Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген әрбір ұрпақ мектепте желтоқсан айы туысымен Тәуелсіздік күніне орай көріністер қоюға дайындалып жататын.
Көкіректі кернеген «ыңыл»
3,618
оқылды

Бір әннің тарихы

Ол көріністерде алаңға шыққан қазақ жастарынан басталып, абақтыдағы Қайрат Рысқұлбековтің сотта сөйлеген ақтық сөзімен өрбіп жататын. Қайраттың рөліндегі жеткіншектің басында қан жұққан ақ дәке, қолында кісен, қасқайып тұрып:

«Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар.

Алам десең, алыңдар.

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

Еркек тоқты құрбандық.

Атам десең атыңдар», – деп өлеңдете жөнеледі.

Кеш қорытындысы ретінде барлығы орындарынан тұрып «Желтоқсан желі» әнін орындайды. Бойына күйініш пен арман, өкініш пен намыс, қайта түлеп келе жатқан қайсар рух, аңсарды сыйдырған осынау азалы әнді орындап тұрып өңешімізге тас түйіп алушы едік. Әннің қайырмасы айтылып біткенде, сол әннің ырғағымен бір оқушы:

«Бабалар өлер,

Балалар келер,

Аналар берер тіршілік.

Гүлденер дала,

Түрленер қала,

Бұтаққа жаңа бүр шығып», – деп өлең оқиды. Әрі қарай азалы ән қайта жалғасады. Көріністі көріп отырған ата-аналар мен ұстаздардың ішінде ащы күрсініске толы «е, дүние-ай» деген сөздер де арагідік естіліп қалады. Біздіңше, қазақ мектептеріндегі әрбір көрініс осылай өтетін секілді... 

«Ыңылдың» әнге ұласуы

...Осынау азаттықтың арманы мен аңсарын, бодандықтың өкініші мен қайралған намысын, келер күнге деген үміт пен тілегін жеткізген ән қалай туып еді. Бұл туралы осы әннің авторы, композитор Әбиірбек Тінәлі былай дейді. «Ол кезде қазіргі Тараз бұрынғы Жамбыл қаласында Жамбыл облыстық қазақ драма театрында актер болып қызмет істейтін жас кезім. Үйіміздің жанында технология институтының жатақханасы болатын. 16 желтоқсан күні таңертең ұйқыдан оянғанымда сол тоғыз қабатты жатақханадан қыз-жігіттер ақ қар, көк мұзда ақ жамылғыны біріне бірін жалғап шығып жатқанын көрдім. Жұмысқа шығып, жаяу театрға бара жатқанымда есіктің алдында тұрған тәртіп сақшыларын да байқадым. Көңіліме бірден секем келді. Сөйтсек, сол күні қазақ жастары Алматыдағы Брежнев алаңында жиналып, Қонаевтың орынына Колбиннің ел басқаруға келгеніне қарсылық танытып бас көтерген екен. Оны сол күнгі шыққан газет беттерінен оқыдық. Онда қазақ жастарын есірткіге еліккен наркомандар деп айыптап, қалада бүлік салды деп жариялаған екен. Өз басым ол ақпаратқа сенбедім. Қаланың орталық алаңының маңындағы театрға жақындай бере кеудемде бір ыңыл пайда болды. Оның әу баста ән екенін білмедім. Тек қазақтың намысын жаныған оқиғаға, ел жастарына жағылған қара күйеге деген көкіректегі сайраған әлдебір дүниедей көрінді. Ыңыл барғанша күшейе түсті. Екі алақаным тас түюлі жұдырық болып, қарысып қалды. Сол күні Таразға ақын Әбдірахман Асылбеков ағамыз келе қалған екен. Ақынды тауып, сол ыңылдын емін іздедім. Әбдірахман ағаға жолыққанда «Аға, мен ыңылдай беремін, бірақ неге екенін білмеймін» дедім. «Ыңылдап көрші», – деді. Қасымда Жүніс Әлімбеков деген бүгінде Асқар Тоқпанов атындағы театрда бірге істейтін актер, әріптес досым бар. Содан бәріміз желтоқсан оқиғасын ән арқылы ашық айыптап жазбақ болдық. Үш күн бойы сол желтоқсанға дайындалдық. Себебі Алматыға жол жабық болды. Ешқандай көлікпен өткізбейді. Содан ақылдаса келе, бір-бірімізді сабырға шақырып, біз 1969 жылғы желтоқсандағы қысты меңзеп жазайық деп келістік. Себебі сол жылғы қыс қатты болып, өрістегі малдар тұрған жерінде аяздан қатып қалған екен. Бірақ сөз астарымен осы жастар қозғалысын сөз етеміз дедік. 

