Алматы облысы прокуратурасы жүргізген талдау интернет желісінде, соның ішінде танымал блогерлер, спортсмендер және әртістердің парақшаларында тағамға биологиялық белсенді қоспалардың қасиеттерін асыра сілтеумен жарнама таратылып отырғанын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы облысының прокуратурасы жазғандай, әлеуметтік желілерде NEOSAUMAL, SAUMAL сублиматтау әдісімен құрғақталған бие сүті қант диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды емдейтін бірегей өнім ретінде белсенді жарнамалануда. Азаматтардың шағымдарын назарға ала отырып облыс прокуратурасының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен өнім жарнамасының растығы тексерілді.
"SAUMAL тағамға биологиялық белсенді қоспа ретінде жалпы нығайтушы, иммунды ынталандырушы, тыныштандырғыш өнім ретінде тіркелгені анықталды. Басқаша айтқанда, дәрілік қасиеті жоқ және жарнамада көрсетілген ауруларды емдеуге қабілетті емес", – деп жазылған хабарламада.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 56-бабының 2-бөлігіне сәйкес биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы анық болуға, арнайы білімсіз немесе арнайы құралдарды қолданбай түсініліп-танылуға, тұтынушылардың сенімін теріс пайдалану арқылы оларды жаңылыстырмауға тиіс.
Кодекстің 56-бабының 3-тармағының 11) және 13) тармақшалары бойынша жарнамада қан диабетін, онкологиялық және басқа ауруларды емдеу тәсілдерін, биологиялық белсенді қоспаларды бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға тыйым салынған.