Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында АҚШ елшілігінің қызметкерлері классикалық қазақ көркем фильмдерінен ағылшын тіліне үзінді аударып, дубляждаған. Елшілік 14 желтоқсаннан бастап Instagram желісіндегі ресми парақшасына дайын бейнероликтер жариялап, көптің ыстық лебізін алып жатыр. Әлі бірнеше бөлімі көрермен назарына ұсынылатын жобаға АҚШ елшілігінің ресми өкілі Кристофер Соренсен де өз үлесін қосқан.
«Біздің елшілікте әлеуметтік желілерге контент даярлайтын америкалық және қазақстандық жастардан құралған дарынды шығармашылық ұжым бар. Олар АҚШ саясатын түсіндірумен қатар қазақ тіліне, мәдениетіне және тарихына шынайы құрметімізді паш ететін медиа өнім жасау үшін жұмыла жұмыс істейді. Қызметкеріміздің көбі 80-90-жылдары Қазақстанда туып-өскен және дубляж үшін таңдалған классикалық көркем фильмдердің көрермені болды. Осы орайда Тәуелсіздік күніне тарту болсын деп әрі қазақ мәдениетін америкалықтарға әсем үлгіде таныстыру мақсатында осындай идеяны жүзеге асырдық. Қазақ киносының сүйікті кейіпкерлерін ағылшынша сөйлеткеніміз қазақстандық аудиторияға ұнаған сияқты. Әлеуметтік желіде жылы лебізін білдіріп жатыр. Бұл АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының екі елімізді жақындастыратын қазақ тіліндегі медиаконтентке қолдау көрсету жөніндегі ұзақмерзімді міндеттемесінің бір көрінісі және біз болашақта осындай көптеген жобамен сіздерді қуантамыз деген үміттеміз. Тәуелсіздік күні құтты болсын!», – деп атап өтті Кристофер Соренсен.
Елшілік ұжымының таңдауы қазақ киносының алтын қорына енген бірегей туындылар – «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште», «Қыз Жібек», «Махаббат бекеті», «Гауһартасқа» түскен. Желі қолданушылары қолдайтын болса, алдағы уақытта әлі де бірқатар фильмнің үзіндісі аударылуы мүмкін. Елшіліктің Instagram желісіндегі ресми парақшасындағы лүпілдер мен комментарийлерге зер салсақ, қазақ киносының жанкүйерлері бұл бастаманы жылы қабылдағанын байқауға болады. «Қазақ фильмдерін осылай қызықты етіп аудара алса, ауыл балалары үйде отырып, тіл үйренер еді», «Ермек ағамыздың «Сүйем мен» әнін ағылшынша тыңдағанның әсері тіптен бөлек екен, толық аударсаңыздар», «Қазақ классикасын толыққанды ағылшын тіліне аударатын уақыт болды» дейтін мазмұндағы пікір көп.
Асыл ТҰМАР