Тұрғындар, әсіресе алматылықтар бағаның күн санап өсіп жатқанына наразы, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Олардың пайымынша, қазіргі таңда такси шақыру да қолжетімсіз болып барады.
Алайда такси жүргізушілерінің өз уәжі бар. Күн сайын көлікті жалға алып, жанармай, таксопарк қызметі мен көліктің күнделікті шығынын алып тастағанда, өздерінің табысы 10 мың теңгеге жетпейді. Енді жаңа жылдан кейін мемлекеттен берілетін субсидия алынса, онда көліктердің құны тағы артып, тиісінше бұл жолаушылар қызметінің қымбаттауына әкеледі.
“Біз онсыз да көп табыс таппаймыз. Күнделікті шамамен 20-25 клиент апарамыз. Барлық шығынды алып тастаса, өзім күніне 7 000 теңгедей ғана таза табыс табамын. Келер жылдан бастап Үкімет таксопарктерге субсидия бөлуді тоқтатуы мүмкін. Сол уақытта біздің күнде жалға алып жүрген көліктеріміздің құны өседі. Сәйкесінше, такси бағасы да шарықтауы мүмкін”, – деді жүргізушілер одағының атқарушы директоры Нұркен Тәжібай.
Бүгінде жүргізушілер жалға алған көліктер үшін күніне 12 000 теңгеден бастап 20 мыңнан жоғары ақы төлейді. Таксопарк көліктерін мініп жүретіндердің саны мегаполис бойынша 60 пайыздан асып жығылады дейді. Әзірге бұл ақпарат туралы нақты шешім шыққан жоқ. Сондықтан такси жүргізушілерінің жайы қалай шешілері алдағы уақытта белгілі болмақ.