Ендеше инфляцияны ауыздықтай алдық деп айта аламыз ба? Былайша айтқанда, теңгенің құнсыздануы саябырсыған сияқты, бірақ одан базардағы бағаның түскенін көріп отырған ешкім жоқ.
Экономика сұлық жатыр
Инфляцияны төмендету – Үкімет пен Ұлттық банктің биылғы жылға алдына қойған үлкен мақсаттарының бірі болғанын білеміз. Тіпті, ырыққа көнбей кеткен көрсеткіштер төмен сырғи бастағанда осы қос орган «бұл кімнің жетістігі?» дегенге таласып шекісіп те алған еді. Қалай дегенде де инфляцияның былтырғы 20,3%-дан тура 10%-ға төмендегені – ортақ жеңіс. Бірақ айтып-айтпай не керек, одан баға түспей тұр. Мәселен, қараша айында тұтынушылық баға индексі 1%-ды құрады. Қазан айында ол 0,7% болған еді. Осы жолы ақылы қызмет 1,7%-ға, азық-түлік тауарлары 0,7%-ға, азық-түлік емес тауарлар 0,5%-ға өсіп отыр.
«Инфляцияның тежелуінің себептері: қатаң ақша-несие саясатында, елдегі өндірушілердің шығындарының азаюында және сырттан әсер ететін инфляция қысымының әлсірегенінде жатыр. Десе де, мұндағы көрсеткіштің төмендеуі «қымбатшылықтың» тоқтағанын емес, тек қарқыны бәсеңдегенін білдіреді. Бөлшектеп талдасақ, инфляция 3 компоненттен тұрады. Біріншісі – азық-түлік бағасы – шамалап тұрақтаған, бірақ кейбір түрлері әлі де болса қымбат. Оның әртүрлі себебі бар. Екіншісі – азық-түлік емес тауарлар. Олардың ішінде, үй жиһазы мен киімдердің бағасы әлі де жоғары, себебі оларға сұраныс көп. Сосын күзден бастап дәрі-дәрмектің маусымы басталғандықтан олар да сәйкесінше қымбаттап жатыр. Ал үшінші компонент – ақылы қызметтерге келсек, коммуналдық төлемдердің бағасы өсіп отыр. Өңірлер бойынша алсақ, қай компоненттің бағасы да барлық жерде бірдей емес», – дейді макросарапшы Аягөз Ханетова.
Келесі бір сарапшы – Расул Рысмамбетов қатаң ақша-несие саясатының кесірінен қазір экономика сұлық жатқанын айтады. Пікірінше, базалық ставка үлкен болса, экономика бір орында қозғалыссыз қалады екен. Өйткені адамдар несие алмауға тырысады. Ал жинағы барлары салымдарын депозитте ұстағанды немесе бағалы қағаздарға салғанды жөн көреді. Мәселен, ірі банктер, корпоративті құрылымдар, тіпті квазимемлекеттік сектордың өзі де инвестициялық жобалардан гөрі тәуекелі аз, табысы кепілді бағалы қағаздарды таңдай бастайды. Оның үстіне ол жерде коррупциялық тәуекел де жоқ. Ал ставканы түсірген кезде ақша да арзандайды, адамдар да инвестициялық жобаларға қаржы құя бастайды. Өйткені ол кезде керісінше депозиттен тұщымды табыс көре алмайсың. Сондықтан да қазір біздің экономика қозғалыссыз жатыр. Өйткені ставка әлі де болса үлкен.
