Топырақта құнар болмаса, азықта нәр болмайды. Себебі азық-түліктің 95% өндірісі топырақ пен судың сапасына байланысты. Аталған саладағы қордаланған мәселелер 5 желтоқсан күні Астанада өткен «Топырақ пен су – жердегі тіршілік нәрі» атты халықаралық конференцияда егжей-тегжейлі қозғалды. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған жиынға отандық және халықаралық сарапшылар қатысып, өз ойын ортаға салды.
Ғалымдардың зерттеуінше, бүгінде Қазақстанда 90 млн гектардан астам жер эрозияға ұшыраған, оның 29 млн гектары – ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланып отырған жер. Бір ғана 2018 жылдың өзінде елімізде 35 млн гектардан астам жер сортаңданып, 17 млн гектарға жуық жайылым ресурстар тозып кеткен. Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов республика бойынша топырақ деградациясы өте күрделі проблемаға айналып отырғанын айтады. «Ең алдымен, оған адами фактордың әсері бар. Ол – жерді жөнді-жөнсіз пайдалану мәселесі. Егістік көлемін ұлғайтып жатырмыз, бірақ алатын өнім аз. Мәселен, Павлодар облысы биыл 4 центнерден ғана өнім алды. Бұл – өте төмен көрсеткіш, тіпті өнім алынған жоқ деп те айтуға болады», – дейді депутат.
Қазақстан БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына 1994 жылы қол қойып, 1997 жылы ратификациялаған болатын. Аталған конвенциямен бірлескен жобалардың үйлестірушісі болып 2021 жылы АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті белгіленді. Комитет төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, қазақстандық тарап 2018-2030 жылдар аралығында БҰҰ-ның мақсаттары мен стратегиясын жүзеге асыру үшін өңіраралық топтың жұмысына белсенді қатысқалы отыр. «2022-2026 жылдар аралығында 25 млн 250,0 мың гектар аумақта топырақты зерттеу, 29 млн-ға 600,0 мың гектар аумақта электронды карталарды дайындаумен геоботаникалық зерттеулер жүргізу жоспарланған. Сондай-ақ 36,0 млн гектар алаңда Жерді мониторингілеу қарастырылып отыр», – деді М.Теміржанов. Қазір республика аумағының 44,0%-ы цифрландырылыпты. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін 100%-ды құрамақ. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің цифрлық картасы жердің нақты жай-күйіне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта жерді пайдаланушыларға талап күшейтілмек.
«Қазір Жер қатынастары комитеті арнайы бағдарлама жасап, айналысып жатыр. Ол бойынша топырақтың сапасы зерттеліп, тексеріледі. Содан кейін егер сіз пайдаланған жеріңіздің жағдайына зиян келтіріп, топырағын тоздыратын болсаңыз, шара қолданылады. Сол себепті фермер өз меншігіндегі, пайдаланып отырған жерінің жай-күйіне, топырағын құнарландыруға жауапты болмақ», – дейді Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов.
FAO дерегіне сүйенсек, әлем бойынша жер бетіндегі топырақтың 33 пайызға жуығы тозған, яғни сапасы мен құнары нашарлаған. Дүниежүзінде топырақ эрозиясы жыл сайын 20-37 миллиард тонна құнарлы топырақты жояды. Бұл мәліметтер Астанада өткен халықаралық конференцияда да айтылды. БҰҰ жобаларының өңірлік үйлестірушісі Надежда Дементьева топырақ деградациясы әлемнің барлық аймағында аса жылдам жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, 2015 жылдан бері 4 млн шаршы шақырымдай аумақ жойылып кеткен. «Орталық Азияда жер аумағының 24%-ы деградация әсерінен тозған, бұл шамамен 935 мың шаршы шақырым, яғни Қырғызстан аумағынан төрт есе үлкен жер көлемі. Мұндай жағдай шөлейттену қаупі бар жерде тұратын аймақ халқының 30%-ның өмір-тұрмысына әсер етпек», – деді Н.Деменьтева. Осыған орай БҰҰ 2030 жылға дейін тез арада 1 млрд гектар аумақты қалпына келтіруді көздеп отыр.
Конференцияға Ресейден арнайы келіп қатысқан ғалым, РҒА География институтының ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының докторы Герман Куст топырақ деградациясы тұтас Орталық Азия мемлекеттері үшін аса жоғары көрсеткішке жетіп, қауіп төндіріп тұрғанын айтты. «Аймақта топырақ құрамы тіптен кеуіп, сортаңданып бара жатыр деуге болады. Мәселен, Тәжікстанда топырақтың деградациясы 29,5% -ға жетсе, Қырғыз Республикасында – 25,2%, Түрікменстанда – 24,2%, Қазақстанда – 24,1%, Өзбекстанда – 19,8%. Сондықтан тиімді технологияны қолданып, деградацияға ұшыраған жер көлемін азайту қажет», – деді ол.
FAO ұйымы бүгінде «Орталық Азия мен Түркияның құрғақшылыққа бейім және тұзды ауылшаруашылық өндіріс ландшафттарындағы табиғи ресурстарды кешенді басқару (ИСЦАУЗР-2) жобасын жүзеге асыруда. Жобаның өңірлік үйлестірушісі Махмуд Шаумаровтың айтуынша, табиғи ресурс топырақ пен суды тиімсіз пайдалану азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.
Биылғы шілде айында Қазақстанға Еуразиялық топырақ серіктестігінің басқарушы комитетіне төрағалық ету міндеті жүктелді. Негізгі мақсат – топырақ ресурстарын тұрақты басқару әдістерін кең ауқымда жүргізу. Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың сөзінше, Қазақстан 2025 жылы Еуразиялық топырақ серіктестігінің жоспарлы отырысын өткізуді ұсынып отыр. «Мұндай кешенді іс-шаралар жер ресурстарын тұрақты басқару мәселесінде маңызды рөл атқарады. Ол дегеніңіз – жердің шөлейттенуі мен тозуына қарсы күресте мониторинг құралдары мен проблемаларды шешу әдістерін енгізуде үлкен мүмкіндік бермек», – дейді ол. Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов ендігі кезеңде егістік алқаптарының көлемін реттеп, мал азығы дақылдарының үлесін көбейткен дұрыс. «Астық алқаптарын көбейте бергеннен аса пайда жоқ. Бәрібір Ресейдің арзан астығынан бәсекелес бола алмаймыз. Қазір төрт түлікке жем-шөп тапшы. Кеңестік кезеңде көпжылдық шөптер жақсы егілетін, кейін осы іс мүлдем тоқтап қалды. Мәжілісте жайылым жерді пайдалану туралы заңға өзгерістер енгіздік. Мен сол жұмыс тобына басшылық еттім. Ауыл маңайындағы жерлерді жақсарту үшін әкімдіктерге құзырет беріп, бюджеттік бағдарламаға енгіздік», – деді депутат. Бұл жұмысты жеделдету үшін көпжылдық шөп түрлерін еккен фермерлерге субсидияны да бірнеше еселеп төлеу жағы қарастырылып жатқан көрінеді. Сөз жоқ, құнарлы топырақ, күтімдегі жер климаттық өзгерістерге де төтеп беріп, жемісін де мол береді. Сондықтан мамандар жерді пайдалануға ғылыми тұрғыдан қарап, жаңа технология енгізетін кез келгенін айтып отыр.
Бауыржан БАЗАР