– Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл – шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни, еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің экономикасы әділдік қағидатына негізделуге тиіс екенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселеге назар аударды.
– Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады. Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, мемлекет бизнес үшін әділ әрі ашық ойын ережесін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсайды. Мемлекет басшысы елімізде жасанды интеллект жүйесін құру ісін тағы бір маңызды мәселе ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағы және оның халықаралық қоғамдастықтағы орны осы жұмыстың сәтті іске асуына байланысты деп санайды. Сондықтан Президент бұл бағытқа өзі жетекшілік етеді және шетелдік, отандық мамандармен кездеседі, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуын бақылайды.
Мемлекет басшысы елді индустрияландыру ісін одан әрі жалғастыруымыз керек деп санайды. Бұл бағытта нақты шаралар қолға алынып жатыр. Екі жыл бұрын «Өнеркәсіп саясаты» туралы арнаулы заң қабылданды. Өңдеу кәсіпорындарын арзан шикізатпен қамтамасыз ету өте маңызды. Келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана шикізатты экспорттай алады.
– Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни, мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді, – деді Президент.
Сонымен қатар перспективті цифрлық индустрияға баса назар аударылды. Президенттің айтуынша, Қазақстан электронды үкімет пен қаржылық-технологиялық даму индексі бойынша әлемде жетекші орын алады.
– Елімізде IT секторы қарқынды дамуда. Озық мемлекеттер экономикасындағы бұл саланың үлесі жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр отандық IT индустрия экспорты бес есе өсті. Мен оның көлемін 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедім. Біз ірі өнеркәсіптік өндірістен бастап шағын сервистік жобаларға дейінгі экономиканың барлық саласын одан әрі цифрландыруға баса мән береміз. Бірақ босаңсуға, жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Еліміз жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайтуы керек. Қазақстан ірі халықаралық IT компаниялардың кеңселері орналасатын аумақ бола алады және болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысушылармен кездесуде халқымыздың үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуы керек екенін, ал Қазақстан тұтынатын емес, өндіретін мемлекет болуы қажеттігін айтты.
– «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Сонымен бірге бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жиын соңында «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына қатысқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тапсырды. «Парыз» сыйлығының орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Абай Дәулет» ЖШС-ына (Қызылорда облысы), ал ірі кәсіпкерлік субъектілері арасындағы Гран-приі «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-ына (Абай облысы) табысталды. «Үздік индустриялық жоба» номинациясы бойынша «ДЕП» ЖШС (Қостанай облысы), «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша CleanfieldKazakhstan ЖШС (Маңғыстау облысы) «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары атанды.