«Енді инфляцияға келер болсақ, оның 10,3%-ға түскені әдеттегі қалыпты жағдай. Өйткені қараша айы – инфляцияның баяулайтын кезеңі. Жыл сайын солай қайталанып тұрады. Ал кейбір өндіріс ошақтарының қарқыны бәсеңсіп, қоймада тауарлар ұзақ сақтала бастайтын уақыттарда инфляция қайтадан қарқын алады. Ол желтоқсан айының аяғында там-тұмдап көрініс беріп, қаңтар айының ортасында өршіп кетеді. Өйткені жаңа жылдан кейін сауда саябырсиды, өтпеген тауарлар қоймада жатып қалады. Осылайша, түпкі бағаға сақтау шығыны қосылады. Тек кең тұтыну тауарлары ғана емес, азық-түлік, бидай, картоп сияқты өнімдер туралы да осыны айтуға болады. Қаңтар, Ақпан, Наурыз – инфляция өте жоғары болатын айлар. Ол да маусымдық құбылыс, сондықтан оның қандай ауқымда және қарқында болатынына болжам айту қиын. Оны уақыт көрсетеді. Менің ойымша, барлығы да базалық ставканың қалай өзгеретініне байланысты болмақ. Егер Ұлттық банк өз әрекетін Үкіметпен бірге үйлестіре отырып, «экономиканы несиелендіру керек, базалық ставканы түсіру керек» десе, онда ақша айналымының қарқыны инфляцияны да өршітіп жіберуі мүмкін. Бірақ бұл да қалыпты жағдай. Одан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы ішкі өндірісті күшейту қажет. Отандық тауар өндірісі күшейсе, экономикаға да жан бітпек. Ал қазір ол сұлық жатыр», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
4 құралы түгел Ұлттық банк
Рас, бұл жолғы инфляцияның төмендегені үлкен жетістік екенін жасырмау керек. Мамандардың көпшілігі бұған бірінші кезекте Ұлттық банктің базалық ставканы көтергенінің арқасында қол жеткізгенімізді ашық айтып отыр. Сондықтан Үкіметтің үлесі қанша қыруар еңбектен тұрса да, екінші орында. Ал ҰБ-ның жыл бойы 16,75%-ды ұстап тұрғаны дұрыс шешім болды. Бұл осындай күрделі кезеңде қолданылатын кешенді шаралардың бір парасы ғана екен.
«Жалпы, бас регулятордың, яки Ұлттық банктің осындай 4 құралы бар. Біріншісі – базалық ставканы реттеу. Ол өз жемісін берді. Ресейде және басқа кейбір елдерде де бізден кейін осындай қадамға барғанын көріп отырмыз. Екіншісі – банктердің резервтік мөлшерлемесін жоғарылату, яки олардың ақшасын көбірек алып қояды да, олардың экономиканы қаржыландыруға ақшасы аз болады. Үшіншден – ҰБ нота, яки облигация шығарады да, банктерге және басқа да қаржы ұйымдарына сатады. Сөйтіп, олардың ақшасын жиып алып, алтын-валюта қорын көбейтеді. Мұнда да олар банктердің экономикаға ақша тастауына сәл кедергі жасайды, яки экономикадағы ақша массасын азайтады. Төртіншісі – валюталық реттеу. Ол бұрыннан келе жатқан тәсіл. Валюта бағамын ұстап тұру үшін интервенция жасайды. Бірақ байқасаңыз біз соңғы уақыттары ол әдісті қолданып жүрген жоқпыз. Керісінше, Ұлттық қордан бюджетке доллар түрінде өте көп ақша тастау арқылы, Ұлттық банктің алтын-валюта қорына қол салмай отырмыз. Валютаға сұранысты осылайша қанағаттандырып жатырмыз. Одан бөлек, Президент сыртқа валюта шығару көлемін шектеді, содан кейін экспорттан түсетін валютаны биржаға сатуға мәжбүрледі. Мәселен, валютамен табыс табатын мұнай-газ, металл өндірісі сияқты ірі алпауыт компанияларды осыған шақырды. Осылайша, биржаға Ұлттық қордан, экспортер компаниялардан валюта түсе бастады. Экономиканы сауықтыру немесе ынталандыру үшін осы төрт тетіктің төртеуін де ұдайы қолданып келеміз. Соның арқасында инфляция да, теңгенің бағамы да тұрақтанып тұр», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Болжам – 5%
Естеріңізде болса, Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны келер жылы 6-8%-ға, 2025 жылдың аяғына 5%-ға дейін түсіреміз деген болжамды мақсатын жариялаған болатын. Бірақ әлі де болса күрделі ахуалдың сақталып отырғанына орай, оған күмәнмен қараушылар баршылық. Себебі баға қымбат.