Осылайша, «Желтоқсан бірде,

Ел тосқан түрде,

Келетін мүлде жайдарлы.

Сол жылы бірақ,

Әдеттен жырақ,

Көрінді шын-ақ айбарлы», – деп сол 1969 дың қатал аязын меңзегендей болдық. Ол қатал қыстың өрісте жүрген мал болсын, далада қалған жолаушы болсын, ешкімді аямағанын суреттеген болдық.

«Тоңдырды мені,

Тоңдырды сені,

Желтоқсан желі ызғарлы.

Солдырды гүлді,

Оңдырды нұрды,

Көңілде мұңды із қалды», – деген жолдар осылай туды. Бірақ біз ән еткен желтоқсан желі ол желтоқсан емес екенін, ол аяз тәнімізді қарыған суық емес, жанымызды құрсаулаған намыстың аязы болатынын жұртшылық бірден білді», – дейді композитор. 

«Әнімізді тыңдап бір-бірімізді құшақтап жыладық...»

Бұл ән дүниеге келгеннен кейін ән тағдыры да оңай болмады. Себебі бірі бауырынан, бірі қызынан, бірі жарынан, бірі отбасы тірегінен айырылған халыққа айтылған жүрек әлдиін, жұбату сөзін жеткізбек болған қос өнерпаздың тауы басында шағылып қалған болатын. 

«20 желтоқсанда Алматыға жол ашылды. Сол күні Жүніс екеуміз сонда жол тарттық. Бара сала бірден Қазақ радиосына соқтық», – деп бастады Әбиірбек аға әңгімесін жалғай түсіп. «Сол радиода Степан Высочанский деген мықты таспаға үн жазатын кісі бар болатын. Сол кісімен келісіп отырып, таспаға әнімізді түсірдік. Дайын болғасын екінші қабатқа көтеріліп, әрбір сондағы кісінің есігін қақтық. Қолымызда үн таспа. Бір есікті ашсақ толықша келген келіншек отыр екен. «Апай, осындай әніміз бар еді, осыны эфирге жібере аламыз ба», – деп қолқа салдық. Әніміздің мазмұнымен танысқасын әлгі апай «Мен жұмыссыз қаламын, отбасылы адаммын», – деп бас тартты. Сосын эфирге берілмейтініне көзіміз жеткесін, күдерімізді үзіп, көңілсіз кейіпте радиодан шыға берсек бір жігіт жолықты. Шашын артқа қайырған, көзі көкшіл, жіңішке болғанымен дауысы зор, жуан дауысты жігіт екен. Ол біздің қолымыздағы домбыраны көріп, «Кімсіңдер?» «Қайдан жүрсіңдер?», – деп жөн сұраса бастады. Жөнімізді айттық. Ол өзін Азаттық радиосының қазақ бөлімшесінің Алматыдағы меншікті тілшісі Қиял Сабдалинмін деп таныстырды. Біздегі жағдаймен танысқасын бізді бастап екінші қабатқа қайта алып шықты. Үлкен дәліздің шетіне таяу өзінің бір бөлмелі кеңсесі бар екен. Сол бөлмеге кіргізіп, әнімізді тыңдады. Әңгімеге тартты. Біз Жамбыл қаласынан келе алмағанымызды, қазақ радиосынан әнімізді бермегенін, еліміздегі жағдайға алаңдаулы екенімізді, көңіліміздегі бар кірбіңді айтып салдық. Ұзақ әңгімеден соң «Сендер қайда тоқтадыңдар, қайда жатырсыңдар?», – деп сұрады. Біз «Қазақстан» қонақүйінің 23 қабатында жатқанымызды, бүгін қайтатынымызды айттық. «Онда сендер бүгін қайтпаңдар», – деп қолымызға бір қатты қағаз ұстатты. Сыртында Азаттық радиосы Германия, Мюнхен қаласы деп, ішінде ол радионың қай толқында хабар таратыны жазылыпты. Бізге радио сатып алуымызды, сосын осы әуе толқынға кешкісін қосуымызды тапсырды. Сонда бағдарлама болатынын, біздің әніміз берілетінін айтқанда таң­данысымызды жасыра алмадық. Қонақүйдегі бөлмемізге келіп, Азаттық радио­сының әуе толқынын қосып қой­дық. Айтылған уақытында  Құрман­ғазы ор­кестірінің орындауында Құрман­ғазының бір күйі саңқылдап қоя берді. Сосын диктор сөйледі. «Алматыдағы кешегі болған оқиға тура­лы біздің меншікті тілшіміз Қиял Сабдалин әңгі­мелейді», – деді. Ол кісі біздің өзара әңгімемізді жазатынын айтса қобалжиды деп ойлады ма екен таспаға түсіріп, жазып алыпты. Сол бір сағаттық ашу-ызаға толы, риясыз өкпе ренішімізді айтқан әңгімемізді радиодан берді. Ол сұхбатты тыңдап отырып, өзіміздің айтқан ойларымызға таң қалдық. Сол сәттегі көңіл күй райы­мен ел жайлы, егемендік жайлы біраз қызба әңгіме айтқан екенбіз. Со­сын әніміз шырқалды. Бірінші шумағы біте бере Жүніс екеуміз жәутеңдеп қарап, бір-бірімізді құшақтап жылап қалдық. Неге екенін білмейміз. Кейіннен ойлап отырсам, қу намыстың аяққа тапталғаны үшін, ел жайын, болашағын ойлап жылаған екенбіз. Біздің қаншама қыр­шын кеткен қазақ жастарының рухына арналған әніміз сол арыстарынан айырылған халыққа жетсе екен деген ниетіміз алғашқыда жете алмай қалғанына налыған едік. Осылайша, «Желтоқсан желі» әні Қиял Сабдалин ағамыздың арқасында тура сол 1986 жылдың 20 желтоқсанында таспаға түскен күні Азаттық радиосынан кешкі сағат 19.30 да халыққа жол тартты. Марқұм Қасен Оралтай ағамыз ол кезде директор, сол кісінің жазбасынан оқып қалдым. Бес жыл бойы желтоқсан оқиғасына екі ай уақыт қалғанда күн сайын бір-екі шумағынан радиодан беріп отырыпты. Мен ол радиоға екі әнімді берген болатынмын. Бірі сол – «Желтоқсан желі» болса, екіншісі – Исраил Сапарбай ағамыздың сөзіне жазылған «Қайрау», – деген әнім еді. 

