен үздіксіз қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді.