Оны, Әбікеннің «Қоңыр» күйі мен Жұмекеннің қоңыр жырынан таратып түгендеуге кірісер болсақ та түбіне жету оңай емес. Сондықтан қазақтың бүтін болмысының қоңыр екенін бұл жерде дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Оның орнына бұл сөзді қоңыр қазақтың белді баласының бірі ретінде Берік Бейсенұлының жеке басына теліп, аз-мұз тарқатып көрелік.
Алдымен, Беріктің сыртқы порымынан бастайық. Шілдеде күні шыжғырып тұратын Түркістан қаласы тиіп тұрған, Жаңақорған мен Шиелінің қақ ортасын ала орналасқан Төменарық селосында туған баланың өң-басы, түр-тұрпаты мен терісінің түсі болса да қоңыр болып келетіні өз-өзінен түсінікті. Ал сол теріні жауып тұратын адам көркі – қабат-қабат шүберек ше? Киім-кешекті айтып отырмыз. Құданың құдіреті, үстіне ілетіні де бірыңғай қоңырқай немесе қоңырға жақын кілең көкшіл түсті болып келеді әдетте. Оған күмәніңіз болмасын. Әйтеуір, үстінде қызыл-жасыл не алабажақ секілді бадырайған ала-құла түстер атымен болмайды. Бұл оның боямасыз болмысы. Қарапайым қоңыр қалыбы. «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп Абай айтқандай, сырт пен іштің үндесіп келуі. Осы қоңыр бүтіндік оның бүкіл өміріне көзге көрінбейтін сымдай тартылған тағдыр сызығындай. Қоңырлық дегенді әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Қоңырлық – біреуге момындық дегендей. Егер табиғаттың түсіне орайластырсақ, бірден көз алдымызға жаймашуақ маужыраған қоңыр күз елестеуі мүмкін. Бірақ Бекең маужырап, салбыраған жан емес, жадыраған жазға бергісіз, сезімі сергек, жаны ояу, өр, қызба, оңайлықпен тыншымайтын тынымсыз қоңыр. Қойторы емес, кейде шалт бұрылатын шапшаң, тарпаң қоңыр. Сол ішкі тынымсыздық, турашылдық, сырттай салмақты көрінгенмен, бәрібір сыртына шықпай тұрмайды. Кейде оқыстан естілгенде жан-жағын баурап алатын ынты-шынтысыз ақжарма күлкісімен жан жадырататын риясыз қоңырлығы тағы бар. Ортасын осылай оятып жүреді. Жұмысқа ерте келеді. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» дүр. Қысыр әңгімеге үйірсек емес, ысырапқорлыққа жол бермеу атаның қанынан, ананың сүтінен өлшеніп берілген.
Қарапайым механизатор болып еңбек еткен әкенің, 9 бала өсіріп тәрбиелеген ананың ақ адал маңдай терімен кешкен қараша үйдегі қоңыр тіршілігінен қанаттанып өскеннің арқасы соның бәрі. Көп баланың ішінде өскен соң, күлшелі бала қайдан болсын, бірақ әке-шешесінің ерекше үміт күткен, назары түскен қолдыаяқтай ұлы болғаны күмәнсіз. Журналистиканы «Жас Алаштан» бастаған 1991 жылдан есептесек, отыз екі жыл ішінде алты бас редактордың орынбасары болыпты. Орынбасардың мойнына редакцияның бүкіл жүгі алдымен артылатынын газет жағалағанның бәрі жақсы біледі. Осының бәрі оның туабітті тиянақтылығынан, табанды еңбекқорлығынан, азаматтық жауапкершілігінен, ұжымдастырып, үйлестіре білетін басқарушылық қасиетінің молдығынан екені анық. Сондықтан да алмағайып уақытта жұмыссыз қалған кезі жоқ, бұл жұмысты емес, жұмыс мұны іздеп тұрады. Білдей бас редакторлар өзінің орнын жоқтатпайтын, жұмысын жеңілдетер жанды бірінші болып іздемей ме, мұны да бәрі бауырына тартты. Кейде осы шектен тыс жауапкершілік пен өзіне тым қатаң талап қоюшылықтың зиянды жағы да бар емес пе? Сенімге селкеу түсірмей, жауаптылықтан жалтармай, журналистикаға біржола берілгеннен, бойындағы әу бастағы ақындық қабілетін толық гүл аштыра алмады. Әйтпесе, он үшінде өлең жазып бастаған Құнанбайдың баласының жасында бұның да бұлықсыған ақындық қасиеті бүр жарған. Алғашқы өлеңі Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне 9-сыныпта оқып жүргенде жарияланыпты. Аудандық та емес, білдей облыстық газетте он бес жасында өлеңін жариялату – қазірдің өзінде кез келген «мен» деген ақынның пешенесіне жазыла бермеген бақ. Сол өлеңнің буы жетелеп, ақыры «Төменарықтағы» №53 мектепті бітірген жылы еліміздің маңдайалды оқу орны ҚазМУ-дың Филология факультетіне алып келген.
