Динараның мектеп қабырғасында жүрген кезден бері шет мемлекетте білім алып, тәжірибе жинақтасам деген арманы болған. Әсіресе, ағылшын тілі мен география сабақтарында қиялға беріліп, саяхаттауды армандайтын білімпаз ару Атыраудағы Абай атындағы №15 орта мектебін бітірген.
«Сол кездегі мектеп бағдарламасында ағылшын оқулықтары негізінен британдық ағылшын тіліне бағытталғандықтан, Ұлыбританиядағы сәулет өнерінің тарихы, мәдениеті, қала өмірі туралы көп айтылатын. Сол арманмен Алматыдағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне оқуға түстім. Магистратураны шетелде оқуға бел будым. Бала арманымды «Болашақ» бағдарламасы орындады. Бұл бағдарлама – ұлт болашағына салынған инвестиция. Олай дейтінім, шетелде оқып келген көптеген жас бүгінде сапалы, маңызды идеяларын елімізде жүзеге асыруда. Сол арқылы елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына ықпал етуде. Әдетте болашақтықтардың көбі Ұлыбританияны таңдайды. Себебі ондағы университеттеріндегі оқу бағдарламасы тиімді. 2011 жылдың жазында Лондон университетінен шақырту алып, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым», – дейді ол.
Алыстан іздегені – ілім, көздегені – білім болған қазақ жастарының менталитеті бізге жат елдерге барып, сіңісуі оңай емес. Динараның айтуынша, өзге мемлекетке үйренісуге кедергі көп болса да, қиындыққа мойымайсың. Өйткені әрбір жасты арман жетелейді.
«Шетелде университет, кітапхана, тіптен жолдан өтіп бара жатсаң да, кезекте тұрсаң да технологиялық жаңғырудың адам өмірін қаншалықты жеңілдеткеніне куә боласыз. Әдетте Ұлыбританиядағы магистрлік бағдарламалар бір жылға созылады. Бір ғана жылдың өзі жеке тұлға ретінде қалыптасуыма және кәсіби тұрғыда дамуыма зор ықпалын тигізді. Түйгенім –жауапкершілікті оқу орнына артуға болмайды, өзің ізденуің шарт. Сапалы білім алу студенттің өзіне де байланысты. Көптеген батыс елінің университеттерінде жұмысы «үштікке» бағаланған студент пен еліміздегі осындай бағамен оқитын студенттердің айырмашылығы жер мен көктей. Айталық, батыс елдерінде күн ұзаққа кітапханада отырып, консультациялық сабақтарға қатысып, сарапшылармен кездескен студенттер үштік алуы мүмкін. Ал Қазақстанда дәл осы бағаны сабаққа мүлде келмегені өз алдына, курс бойынша тіптен материал оқымайтындар алуы мүмкін», – дейді Динара.
Оның айтуынша, Ұлыбритания елінде студенттер семинар, лекцияға қатысу деңгейіне қарай емес, жазба жұмысты орындау сапасына қарай бағаланады. Ол елдің оқу жүйесі негізінен студенттің жеке жұмысын салмақтауға бағытталған. Әр студентке жеке супервайзер бекітіледі. Кез келген уақытта оқу ғана емес, өмірлік мәселелерге қатысты сұрақтармен де оның көмегіне жүгінуге болады. Оқытушыларға артылатын жүктеменің арасында да айырмашылық бар. Мәселен, Лондонда оқып жүрген жылдары біздің университетке қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінен Phd дәрежесіне кандидат оқытушы келді. Университет өмірімен жете танысқан ол жүктеме мәселесін көтерген еді. Айталық, қазақстандық оқытушының жүктемесі 1 400 сағат болса, британдық оқытушының жүктемесі 140 сағат екен. Міне, осы бір ғана шағын мысалдан уақыт ресурсын бөлудегі айырмашылықты байқауға болады. Жүктемедегі айырмашылық Ұлыбританиядағы оқытушының ғылыми жобаларға қатысуына, түрлі дала зерттеулерін жүргізуіне, қаржыландыру көзін табумен айналысуына мүмкіндік береді.
«Өзіңе жақсылық жасамасаң, саған ешкімнің жаны ашымайды». Лондон университеті бізді осы принципке берік болуға үйретті. Тіпті, магистрлық диссертацияны жазардың өзінде ғылыми жетекшіміздің үлесі тек бес пайыз болды. Ал жұмыс сапасының 95 пайызы түгелімен студенттің өзіне байланысты. Әрине, бұл жағынан келгенде студенттерге барлық жағдай жасалған. Әдебиетке бай кітапханалардың есігі таңнан қас қарайғанға дейін ашық тұрады. Сессия кезінде кітапханалар тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істеуге дайын. Ал егер сіздің оқу орныңызда қажетті кітап табылмай жатса, кітапханаңыз ол кітапты портал арқылы өзге білім шаңырағынан уақытша қолданыс үшін алып бере алады. Бұдан Ұлыбританияда университеттер мен кітапханалар арасындағы байланыс жақсы жолға қойылғанын аңғаруға болады. Қазақстанға қажетті инфрақұрылым да – осы. Отандық оқу орындарының кітапхана қоры көп жағдайда тым жұтаң және бір сәтте қаумалаған адамдардың бәріне бірдей қызмет көрсетуге дайын емес. Осы кезге дейін жинақталған тәжірибемді сараптай отырып, баршаңызды әлемдегі ең басты құндылық болып саналатын адами ресурсты бағалай білуге шақырамын. Мысал үшін айта кетсек, Лондон автобустарында кетіп бара жатып, дүниежүзілік жылыну, белгілі бір елдегі мәдени шаралар немесе Африкаға сапар туралы әңгімелерге әбден қанығуға болады. Ал бізде ше? Бізде де қоғамдық көліктер және оған тұрақты мінетін жолаушылар бар. Тек олардың әңгімесі негізінен тұрмыс-тіршіліктің проблемасынан аспай жатады. Яғни, біз әлі күнге күйбең тірліктің, қазан-ошақ әңгімесінің айналасынан шыға алмай келеміз», – дейді ол.
Динара Лондоннан оралғаннан кейін Алматыдағы Саяси-гуманитарлық конъюнктура орталығында, одан соң Астанадағы «Синопсис» Қытай және Орталық Азияны зерттеу орталығында жұмыс істеді. Кейін жарты жылдай Америкада тұрып келген. Сондай-ақ Орталық Азия зерттеушілеріне арналған жоба аясында Америкаға жолы түскен. Джордж Вашингтон университеті базасындағы бағдарламаға үшінші сектор, сонымен бірге мемлекеттік органның кез келген маманы қатыса алады. Динара Алматы облысына қарасты Текеліде салынып жатқан Орталық Азия университетін мысалға ала отырып, жергілікті басқару мәселесімен айналысқан. Қазір Алматы қаласында орналасқан Орталық Азияның Еуразия қорында жұмыс істейді. Қор әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА