Президенттің халыққа Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес, апатты және үшауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында Батыс Қазақстан облысында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл барлық қаржыландыру көзінен 27 мектептің құрылысы жоспарланды. Оның ішінде бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы жүргізіліп, екеуі пайдалануға берілді. Ал 15 мектептің жобасы "ҚПО б.в." компаниясының әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде қолға алынып, бесеуі тапсырылды. Сонымен қатар "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында облыста биыл 9 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Бәйтерек ауданының Жайық ауылында жаңа орта мектеп ашылды. Осыған дейін мұнда тек бастауыш мектеп болған. Ол ғимараттың өзі тар еді. Небәрі 3 кабинет бар. Ал шығармашылық және спорт залдары атымен жоқ. 4-сыныпты бітіргеннен кейін балалар іргедегі Байқоныс ауылында білімін жалғастыратын. Ал оларды тасымалдау қыста қиындық тудыратын. Енді бұл келеңсіздіктердің бәрі артта қалды.
Алақандай ауылда мемлекеттік бағдарлама аясында 108 орындық білім ордасы бой көтерді. Мұнда 14 оқу кабинеті бар. Оның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, қазақ тілі – орыс тілі, шетел тілі, мультимедия және информатика сыныптары жабдықталған. Сонымен қатар 2 шеберхана, шығармашылық және спорт залдары, кітапхана, 40 орындық асхана қарастырылған. Мектеп ауласында ойын және спорт алаңдары тағы бар.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев тұрғындарды қастерлі мерекемен құттықтап, білім саласындағы мақсат-міндеттерді атап өтті.
"Баға жетпес байлығымыз болып табылатын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ауылдарыңызда жаңа мектептің ашылуы – баршамыз үшін үлкен қуаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты екенін айта келіп, әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс екенін мәлімдеген болатын. Соған сәйкес, өңірімізде 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін соның 17-сын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Білім – баға жетпес рухани байлық, ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы. Сол себепті білім саласына мемлекет тарапынан әрдайым үлкен қамқорлық жасалуда", – деді өңір басшысы.
Бұл мектептің құрылысына бір миллиардқа жуық теңге жұмсалған. Мұнда биылғы оқу жылында 104 оқушы білім алады. Оқыту үрдісі аралас тілде жүргізіледі. Көптен күткен қуанышқа кенелген ауыл тұрғындары ризашылығын білдірді.
"Ауылда 90-жылдары бастауыш мектеп ашылған кез әлі есімде. Ол кезде бала саны онға да жетпеген еді. Кейін оқушылар саны артып, екі ауысымға көштік. Ал жоғары сынып оқушылары көрші ауылға барып оқитын. Оларға оңай болған жоқ. Ал қазір ауылымызда үлкен мектеп бой көтеріп, ауыл балаларының бәрі осында оқитын болды. Біз өте қуаныштымыз. Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалған", – деді ардагер ұстаз Ақдариға Мұхамбетова.
Салтанатты ашылу рәсімінен соң тұрғындар мен әкімдік өкілдері мектеп ішін аралап, қызмет сапасын зерделеп шықты. Ғимарат кең, жылы әрі қолайлы.
Айта кетейік, облыста "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында құрылысы басталған 9 мектеп келер жылы қолданысқа беріледі. Ал 2024 жылы тағы 9 мектептің құрылысы басталып, тиісті жұмыстарды 2025 жылға аяқтау жоспарланған.
Дана Русланқызы