Филолог болып шыққанда, бәлкім іргелі ғылым жолына түсіп, өмірі өзгеше өрілер ме еді, төрт рет жолы болмаған. Жаратқанның нәсібін газет-журналдан теріп жесін деп бұйыртқаны болар, қалай оқуға журналистикаға тапсырады, солай жолы болып түсіп кеткен. Одан бұрын Германияда екі жылдық әскер өмірін көріп келген, совхоздың қара жұмысында пісіп-қатқан жас жігіттің оқуға құлшынысы жаман болмайтыны түсінікті. Студент кезінде өлеңдері республикалық басылымдарға шығып тұрады. Журналистикаға ақын-жазушы емес, алдымен бұқаралық ақпарат құралына баратын елгезек тілші керек. Тілшілік – тіршілік! Ақындығың – хоббиің ғана. Онымен бала-шағаң тұрмақ, қарақан басыңды да асырай алмайсың. Еліміз тәуелсіздігін жаңа алып жатқан елең-алаң шақта жаңғырған заманның жарқырап шыққан күніндей болған «Жас Алаш» газетіне жегілген соң, өлең жазуды мүлдем қойып кетті. Басты орынға қара нан жегізіп отырған газет жұмысын, отбасының бақытын қойды. Бала-шағаны бағып жеткізудің өзі оңай емес тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстауына тап келген алтын жастығы күнделікті шығатын газеттің қарбаласы үстінде өтті. Ондай кезде шабыттың өзі тұра қашып кетпей ме? Кей-кейде миының бір саңылауында үнсіз бұғып, «өліп» жатқан «өлең» дейтін өнбес дүние бір жамбасына аунап түсіп, «тірімін» дегендей мазалайтыны бар. Ондай шабытты шумақтардың шылбырын сол арада шымыр түйіп тастап, кейбірін амалсыз түртіп қоюға тырысады. Бірақ «геометрияға да шабыт керек» деп Пушкин айтқандай, ақындық бабыңды өз деңгейінде ұстап тұру үшін де көп сызып, көп шимайлағанға не жетсін?! Сондайда «Бір кем дүние-ай» дейтіндей, іштей өкініші бары да жоқ емес. Есесіне, қолына түскен поэзиялық жинақтарды оқуды тоқтатқан емес. Ал ақмылтық журналист болғанына еш өкінбейді, қайта кәсібін мақтан тұтады. Мамандығының игілігін көрді, ел аралап, жер таныды. Ел мұның жазғанын енінен таныды. Атақ-абыройға бөленді. Ата-бабасы көрмеген шетелдерді аралады. Қысқасы, журналистика – бағы да, бақыты да, өмірінің мәні мен сәні де болды.
Берікті өзінің кіндік кескен туған жерінен бөліп қарай алмайсың. Бұл жағынан ол – бақытты. Берекесі шалқып тасыған, құт қонған сұлу Сырдың жағасында, Жаңақорған ауданы топырағында туып өсті. Ортағасырлық ежелгі қала Сығанақтың көне жұрты ауылымен жапсарлас жатыр. Қазақ хандығының астанасы болып дүбірлеген шаһар бір заманда. Дешті-Қыпшақтың айбынды әміршісі Әбілқайыр хан осы Сығанақта, Көк Кесенеде жерленген деседі. Алпамыс батырдың сұлу жары Гүлбаршынның ауылы Баршынкент бір бүйірде томпияды. Киелі нулы топырақтың ішіне бүккен сыры көп. Тек көкірек көзіңмен оқи білсең болғаны. Түркіге ортақ Түркістан шаһары, көшпендінің көзімен өлшесек, таяқ тастам жерде. Заманында орыс-қазағы аралас базары қайнаған қалашық болған Шиелің де шетте емес. Ал таспадай тілінген теміржолмен жүйіткіген пойыздың қай-қайсысы да мұның ауылы Төменарыққа тоқтамай өтпейді. Теміржолмен атам заманнан береке ілесе жүреді. «Арық жағалағанның аш өзегі талмайды» дегендей, теміржол жағалаған ердің де, жағалай қонған елдің де қашанда таршылық көргені жоқ. Өркениетке өзгелерге қарағанда бір табан жақын болады. Міне, осындай географиялық жағынан аса қолайлы орналасқан аймақта, Ұлы Жібек жолының бойында туған Берікке қалай қызықпассың.