«Қазан айында инфляция 10,8% болды. Бірақ кең тұтынатын бірқатар тауар, соның ішінде күріш 40%-ға, сүт пен нан өнімдері 15%-ға өсті. Жеке гигиеналық тауарлар 17%-ға, дизель отыны 35%-ға, коммуналдық қызмет мәселен, қоқыс төгу 32%-ға қымбаттады, Бір сөзбен айтқанда күнделікті тұтыну тауарлары ресми инфляция деңгейінен көп артық. Оның үстіне «инвестицияға айырбас тариф» бағдарламасы коммуналдық тарифтерді өсіріп жібермек. ЖЖМ бағасын көрші мемлекеттермен теңестіру жоспары тағы бар. Ендеше, қол жеткізу мүмкін емес мақсатты индикаторларды белгілеу неге қажет?», – дейді сенатор Амангелді Нұғманов.
Депутаттың бұл сауалына Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов: «Ұлттық статистика бюросы инфляцияны индекстегенде небәрі 508 тауарды қарастырады. Ал қазақстандықтар 11 мың түрлі тауар тұтынады. Одан бөлек, жұмыс, қызмет, азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлар сынды санаттар бар. Осының барлығын да ескеру керек. Сол себеп жекелеген тауарды алып салыстырғанда осылайша көзге оғаш көрінетін цифралар наразылық тудыратыны рас. Бірақ Сауда және интеграция министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, әкімдіктер кең ауқымды жұмыстар жүргізуде. Олар делдалдарды жойып, нарықты тауарлармен толтырып, бағаның түсуіне жағдай жасап жатыр. Сондықтан жоспардан тыс жағдаяттар килікпесе, болжам үдесінен шыға аламыз деп санаймын», – деп жауап берген болатын. Осы тұста экономист мамандар билікті одан да батыл қадамдарға баруға шақырып отыр.
«Экономисттер көптеген ұсыныс айтып жатыр. Бірақ билік оған бара қоймайды, өйткені өзінің табысынан ажырағысы келмейді. Мәселен, дәулетті адамдардың айлығын әр жылы 10%-ға көтере бермеу керек. Жыл сайын бюджеттен айлық алатындардың еңбекақысын көтереміз деген желеумен биліктегілердің, яки квазимемлекеттік мекемелердегі, қорлардағы, әкімдіктер мен министрліктердегі лауазымды тұлғалардың айлығы да бірге өседі. Осылайша, еден жуушының 100 мың теңге айлығына 10 мың қосылса, білдей топ-менеджердің 2 миллион теңге айлығына 200 мың қосылады. Инфляцияның бір себебі осында жатыр. Бізде соны шектеу керек. Мысалы, орташа айлық 350 мың деп жатырмыз ба? Осы сомаға дейінгі айлық алатындардың еңбекақысын өсіру керек. Мұны Президент осыдан үш-төрт жыл бұрын айтты. Бірақ бюджет шығындарына қарасаң, оған тоқтау салынып жатқанын көрмейсің. Олар әр түрлі жолмен, соның ішінде индексация жасау арқылы, өздерінің де айлықтарын көтеріп жатыр. Соны тоқтатпаса, инфляцияны тұқырту қиын болмақ. Сондай-ақ 2019 жылғы Жолдауында Президент жоғары табыс табатындарға прогрессивті салық салуды тапсырды. Бірақ төрт жылдан бері министрлік соны ептей алмай жатыр. Неге? Өйткені қаламайды. Ал жаңағы мен айтқан білдей топ-менеджерлер болса еден жуушымен бірдей 10% салық төлейді. Егер бұл бастама қолға алынса, инфляцияны ауыздықтаудың бір жолы болар еді», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Сөз соңында айтарымыз: мемлекет тарапынан іске асып жатқан іс-шаралар нәтижесіз емес. Десе де, инфляцияны толық ауыздықтадық деп айтуға әлі ерте сияқты. Өйткені батыл қадамдар жетіспейді. Сондай-ақ «таяқтың екі ұшы бар» демекші, инфляцияның қозғаушы күш ретіндегі индикаторлық рөлін де ұмытпағанымыз абзал.
Нұрлан ҚОСАЙ