Республикалық жолдарды салу, қайта жаңарту және күрделі жөндеу, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу – «АМАNАТ» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында бұл мәселенің стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп, «Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан, жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет» деген болатын.
Осы орайда кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу ел экономикасын дамытуда аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Өкінішке қарай, жол салу жұмыстарының 4-5 жылға, тіпті 7 жылға дейін созылуына куә болып отырмыз. Мәселен, сондай автожолдар ретінде «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Қарағанды – Алматы», «Атырау – Астрахан» және бүгінгі жиында талқылаған «Қызылорда – Жезқазған» жолдарын атауға болады. Жол құрылысы созылғандықтан, оның салу құны да жыл санап өсіп бара жатыр. Мәселен, соңғы аталған бағыт бойынша құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жасалған түзетулерден кейін жол салу құны 61%-ға өсіп кетті», – деді кеңес төрағасы.
Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, биыл республика бойынша 10,7 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 6,5 мың шақырымы – республикалық маңызы бар жол.
Биыл тамыз айында партия төрағасы Ерлан Қошановтың жеке қабылдауына жазылған Алтай қаласының тұрғындары Осинов асуы деп аталатын «Өскемен-Алтай-Рахман қайнары» жол учаскесін жөндеу мәселесін көтерген еді. Кеңес отырысында 7 жылдан бері шешілмей келе жатқан осы мәселені партия хатшысы Ержан Жылқыбаев тағы да ортаға салды. Ол Алтай және шекара маңындағы КатонҚарағай ауданының 80 мыңнан астам тұрғыны мен он мыңдаған туристер үшін бұл учаскенің өмірлік маңызы зор екенін бас айтты. Сондай-ақ партия хатшысы Ветелка және Новостройки елді мекендерінен Орал қаласына дейінгі жолдың толық болмауы бүгінде көптеген қолайсыздық туғызып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, жолдың болмауынан оқушылар маусымаралық уақытта мектепке, тұрғындар жұмысқа бара алмайды, жедел жәрдем де мұнда уақтылы жете бермейді.
Бұл мәселеге қатысты Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев аталған жол учаскесінде жөндеу жұмыстары 2 жыл ішінде толық аяқталатынын жеткізді.
Сонымен қатар жиында еліміздегі ең тозығы жеткен жолдардың бірі – «Қызылорда–Жезқазған» тас жолының мәселесі де көтерілді.
«Қызылорда облысында жұмыс аяқталуға жақын. Ал Жезқазған жағынан жол салуға қатысты сатып алу конкурстарына ешкім қатыспағандықтан, 2021 жылы жасалған жобалық-сметалық құжаттамасы қайта жасалып жатыр. Мұнымен қатар, «ҚазАвтоЖол» компаниясы конкурстық рәсімдерді жүргізуде. Егер экспертизаның қорытындысын алатын болсақ, мердігер компания анықталады. Келесі жылы құрылыс жұмысын бастаймыз», – деді вице-министр.
Тұрғындар жылдар бойы шағымданып келе жатқан күрделі мәселелердің бірі – Қостанай облысының Арқалық қаласынан Ақмола облысының Державинск қаласына дейінгі «Жезқазған-Петропавл» тас жолының жағдайы. «ҚазАвтоЖол» компаниясы жөндеу жұмыстарын 2024 жылы аяқтауға уәде беріп отыр. Алайда жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты көптеген сұрағы мен шағымын жеткізуде.
Жиын нәтижесі бойынша бірқатар қорытынды жасалды. Атап айтқанда, жұмыс көлемі, сапасы көңіл көншітерліктей емес. Алдағы 6 жылда 8 мың шақырымға жуық халықаралық және республикалық автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланатын болады. Яғни, жылына 1 мың шақырымнан сәл асатын жол жаңарады деген сөз.
Сонымен қатар «Қызылорда-Жезқазған» тас жолы сынды құрылыс жұмыстарының бірнеше жылға созылып кетуі оның құнының бірнеше есе қымбаттауына, соның салдарынан жұмыс мерзімінің де шегерілуіне әкеліп отыр. Битум, қиыршық тас, цемент сияқты басқа да жол-құрылыс материалдары жетіспейді, бұл да жұмыстың аяқталу мерзіміне әсер етеді. Түптеп келгенде мұның барлығынан жұмыс сапасы зардап шегеді.
Республикалық маңызы бар жолдарды салудағы негізгі мәселелерді шешу үшін уәкілетті орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыным берілді. Оның ішінде шығындарды оңтайландыру және құрылыстың өзіндік құнын төмендету, қатаң сапа стандарттарын басшылыққа алу және олардың сақталуын бақылау қаралды. Сондай-ақ заманауи технологиялар мен материалдарды енгізу, тендерлер мен келісімшарттардың ашық рәсімдерін өткізу, аудитті күшейту, климат ерекшеліктерін ескеретін технологияларды әзірлеу және қолдану ұсынылды.