«Мұңайма бала, қайғырма бала

Өмірге қанат жайдың ба жаңа

Әнімді менің, жанымды менің

Жарқырап жатқан айдынға бала 

Өксіме бала, өкінбе бала 

Қалқыма судың бетінде ғана 

Талабың егіз, тағдырың теңіз 

Жағаға талпын, жетуге жаңа», – деп келетін әнді бүгінде Мейрамбек Беспаев орындап жүр. Сөйтсек, ол өлеңді Исраил ағамыз да желтоқсан оқиғасына арнап жазыпты. Бұл әнім де сол «Желтоқсан желімен» бірге беріліп отырған екен. Бес жылдан кейін Колбин кетті. Колбин кеткеннен кейін Қазақ радиосы әнімді эфирден берді», – дейді талантты сазгер ағамыз. 

Бұл әнді автордың орындағанындай әсерлі әншіні кезіктіре алмайсыз. Себебі Әбиірбек ән басталарда ыңылдап алады. Сол бір ыңыл бүкіл қазақ жастарының көкірегінде қаншама жыл бойы қатып-семген қайсар рухтың азаттыққа ұмтылған ыңылы секілді. Бұл ыңыл – қызыл саясаттың салған қырғынына, тоталитарлық жүйеге деген өшпенділік, тәуелсіздікке деген ұмтылыс. Әбиірбек аға ән салғанда халық басынан кешірген ауыр-зұлматты өз басындағы ішкі шермен сабақтастыра шырқайды. Сау санаңды есіртетін әндер жазбай, ел басынан өткен тарихқа көбірек жүрек тербететін әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері халыққа «Анамның тілі», «Фариза», «Толғанай», «Желтоқсан желі», «Әттең-ай», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ас-суың ба еді, атаңнан қалған?» сияқты әндерді берді. 

Бір өкініштісі, осынау халық жүрегінің төрінен ойып алған әндердің авторы бүгінде екінінің бірі, егіздің сыңары иемденіп жүрген атақ-марапаттан ада. Дегенмен композтордың бағасын ұлы уақыттың өзі беріп қойған. Қырық жылға жуық уақыт бойы жұрт жадынан бір сәт шықпаған әндері соған дәлел болмақ.

Наурызбек САРША