Декларация тапсырмаған қазақстандықтар жауапқа тартылады.
Жалпыға бірдей декларацияны зейнеткерлер де тапсыруы мүмкін
3,394
оқылды

Қазақстанда қосымша табысы бар зейнеткерлер де жалпыға бірдей декларацияны тапсыруы мүмкін. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қаңтарынан бастап елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілген. Ондағы негізгі міндет – әділ салық салуды қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың кірісін бақылау, жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.

2021 жылдың қаңтарынан бастап «кіріс» декларациясын мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынды: шамамен 580 мың жеке тұлға.

Екінші кезеңде биыл мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынды: шамамен 2,1 млн адам, – деді Ержан Біржанов.

Үшінші кезеңде 2024 жылдың қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады: 3,9 млн адам.

Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – азаматтардың қалған санаты (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы адамдар, студенттер және басқалар) ұсынады. Жалпы, 6,4 млн-нан аса жеке тұлғаны қамту жоспарланып отыр. Осылайша, жалпыға бірдей декларация жүйесіне 13 миллионға жуық адам кіруге тиіс, – деді вице-министр.

Жалпыға бірдей декларацияда нені көрсету керек:

  • Шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік;
  • Шетел банкіндегі 7,3 мың доллардан (1 000 АЕК) көп ақша;
  • Шетелдік компанияға қатысу үлесі;
  • Бағалы қағаздар, цифрлық активтер (биткоин және тағы басқа);
  • Үлестік қатысу шарты (тұрғын үйдегі үлес);
  • Инвестициялық алтын (алтын құймасы);
  • Зияткерлік меншік және авторлық құқық объектісі;
  • 34,5 млн теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша;
  • 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін нотариалды куәландырылған басқа тұлғалармен қарыз шарты;
  • Құны 3,4 млн теңгеден асатын басқа мүлік (қалауы бойынша) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асылтұқымды жануарлар және тағы басқа) – бағалауды декларацияны тапсырғанға дейін жүргізу керек (2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін).

Декларация тапсырмаған қазақстандықтар жауапқа тартылады.

«Жеке тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігіне тоқталайын. Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге (15 АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Декларацияда толық емес немесе анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін – ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін – 10 350 теңге (3 АЕК) көлемінде айыппұл салынады.

Жыл ішінде бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін – төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл, қайталап бұзушылық үшін – 300% айыппұл салынады», – деді Ержан Біржанов.

Министрдің орынбасары болашақта қосымша табысы бар зейнеткерлер де декларация тапсыруы мүмкін екенін айтып қалды.

"Барлығы «кіріс» декларациясын тапсыруы керек. Оған зейнеткерлер де, студенттер де, жалпы бәрі кіреді. Біздің болжамға сәйкес, төртінші кезеңде 6,5 млн-нан аса адам есеп береді. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне жалпы 13 млн адам кіреді. Мысалы, 2026 немесе 2027 жылдары зейнеткер тек зейнетақы алса, кәсіпкерлікпен, қызметпен айналыспаса, онда декларацияны тапсырмау мүмкіндігін қарастырамыз. Осылайша, одан деректерді автоматты түрде аламыз. Алайда бірінші декларацияны барлығы тапсыруы керек", – деді вице-министр.

Ержан Біржанов декларацияны тапсыру жолын түсіндірді.

"2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларацияны тапсыру керек. Есепті «Салық төлеушінің кабинеті», «Электронды үкімет» веб-порталдары, e-salyqАzamat, Halyk, Банк Центркредит мобильді қосымшалары арқылы беруге болады. Азаматтардың 99%-ға жуығы декларацияны электронды түрде тапсырған. Қазақстандықтардың пошта арқылы декларацияны тапсыруға құқығы бар", – деді министрдің орынбасары.