Айгүл Орынбек актер Берік Айтжановтың сыбайлас жемқорлық туралы жиында не істеп жүргенін сұраған.
Антикордың атын актерлер деп өзгерте салайық: белгілі адвокат Шымкент әкімдігін сынға алды
3,549
оқылды

Белгілі актер Берік Айтжанов Шымкент әкімдігі ұйымдастырған сыбайлас жемқорлыққа байланысты жиында сөз сөйлеп, салаға қатысты пікір білдірген, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында әйгілі "Менің атым Қожа" фильміндегі “Әртіссің ғой, Сұлтан, оңбай кетейін ” деген диалогты мысалға келтіріп, Антикорды да әртістерге теңейді.

“Менің атым Қожа” фильміндегі бұзық Қожаның рөлінде мен, өтірікші Сұлтанның рөлінде сендер ойнап жатсыңдар ма?

Шымкентте жемқорлықпен күрес туралы жиналысқа әртіс Берік мырзаны шақырыпты.

Бұл кісінің актерлік шеберлігіне дауым жоқ!

Бірақ Шымкент әкімдігінің төріне шақырып сөз сөйлейтіндей, Шымкентте қандай жемқорлықты ашып, сыбайластықтың алдын алды екен?", – деп сұрайды белсенді.

Оның пайымынша, жемқорлыққа қарсы күресу – киноға түсу емес.

"Қанша жазылған шағымдарым қараусыз, жауапсыз қалды!

Қаншама жемқорлық жайлы көтерген мәселелерім жергілікті Антикор тарапынан зерделеніп жатқан жоқ.

Сіздер суретке, киноға түсу үшін жүрсіздер ме?

Берік мырза Шымкентте қандай жемқорлықты ашты айтып беріңізші?

Әртіс Берік мырза, жергілікті жерде басын бәйгеге тігіп, жемқорлармен күресіп жүр ме еді?

Антикордың атын – Актерлер деп өзгерте салайық!", – деп жазды заңгер.