Бүгінде ол керуен жолы Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық транзиттік автожолы болып ауылының тұсында сайрап жатыр. Бекең өскен қойнаудағы ауылды былайғы жұрт «бай ауыл» деп атап кетіпті. Соның бәрі ауылдағы кезінде мыңғырған малдың арқасы. Қоқаннан бұрын Хиуа хандығына қарапты бұл жақтың жұрты. Адамы да, малы да көп ауылдың асып-тасқан берекесі қалай дегенде де құтты өлкенің қойнауының арқасы. «Адамның адам болып қалыптасуы оның балалық шағының қалай өткенімен тығыз байланыс- ты» деседі. Рас шығар. Балауса дәурен балалық шағын, ата-анасының аялы алақанын, ата-әжесінің тәлім-тәрбиесін сағынбайтын адам жоқ қой. Алаңсыз асыр салған бала кез адам өмірінің ең аяулы шағы емес пе? Бұл күнде сағымдай болып алыста қалған, келмеске кеткен сол балдәурен балалық шағын Берік те елжірей еске алады. «Сағасын Сыр өзенінен алатын «Сунақата» мен «Қамысқақ» каналының арасында болған біздің ауыл бұрын. Қазір ол ауыл жоқ.
2004 жылдың көктемінде Сыр өзені аяқ астынан асау мінез танытып, бір мезгілде қоңырқай тіршілігімен тыныш жатқан елді мекенді тып-типыл етті. Жұрт аман. Халық үйлерін тастап, үдере көшті. Малын Қаратауға қарай айдаған ағайындар дәулетін осылай аман сақтап қалды. Бір жазда-ақ ауылдың келесі шетінен ақ шаңқан үйлер жаңадан бой түзеді. Ауыл тұтас күйде Төменарықтың кірер қақпасы жағына көшкен. Сөйтіп, біздің балалық балдәурен өткен «Қосканал» деген ауыл осылай тарих қойнауына кетті. Әлі күнге дейін «Қосканалдағы» ауыл түсіме енеді. Өйткені мен сол жерден қанаттандым, сол көшеден алыс арманға, Алматыға сапар шектім» деген Беріктің жан толқынысы тебірентеді. Тарихи тамыры терең Төменарықтағы Берік оқып бітірген мектепте Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, «Дос-Мұқасан» ансамблінің тұңғыш мүшесі, академик Мейірбек Молдабеков оқыған екен. «Адам баласы қандай биікке жетсе де, ең алдымен ұстаздың алдында бас иеді. Біз де ұстаздарымыздың алдында мәңгілікке қарыздармыз.
Адамның келешек мамандығының таңдауына үш нәрсе себепкер болатын сияқты. Ең алдымен, өзі, ата-анасы және ұстазы. Бұл орайда біз оқыған білім ордасында шын мәнінде мектептің жүрегі бола аларлық мұғалімдер сабақ берді деп айта аламын. Мен сөз өнеріне, журналистикаға біржола бет бұруыма себепкер болған ұстаздарыма бас иемін» деген Бекеңнің үлкеннің, ұстаздың алдындағы кішіпейілдігі жақсының қадіріне жақсының жететініне куәлік береді. Ауыл деген аты ғана болмаса, Төмен- арық бес мыңға жуық халқы бар, онға жуық басқа этнос өкілдері тұратын үлкен елді мекен. 11 жылдық үш орта мектебі бар. Осынау құт қонған ауылынан Алматыда тұрса да алыстай қоймаған Берік туған жеріне жиі ат басын бұрып тұрады. Жақсылығын өрнектеп жазып елге жаюдан жалықпайды. Кіндігі ауылына байланған қоңыр баласының алпыс жастың асуына аман шыққанына елі де қуанатын болар...
Төреғали ТӘШЕНОВ